Ел-жұрты ерекше қадірлеген ерлер қай кезде де, қай жерде де болған, тек олардың қарасы анабір көп емес сияқты. Олай дейтініміз, аядай ауылдың ғана емес, тұтастай аймақтың мақтанышына айналып, жарқын ғұмыр кешу – кез келгеннің маңдайына бұйырмас бақыт қой. Біздің бүгінгі әңгімеміздің арқауы болып тырған нағыз еңбекторысы Болат Бақаев сондай азаматтардың бірі һәм бірегейі болатын.
...Әскери-теңіз флотында төрт жыл шыңдалып, 1959 жылы туған ауыл-аймағына оралысымен, ол бірден әке таяғын ұстады. Сол кездегі Фурманов ауданына қарасты Калинин атындағы колхоз басқармасы жас жігітке бір отар саулықты сеніп тапсырды. Қойлы ауылда ержеткен ұл әп дегеннен шаруаға икемділігімен көзге түсіп, еңбек көрсеткіштері жыл санап артты. Ал 1963 жылы бес колхоз біріктіріліп, «Жұлдыз» совхозы құрылды. Жалынды жастың жұлдызы да осы кезде жарқырай жанды. Араға екі жыл салып, яғни 1965 жылы Б. Бақаев жас шопандардың республикалық слетіне делегат болып қатысып, ЛКСМ Орталық Комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Апталап айлар, жылжып жылдар өтіп жатты. Бұла күші бойын кернеген еңбекқор азаматтың аты біртіндеп ілтипатпен ауызға алынып, өзі алқалы жиындардың төрінен орын ала бастады. Әрине, бұған асқар тау әкесінің мол тәжірибесі мен ақыл-кеңесінің тигізген пайдасы шаш етектен. Басқасын айтпағанда, 1977 жылы ол бағымындағы әр жүз саулыққа 154-тен қозы, әр қойдан 4,6 келі жүн алып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Бұл – ерен еңбек, толағай табыс. Осылайша оның есімі аудан асып, күллі облысқа танылды. Суреті құрмет тақтасына ілінеді. Сол жылдары кеңшарда шопан ата таяғын ұстағандардың көш бастаушысы – Социалистік Еңбек Ері, атағы алыстарды шарлаған Сағындық Ерешев еді. Ол кісі де Болаттың аяқ алысына сүйсініп, кездескен сайын өзінің ақ батасын беруден жалықпады. Ағалық мейіріммен құшағына қысып, ауыл атын асқақтата беруге игі тілектестігін білдіріп отырды.
Иә, ел-жұртына қадірі артып, ғибратты ғұмыр кешкен Бақайдай әкеден, атағынан ат үркетін Сағындықтай ағасынан көргені мен көңілге түйгені мол Болат қайдан осал бола қойсын! Тек өмір-өзен ағысымен бүгінде есімі естелікке айналып, оны көріп-білген жандардың қатары сиреп барады. Әрі осынау ардақты азаматтың ІІІ, ІІ дәрежелі Еңбек даңқы орденін өңіріне тағып, есімі облыстың «Еңбек даңқы» кітабына жазылғанын да айта кеткен артық болмас. Ең өкініштісі, аталған орденнің І дәрежесіне ұсынылған құжаттар Мәскеуге жетіп тұрған кезде Одақ тарап кетіп, оны ала алмай қалғанын біреу білсе, біреу білмесі хақ. Мұны тек сол уақытта ат үстінде жүрген азаматтар жақсы біледі. Егер ол бұйырған болса, бүгінде ағамыздың есімі Еңбек Ерлерімен тең дәрежеде аталған болар еді. Қазақтың қабырғалы қаламгері Шерағаңша айтсақ, бір кем дүние!
Ел – ерімен көрікті. Біз бүгін сонау Жалпақталдың Қарасу ауылында қарапайым еңбегімен ел құрметіне бөленген Болат Бақаев есімін ел есінде қайта жаңғыртып отырмыз. Көңіл түкпіріндегі оймақтай бір ой – жерлестері оның есімін де, еңбегін де ұмытпай, туған жерінде бір көшеге атын берсе дейміз. Бұл сүйікті жары Ұмсынғаным жеңгеміз екеуінің бауырынан тараған ұл-қыздардың да назарында жүрсе, тіптен құба-құп. «Аруақ разы болмай, тірі байымайды» деген аталы сөз, сірә, тегін айтылмаса керек.
Меңдібай Ақмурзин,
еңбек ардагері,
Орал қаласы
Суретте: Болат Бақаев пен Социалистік Еңбек Ері
Сағындық Ерешев (1985 жыл)