5.09.2024, 11:30
Оқылды: 83

Электронды еңбек шарттары жасала ма? – маман жауабы

– Жас маман ретінде жеке компанияда еңбек жолымды бастағалы отырмын. Жұмыс беруші мен қызметкер ретінде екі арада қандай келісімшарттар жасалады? Электронды келісімшарт жасала ма? Еңбек кітапшасын сатып алайын десем, кадр бөліміндегі маман қазір оның қажет еместігін, электронды еңбек шарты жасалатынын айтты. Осынысы дұрыс па?

Айнұр Елемесова

Орал қаласы

93649D73-180A-473E-8D70-06A39753755B
Әсел Тұрымова

БҚО мемлекеттік еңбек инспекторы:

– Жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында жазбаша келісім, яғни еңбек шарты жасалады. Соған сәйкес жұмыскер белгілі бір жұмысты (еңбек функциясын) жеке өзі орындауға, еңбек тәртібін сақтауға міндеттеледі. Ал жұмыс беруші жұмыскерге келісілген еңбек функциясы бойынша жұмыс беруге, Еңбек кодексінде, еліміздің заңдарында және  өзге де нормативтік-құқықтық актілерінде, ұжымдық шартта, жұмыс берушінің актілерінде көзделген еңбек жағдайын қамтамасыз етуге, жұмыскерге уақтылы және толық мөлшерде жалақы төлеуге міндетті (ҚР Еңбек кодексінің 1-бабы 1-тармағының 36-тармақшасы). Еңбек шарты жасалынбай жұмысқа тартуға болмайды. Жұмыс берушінің кінәсінен еңбек шарты ресімделмеген жағдайда, ол тиісті заңдарда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады.

Еңбек шарты жазбаша кемінде екі дана жасалады және оған тараптар қол қояды.

Еңбек шартының бір-бір данасы жұмыскер мен жұмыс берушіде сақталады. Еңбек шартын жасау, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу электронды цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электронды құжат түрінде жүргізілуі мүмкін. 2023 жылғы қазанда HR.Enbek.kz еңбек ресурстары порталында электронды еңбек шарттарын жасасу жөніндегі функционал іске қосылды. Қызметкерлер құжатқа портал және Enbek HR мобильді қосымшасы арқылы қол қоя алады. Бұрын еңбек шарттары қағазда жасалып, олар туралы ақпаратты кадр қызметтері Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізген. Енді жұмыс берушілерге қажетті мәліметтерді толтыру үшін ыңғайлы конструкторды пайдалана отырып, порталда, оның ішінде «Еңбек шарттары» бөлімінде құжаттың жобасын жасауға немесе шарттың жеке файлын жүктеп, жұмыскердің жеке кабинетіне қол қоюға жіберуге мүмкіндік берілді. Жаңа функция Enbek HR мобильді қосымшасында қолжетімді. Қосымшаны AppStore мен PlayMarket-тен жүктеп алуға болады.

Қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжаттардың бірі – еңбек кітапшасы.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы №929 бұйрығымен «Еңбек кітапшаларының нысанын, оларды жүргізу және сақтау қағидалары» бекітілген. Онда қызметкердің еңбек кітапшасына қызметкер туралы мәліметтер: тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), туған күні, білімі, біліктілігі, мамандығы, жұмысы туралы мәліметтер: жұмысқа қабылдау, басқа жұмысқа ауыстыру, еңбек шартының тоқтатылуы, марапаттаулар мен көтермелеулер туралы мәліметтер жазылады. Қызметкерге қатысты тәртіптік жаза қолдану туралы жазбалар еңбек кітапшасына енгізілмейді.

Еңбек кітапшасындағы еңбек шартын жасау не оны тоқтату, басқа жұмысқа ауыстыру, сондай-ақ марапаттаулар мен көтермелеулер туралы барлық жазба араб сандарымен жазылады (күні мен айы екі таңбалы санмен, жылы толық көрсетіледі) және оларды бірінші басшы не ол уәкілеттік берген лауазымды адам жұмыс берушінің тиісті актісі жарияланғаннан кейін енгізіледі және жазбалар оның мәтініне сәйкес келуге тиіс. Еңбек шарты тоқтатылған кезде, жазба еңбек кітапшасына еңбек шарты тоқтатылған күннен кешіктірілмей  енгізіледі.

Егер қызметкер жұмыс істеп жүрген кезде жұмыс беруші мекеме, ұйымның атауы өзгерсе, онда тиісті жазба жазылып, атауын өзгерту негіздемесі (заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманың күні мен нөмірі немесе жеке тұлғаның – жұмыс берушінің жеке куәлігі) көрсетіледі. Еңбек кітапшасында қызметкердің еңбек қызметі туралы жаңсақ немесе нақты емес жазбалар анықталған жағдайда, өзгерістерді тиісті жазбаны енгізген жұмыс беруші жүзеге асырады. Жаңсақ немесе нақты емес жазбаларды енгізген жұмыс беруші – заңды тұлға қайта ұйымдастырылса, өзгерістерді оның құқықтық мирасқоры енгізеді.

Қызметкердің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) және туған күні туралы жазбаларды өзгертуді жеке басын растайтын құжаттардың, неке туралы, некені бұзу туралы, тегін, атын, әкесінің атын өзгерткені туралы куәліктердің негізінде соңғы жұмыс орны бойынша жұмыс беруші жүргізеді. Қызметкермен еңбек шарты тоқтатылған кезде, жұмыс берушіде жұмыс істеген уақытында еңбек кітапшасына енгізілген жұмысы, марапаттаулар мен көтермелеу  туралы барлық жазба бірінші басшының не ол уәкілеттік берген лауазымды адамның қолымен, ұйымның мөрімен (ол болған кезде) расталады.

Еңбек кітапшасындағы барлық бет толтырылған жағдайда, еңбек кітапшасының соңғы парағы мен мұқаба арасына оған қосымша парақ қосылады. Ондағы жазбалардың нөмірленуі еңбек кітапшасындағы жазбалардың нөмірленуін жалғастырады. Еңбек кітапшасы болмаса, қосымша парақ жарамсыз.

Қызметкердің қалауы бойынша еңбек қатынастарының қолданылу кезеңінде еңбек кітапшасы жұмыс орны бойынша жұмыс берушіде сақталады. Кадр қызметі не жұмыс беруші уәкілеттік берген лауазымды адам еңбек кітапшалары мен олардың қосымша парақтарын есепке алу кітабын жүргізеді, онда қызметкерлерден қабылдап алынған және қызметкерлерге берілген барлық еңбек кітапшасы тіркеледі.

Еңбек шартының тоқтатылуына байланысты қызметкер еңбек кітапшалары мен олардың қосымша парақтарын есепке алу кітабына қолын қояды. ҚР Еңбек кодексінің 62-бабының 1-тармағына сәйкес жұмыс беруші еңбек шарты тоқтатылған күні жұмыскердің еңбек қызметін растайтын құжатты, еңбек кітапшасын беруге міндетті. Қызметкер қайтыс болған жағдайда еңбек кітапшасы оның туыстарына қол қойғыза отырып беріледі немесе олардың талаптары бойынша пошта арқылы жіберіледі. Еңбек шарты тоқтатылған кезде қызметкерлер не қызметкер қайтыс болған жағдайда оның жақын туыстары алмаған еңбек кітапшалары ұйымның кадр қызметінде қалған еңбек кітапшаларынан бөлек екі жыл бойы сақталады.

Гүлбаршын Әжігереева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале