Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионатын жеңіспен бастады. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясы хабарлады.
Фото: ktf.kz
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 39-орында тұрған украиналық Марта Костюкпен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда Рыбакина 2:0 есебімен алға шықты. Бұдан кейін М.Костюк есепті қысқартқанымен, қазақстандық спортшы сетті тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:2.
Екінші сетте Елена қарқынын тіпті үдетті – 6:1.
Сағат жарымға жуық уақытқа созылған бәсеке барысында Рыбакина 2 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың бесеуін мүлт жібермеді. Қарсыласы 4 эйс, 1 брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті.
Елена Рыбакина үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 122-ракеткасы, мажарстандық Панна Удварди немесе рейтингте 127-сатыдағы аустралиялық Айла Томляновичтің біреуімен кездеседі.