Алматы қаласында есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында өтетін XX қысқы Сурдлимпиада ойындарына ұлттық құраманы ресми шығарып салу рәсімі өтті.
Фото: Астана қаласының әкімдігінен
Елорда әкімдігі ресми сайтының хабарлауынша, ХХ қысқы Сурдлимпиада ойындары Түркияның Эрзурум қаласында 2-12 наурыз күндері өтеді.
Дүбірлі додаға 36 мемлекеттен 1 000-ға жуық спортшы қатысады. Жарыста тау шаңғысы, сноуборд, шаңғы жарысы, шахмат, футзал және керлинг спорт түрлерінен 34 комплект медаль ойнатылады.
Қазақстан тарапынан осы қысқы ойындарға шахмат, сноуборд және шаңғы жарысынан 26 спортшы қатысады. Байрақты бәсекеде ел намысын шахмат жарысы бойынша қос астаналық сурдо спортшы Әлия Мұратова мен Сұлтан Қожахметов қорғайды.
Іс-шара барысында қысқы Сурдлимпиада ойындарының ашылу салтанатына еліміздің туын ұстап шығу мәртебесі шахматтан әлем чемпионатының қола жүлдегері елордалық Сұлтан Қожахметовке тапсырылды. Спортшыға туды Сиднейде өткен жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы Ермахан Ыбрайымов табыс етті.
«Шахматпен айналысқаныма 10 жылдан астам уақыт болды. Биыл алғаш рет қысқы Сурдлимпиада ойындарына қатысқалы тұрмын. Бұл жарыста еліміздің туын ұстап шығу - мен үшін үлкен абырой. Ел үмітін ақтап, үздіктер қатарында болуға барлық күш-жігерімді саламын!» - деді Сұлтан Қожахметов.