1.08.2024, 17:15
Оқылды: 200

Елімізде «Мектепке жол» акциясы басталды

Батыс Қазақстан облысы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Мектепке жол» республикалық акциясының басталғаны туралы баспасөз конференциясын өткізді. Брифингке спикер болып келген облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Луара Батырғалиева «Мектепке жол» республикалық акциясы жөнінде көптеген мағлұмат айтып, қалай жүргізілетіні жөнінде баяндады.

жп мектеп

– Жыл сайын өткізілетін дәстүрлі республикалық «Мектепке жол» акциясының негізгі мақсаты – мектеп оқушыларын жалпыға бірдей міндетті біліммен қамтамасыз ету. Табыс-кірісі аз және көпбалалы отбасылардың ұлқыздарына, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық қолдау көрсету де – «Мектепке жолдың» негізгі мұраты. Сонымен қатар әртүрлі әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бара алмай қалуының алдын алу да аталмыш іс-шара аясында назардан тыс қалмауы тиіс, – деді Луара Қайрекенқызы.

Акция туралы егжей-тегжейлі ақпаратпен таныстырған Л. Батырғалиева «Аталмыш акция 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығын қамтиды. 2024 жылдың ІІ тоқсанының қорытындысы бойынша жергілікті бюджет есебінен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысы негізінде жалпы білім беру қорынан 10 370 балаға көмек көрсетілді.

Жалпыға бірдей білім беру қорынан келесі санаттарға көмек көрсетіледі:

1) Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардың перзенттеріне;

2) Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардың ұл-қыздарына;

3) Өзге отбасылардағы тәрбиеленетін жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;

4) Төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардың  балаларына;

5) Білім беру ұйымының алқалы басқару құрылымы (органы) айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына.

Биылғы жылы облыс бойынша жалпыға бірдей білім беру қорынан оқушыларға (кеңсе тауарлары, мектеп формасы, спорттық киім, аяқ киім және т. б. сатып алуға) 450,0 млн теңге қаражат қарастырылған.

Бүгінгі күнге 1 001 оқушыға жалпы мөлшері 43,4 млн теңгеге ата-аналардың карт-шоттарына аудару арқылы 43 407 теңге көлемінде ақшалай көмек көрсетілді», – деп нақты ақпараттармен де бөлісті.

– Еліміздің, өңіріміздің мүмкіндігі бар әрбір азаматын табыс-кірісі аз және көпбалалы отбасылардың ұл-қыздарына атаулы көмек көрсетуге, «Мектепке жол» ісшарасына белсенділік танытуға шақырамыз. Әр балаға шынайы қамқорлықпен назар аударуды сұраймыз, – дей келе Луара Қайрекенқызы облыстық білім басқармасы атынан Жайық жұртының аталмыш мейірімділік іс-шарасына бей-жай қарамасына сенім білдірді.

Егер сіздің «Мектепке жол» акциясына үлес қосқыңыз келсе, облыстық білім басқармасының 8 (7112) 26-04-65 телефонына хабарласуға болады.

Құндыз Қадырбаева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале