26.11.2025, 12:00
Оқылды: 151

Электр желілері қайта құрылмақ

Батыс Қазақстан облысындағы электрмен жабдықтау саласы соңғы жылдары кең көлемде жаңартылып келеді. Таяуда бұл бағыттағы негізгі жұмыстарды жүзеге асырып отырған «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-ның бас директорының міндетін атқарушы Асқар Ғасин кәсіпорынның инвестициялық қарқыны, тарифтердің өзгеру себептері және 2025–2026 жылдарға жоспарланған міндеттер туралы жан-жақты баяндады. Оның айтуынша, электр энергиясының тұрақтылығы мен қауіпсіз жеткізілуін қамтамасыз ету – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін аса маңызды міндет, сондықтан компания инфрақұрылымды жаңартуды жүйелі түрде жалғастыруда.

WhatsApp Image 2025-11-25 at 11.11.41

Баяндамашы, алдымен, кәсіпорынның мәртебесіне тоқталды. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап электр энергиясын бөлшек саудада сату қызметі тікелей осы мекемеге бекітілген. «Батыс Қазақстан РЭК» табиғи монополия субъектісі ретінде энергияны беру және тарату бойынша реттелетін қызмет көрсетеді, сондықтан тарифтердің қалыптасуы заңнамамен қатаң реттеледі. Ұлттық жобаға сәйкес инвестициялық бағдарламаның ұлғаюына байланысты. 2025 жылдың 10 маусымынан бастап электр энергиясын беру және тарату тарифі ҚҚС-сыз 11,31 теңге мөлшерінде бекітілді. Ал 2025 жылдың 5 тамызындағы түпкі тұтынушыға қатысты орташа босату тарифі ҚҚС-сыз – 29,04 теңге, ҚҚС-пен 32,52 теңге болды.

– Тарифтің өсуіне қатысты қоғамда сұрақ көп екені белгілі. Бірінші себеп – электр қуатының жүктемеге дайын болуын қамтамасыз ету қызметтерінің қымбаттауы. Бұл бағыттағы қызметтерді көрсететін «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау бойынша есеп-айырысу қаржы орталығы» тарифті 20 пайызға көтерген. Екінші себеп – электр энергиясын Біртұтас сатып алушыдан сатып алу құнының артуы. Сонымен бірге «Инвестицияға айырбасталған тариф» бағдарламасы аясында 531,2 млн теңге көлемінде қосымша инвестициялар енгізу қажет болған. Осындай өзгерістер электр энергиясын беру құнының көтерілуіне, транзиттік тарифтің 31 пайызға ұлғаюына әсер етті. Үшінші фактор – Ресей Федерациясынан импортталатын электр энергиясының 48,62 пайызға арзандауы. Бұл оң өзгеріс болғанымен, жалпы тарифтің қалыптасуына айтарлықтай әсер ете қоймады. Төртінші себеп – 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ-ның БҚФ газ бағасын 72,5 пайызға көтеруі. Бұл жылу-энергетикалық жүйелердің өзіндік құнына әсер етеді, – деді ол.

2026 жылдағы тариф болжамы да жарияланды. Ұлттық жобаны жүзеге асыру, 2025 жылы туындаған шығындарды өтеу, Біртұтас сатып алушы тарифінің өсуі және компания қызметкерлерінің орташа жалақысының көтерілуі тарифтің өзгеруіне тікелей ықпал етпек. Алдын ала есеп бойынша 2026 жылы электр энергиясын беру және тарату тарифі ҚҚС-сыз 17,25 теңге/кВт·сағ болады. Осыған сәйкес түпкі тұтынушы үшін орташа босату тарифі шамамен 25 пайызға өседі. Асқар Ғасиннің айтуынша, компания үшін негізгі басым бағыттардың бірі – электр желілерін уақтылы жөндеу және тозығы жеткен инфрақұрылымды жаңарту. 2025 жылға арналған жөндеу бағдарламасына 500 млн теңге қарастырылған. Жоспар бойынша 709,84 шақырым болатын 0,4–110 кВ әуе және кабель желілері, 22 қосалқы станса, 164 жинақтық трансформаторлық қосалқы станса жөнделуі тиіс болатын. Алайда нақты орындалған жұмыс көлемі бұл көрсеткіштен асып түсті. Бүгінде 716,85 шақырым желі жөнделді, 16 қосалқы станса және 218 жинақтық трансформаторлық станса жаңартылып, 2607 тіреу бағаналары ауыстырылды. Ескі және апатты жағдайдағы сымдар мен тіректер алмастырылып, ЖТҚС пен ҚС электр жабдықтары жаңартылды. Барлық жұмыстар бекітілген кесте бойынша атқарылып, жыл соңына дейін толық аяқталмақ.

– Компанияның ірі инвестициялық бағдарламасы белсенді іске асуда.  Жалпы құны 1 151,98 млн теңгені құрайтын бағдарлама аясында 54 шақырым желіні жаңарту жоспарланды. Қазіргі таңда физикалық орындалу көлемі 88 пайызды құрайды. Негізгі жобалар қатарында Орал қаласы бойынша 0,4–10 кВ әуе және кабель желілерін қайта жаңғырту, облыс аудандарындағы 0,4–10 кВ желілерді жаңарту, 35 кВ желілердегі тіректерді ауыстыру және 110 кВ №153 «Тасқала–С. Мар» желісіндегі тіректерді алмастыру жұмыстары бар. Сондай-ақ «Чаган», «Пермская», «КССР-дың 60 жылдығы», «Ақтай», «Тасқұдық» сияқты қосалқы стансаларда трансформаторлар жаңартылуда. ПС «Ақшат» (110/35/10 кВ) пен ПС «Көктем» (35/6 кВ) стансаларында реконструкция және реклоузерді ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. «Ардагер», «Кемеңгер», «Береке», «Қабыршақты», «Бейбітшілік» қосалқы стансаларында 10 кВ ажыратқыш жаңартылды. Бұдан бөлек радиорелелік байланыс стансасы орнатылып, АСКУЭ жүйесі енгізілуде. Жекелеген ірі жобалар бойынша мердігерлер де белгілі. Мәселен, ПС «Жанама» және ПС «Покатиловка» стансаларын қайта құру жұмыстарын «ҚұрылысГаз» ЖШС атқаруда. Ал Орал қаласы бойынша 0,4 кВ кабель желілерін қайта құру жобасы «Жайық Жарығы» ЖШС-ға тапсырылды, – деді Асқар Бейбітұлы.

«Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС жүзеге асырып жатқан инвестициялық бағдарламаның бір бөлігі республикалық және жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. 2025 жылы осындай төрт маңызды жоба іске асырылуда. Олар облыстың бірнеше ауданындағы тозығы жеткен желілерді қайта құрып, ауылдық аймақтардағы электрмен жабдықтау сапасын айтарлықтай жақсартуға бағытталған. Бірінші жоба – Ақжайық, Бәйтерек, Тасқала аудандары мен Орал қаласындағы 110 кВ әуе желілерін қайта жаңғырту. Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын бұл ауқымды жұмыстың құны – 2,521 млрд теңге. Екінші жоба – Бөрлі ауданының Приурал ауылындағы электр желілерін қайта құру. Бұл да республикалық бюджет қаражаты есебінен іске асып жатыр, құны – 235,8 млн теңге. Үшінші бағыт – Шыңғырлау ауданындағы 0,4 кВ әуе желілері мен 10/0,4 кВ жинақтық трансформаторлық қосалқы стансаларды (ЖТҚС) жаңғырту. Оның жалпы құны 267,8 млн теңге, қаржыландыру көзі – республикалық бюджет. Төртінші жоба – Бөкей ордасы ауданының Хан Ордасы ауылындағы электр желілерін қайта құру. Бұл жоба 330,3 млн теңге жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылуда.

