Астана әкімдігінің ресми сайты хабарлағандай, елорда әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Instagram парақшасында қаладағы білім беру жүйесін дамыту және мектеп құрылысының келешегі туралы мәлімдеді.

Фото: gov.kz
Әкімнің айтуынша, Бас жоспарға сәйкес Астанада 2035 жылға дейін 140-қа жуық жаңа мектеп салу жоспарланған. Соңғы жылдары қалада 44 мектеп пайдалануға берілсе, алдағы жаңа оқу жылында тағы 12 білім беру ұйымы есігін айқара ашпақ. Сонымен қатар, қазірдің өзінде 2027 жылға арналған мектептердің жобалау және қала құрылысы құжаттамаларын әзірлеу жұмыстары басталып кеткен.

Жаңа мектептерді білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында педагогтарды даярлау ісіне де басымдық берілуде. Мәселен, соңғы жылдары педагогикалық мамандықтарға 1,5 мыңға жуық грант бөлініп, қазіргі таңда әкімдік грантымен 2 мыңдай студент білім алуда. Оған қоса Гуманитарлық колледж базасында құрылған Педагогикалық институтта 4,5 мыңнан астам студент 36 бағдарлама бойынша оқып жатыр. Жеңіс Қасымбек 2026-2030 оқу жылдарына арналған мемлекеттік тапсырыс шеңберінде кадрлар даярлауға тағы 303 грант қарастырылғанын, оның 188-і тікелей педагогика саласына бағытталғанын атап өтті.