Жыл сайын қыркүйектің 25-де Дүниежүзілік фармацевт күні аталып өтіледі. 1912 жылы дәл осы күні Халықаралық фармацевтикалық федерация – FIP құрылған.
Фармацевт – дәріханалар мен фармакологиялық компанияларда дәрілік заттарды сатумен, сақтаумен және дайындаумен айналысатын маман. Білікті фармацевт дәрі-дәрмектің құрамын және оның жанама әсерлерін біліп қана қоймай, сонымен қатар дәріханаға келушілермен тығыз байланыс орнатады. Қазақстанда дәріхана ұйымдары XIX ғасырдың басында құрыла бастаған. Жалпы https://sk-pharmacy.kz сайтының жазуынша 1842 жылы Орал қаласында халыққа ақылы дәрі-дәрмек беретін алғашқы дәріхана ашылыпты. Ол ұзақ жыл бойы елдегі жалғыз дә-ріхана болған. ХІХ ғасырдың екінші жартысында қалаларда халық саны көбейгендіктен, Семей және Петропавл қалаларында дәрі-дәрмекті ақылы түрде беретін дәріханалар ашылған. Мәселен, 1875 жылға қарай Қазақстан аумағында тек 6 дәріхана болған екен. Ширек ғасырдан кейін дәріханалар саны 18-ге жеткен. 1884 жылы Шымкент сантонин зауытының ашылуы халықты дәрі-дәрмекпен қамтуға ықпал еткен. Саудагерлер оны жабайы цитрустық жусанның өсетін жерлерінде сантонин – құнды гельминтке қарсы өнім алу үшін ашқан. Сол кезде сантонин Қазақстанда өндірілетін жалғыз дәрілік өнім болыпты. Шымкент сантонин зауыты Қазақстанда фармацевтикалық өндірістің қалыптасуында ерекше рөл атқарды. Фармацевтер туралы да мынадай дерек бар. 1890 жылы елде 8 фармацевт болса, 1915 жылы олардың саны 64-ке жеткен. Олардың 17-сі – дәріхана иелері, ал 47-сі дәріхана көмекшілері болған екен. 1931 жылы Семей қаласында ұлттық фармацевтикалық кадрларды даярлау үшін Қазақстандағы алғашқы фармацевтикалық мектеп, Алматыда орталықтандырылған дәріхана қоймасы ұйымдастырылған. Семей фармацевтикалық мектебін 1933 жылы 13, ал 1934 жылы 18 фармацевт бітірген деген дерек бар.
«СК-Фармация» ЖШС баспасөз қызметінің мәліметінше, 2021 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық фармацевтикалық нарық көлемі – 765 млрд теңге. Қазіргі уақытта Қазақстанның фармацевтика нарығында 88 отандық өндіруші бар, оның ішінде 32 компания дәрі-дәрмек өндіреді. Бүгінде отандық кәсіпкерлер дәрілік заттардың 900-ге жуық және медициналық бұйымдардың 1 мыңнан астам түрін шығарады. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында фармацевтика саласы 4,9%-ға өскен.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің БҚО бойынша департаментінің бөлім басшысы Жамиля Мадимарованың (суретте) айтуынша, дәріханада дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар бөлшек саудаға шығарылады. Онда «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бөлшек саудада өткізу ережесіне» сәйкес, рұқсат берілген тауарлар ғана сатылады. Дәріхана қызметкері тұтынушыларға дәрі-дәрмектерді дұрыс және талапқа сай қолдану, болуы мүмкін жанама әсерлері мен қарсы көрсетілімдер, басқа дәрілік заттармен өзара әрекеттесуі, оларды қолдану кезіндегі сақтық шаралар, жарамдылық мер-зімдері мен үй жағдайында сақтау қағидалары жөніндегі ақпараттарды ұсынуы тиіс. Сонымен қатар дәрігердің рецептісіз босатылатын да дәрі-дәрмектер бар. Олар жөнінде «Дәрілік препараттардың құрамына кіретін әсер етуші заттарды ескере отырып, оларды рецептісіз және рецепт бойынша босатылатын дәрілік препараттардың санаттарына жатқызу қағидаларын бекіту туралы» ҚР ДСМ-ның 2021 жылғы 6 қаңтардағы № ҚР ДСМ-4 бұйрығының 2-қосымшасында жазылған.
– ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті БҚО бойынша департаментінің қызметкерлері ҚР Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексінің 1-бабы 47-тармақшасын және 185-тармақшасын басшылыққа алады. Олар құзыреті шегінде медициналық қызметтер (көмек) көрсетіп, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымын қадағалайды. Сонымен қатар аталмыш кодекстің 30 және 52-баптарына сәйкес осы салаға мемлекеттік бақылау жүргізеді. Сондай-ақ департаменттің қызметі заңнама талаптары бұзылуыныңалдын алуға, оларды анықтауға, жолын кесуге және жоюға бағытталған. Қазақстан Республикасында өндірілген және елдің аумағына әкелінген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар тіркелген соң ғана айналымға түседі. Қазіргі таңда елде 7000-нан астам дәрілік зат тіркелген. Облысымызда медициналық бұйымдарды өндіретін үш фармацевтикалық қызмет тіркелген, алайда дәрілік заттар өндірісі жоқ, – деді Жамиля Қойбағарқызы. Маманның айтуынша, фармацевтикалық білімі бар мамандар дәрілік заттарды босатумен (сатумен) ғана емес, әзірлеумен де, ұйымдастырушылық және ғылыми-зерттеу қызметімен де айналысады.
Бүгінде облыста фармацевт даярлайтын оқу орындарының бірі – Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжі. Колледждің бөлім меңгерушісі Талшын Боранованың мәліметінше, облыстағы дәріхана желісінде жұмыс істейтін 180-ге жуық фармацевт – осы оқу орнының түлегі. Олардың көпшілігі оқ-уын жоғары оқу орындарында жалғастырады. Колледждегі фармация бөлімінің оқу базаларының қатарында Орал қаласындағы рецептік-өнді-рістік бөлімдері бар ірі дәріханалар, ауруханаішілік дәріханалар, сондай-ақ дәрілік заттарды сақтау және сатумен айналысатын фармацевтикалық компаниялар бар. Аталған мекемелерде колледжстуденттері бекітілген оқу жоспары бойынша өндірістік және дипломалды кәсіптік тәжірибеден өтеді.
Ясипа Рахимқызы
zhaikpress.kz