– «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша 2025–2026 жылдары жалпы құны 10 млрд теңгені құрайтын үш ірі жоба қолға алынды. Бұл жұмыстар облыс аудандарындағы электр желілерінің қызмет мерзімін ұзартуға және апатты жағдайларды азайтуға мүмкіндік береді. Барлық үш жобаның ағымдағы жылы орындалу жоспары – 30%, ал қалған 70% 2026 жылға өтпелі. Келер жылға арналған инвестициялық бағдарлама аясында жалпы көлемі 640,584 млн теңгені құрайтын жұмыстарды жүзеге асыру жоспарлануда. Бағдарламаның негізгі бағыты – электр желілерін кезең-кезеңімен жаңарту, тозған элементтерді ауыстыру және облыстың электрмен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыру. Жоспарланған жұмыс көлеміне 48,68 шақырым кабельдік және әуе желілерін қайта құру, тірек бағаналарын алмастыру, трансформаторлар мен ажыратқыштарды жаңарту, сондай-ақ вакуумдық реклоузерлер орнату кіреді. 2026 жылы Орал қаласында 10 кВ кабельдік желі 2,62 шақырымға жаңартылып, бұл жұмысқа 65 405,93 мың теңге қарастырылған. Бұдан бөлек 0,4 кВ кабельдік желілерді 1,921 шақырым көлемінде қайта құру көзделуде, оның құны – 50 636,42 мың теңге. Қала аумағындағы 10 кВ әуе желілерін 4 шақырымға жаңарту үшін 45 580,34 мың теңге, ал 0,4 кВ деңгейіндегі әуе желілерін 3 шақырымға қайта құру үшін 41 943,75 мың теңге бөлінген. Аудандардағы электр желілерін жаңарту жұмыстары да ауқымды. Алдағы жылы облыс аудандары бойынша 10 кВ әуе желілерінің 15 шақырымы қайта құрылып, бұл мақсатқа 100 233,79 мың теңге бағытталмақ. Ал 0,4 кВ желілерінің 22 шақырымы жаңартылып, оның жалпы құны 133 872,26 мың теңге болмақ. Бұдан бөлек 35 кВ әуе желілерінде орналасқан тозған тіректерді кезең-кезеңімен ауыстыру жоспарда бар. Зеленый–Логашкин, Жәнібек–Бисен, 40 лет–Мартыново, Бударин–Янайкин және Придорожный–Тихонов бағыттарында 70 дана аралық тірек жаңартылып, бұл жұмыстарға 40 131,00 мың теңге бөлінеді. Осы бағыттардағы анкерлік тіректерді ауыстыру үшін 30 дана тірек орнатылып, 29 337,90 мың теңге қарастырылған. Бұдан басқа 110 кВ желілеріндегі тіректерді жаңарту жұмыстары да жүргізіледі. Қарашығанақ–Шыңғырлау және Жымпиты–Қаратөбе бағыттарында 16 дана аралық тірек ауыстырылып, оған 19 227,60 мың теңге жұмсалмақ. Жергілікті желілердегі трансформаторлар мен басқа да электр жабдықтарын жаңарту да жоспарланған. Атап айтқанда, ТОЛ-10 желілерінде 10 кВ ток трансформаторларының 5 данасы ауыстырылып, бұл жұмысқа 3 183,47 мың теңге бөлінеді. НАМИТ-10 кВ желісі бойынша екі дана 10 кВ трансформатор орнатылып, оған 2 199,49 мың теңге көзделген. Қосалқы стансаларды жаңғырту – 2026 жылғы бағдарламаның маңызды бөлігі. 110/35/10 кВ «Калмыков» қосалқы стансасында 110 кВ деңгейіндегі ажыратқыш электргазды жаңа жабдыққа ауыстырылып, оның жалпы құны 19 022,26 мың теңгені құрайды. Ал 35/10 кВ «Тереңкөл» қосалқы стансасында 35 кВ вакуумдық реклоузер орнатылады, бұл жұмысқа 14 995,32 мың теңге бөлінеді. «Деркөл» қосалқы стансасында 10 кВ майлы ажыратқыштардың орнына заманауи вакуумдық жабдықтар қойылып, екі дана ажыратқышты алмастыру үшін 9 950,72 мың теңге қарастырылған. Байланыс инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында бір дана РРЛ радиорелелік стансасы орнатылып, оған 49 240,00 мың теңге бағытталады. Сонымен бірге энергия тиімділігін арттыру және кәсіпорынның басқару жүйесін цифрландыру үшін ЭТБЕАЖ енгізу жұмыстары жүргізіліп, бұл жобаға 15 624,13 мың теңге бөлінеді. 2026 жылы 2025 жылдан өтпелі болып қалған ірі инфрақұрылымдық жобалар толық көлемде аяқталады. Олардың қатарында Жәнібек ауданының «Жақсыбай–Талов», Тасқала ауданының «Паника–40 лет КССР» және «Пятимар–Жаңаталап» бағыттарындағы 35 кВ әуе желілерін қайта құру, сондай-ақ Жаңақала ауданында «Жаңғала–Маштексай» желілерінің құрылысы бар. Бөрлі, Шыңғырлау және Қаратөбе аудандарындағы ӘЖ-10, ӘЖ-0,4 кВ және КТП-10/0,4 кВ нысандарын жаңарту жұмыстары аяқталады. Орал қаласындағы 0,4 кВ әуе желілерін қайта құру жобасы да толық іске асырылады, – деген Асқар Ғайсин осы жұмыстардың жүзеге асуы облыс бойынша электрмен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттырып, апатты жағдайларды азайтып, техникалық шығындарды төмендетуге мүмкіндік беретінін атады. 2026 жылғы инвестициялық бағдарлама өңірдің энергия инфрақұрылымын нығайтып, тұтынушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған кешенді шараларды қамтиды.

Аружан Аманжол,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале