Өңірде Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы әскери қызметтің беделін арттыруға, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға және жастарды Отан қорғауға даярлауға бағытталған әскери-патриоттық іс-шаралар өткізуде. Министрліктің патриоттық акциясына екі мыңға жуық адам қатысты.

Орал қаласында Қорғаныс министрлігінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар, әскери білім және ғылым департаменттерінің өкілдері облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылында болды. Сонымен қатар №47 және №19 мектептерде шәкірттерге Ерлік сабақтарын өткізді. Одан басқа «Сити центр» сауда ойын-сауық орталығында Қарулы күштердің Орталық ансамблі оралдықтарға концерттік бағдарлама ұсынды. Сауда орталығына келушілерге әскери қызмет және Отан қорғаушыларға берілетін әлеуметтік кепілдіктер туралы ақпарат берілді.
«Біртұтас ел – біртұтас жер» атты ауқымды акция «Атамекен» өнер ордасында өтті. Оған қаладағы мектептердің жоғары сынып оқушылары, колледж білім алушылары, жоғары оқу орындарының студенттері, әскери қызметшілер және олардың отбасы мүшелері қатысты. Іс-шараға қатысушыларға заманауи қару-жарақ пен әскери техника үлгілерінің көрмесі ұйымдастырылды. Акцияға атсалысушылар еліміздің әскери тарихы мен Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандықтардың ерлігіне арналған Әскери-тарихи музей экспозициясымен де танысты.

«Көшпелі көрмеде батырлардың өмір жолын баяндайтын ақпараттық материалдар, жеке заттары қойылған. Көрменің негізгі мақсаты – өскелең ұрпаққа ел қорғаны батырлардың ерлігін насихаттау. Осы арқылы жас толқынды елжандылыққа тәрбиелеуді мұрат еттік. Қазір іс-шараға келушілер назарына қаһарман қыздар пулеметші Мәншүк Мәметова, снайпер Әлия Молдағұлова туралы жеке мәліметтер, фотосүгіреттер ұсынылған. Көрмеден Мәскеуді қорғауға қатысқан, Алматыда жасақталған 316-қазақ атқыштар дивизиясының командирі, генерал-майор Иван Панфиловтың жеке заттарын, Халық қаһарманы, әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлының күнделігі мен жауынгерлік картасын көруге болады. Даңқты ұшқыштар, екі мәрте Кеңес Одағының Батырлары Талғат Бигелдиновке, Сергей Луганскийге қатысты жәдігерлерді, Ұлы Отан соғысының шешуші шайқасы Берлин операциясы туралы баяндайтын мәліметтер, шайқас алаңдарынан табылған құнды заттарды ала келдік», – деді Әскери-тарихи музейдің экскурсия жүргізушісі Ботакөз Кәрімова. Оның айтуынша, бұл музей Астанада 2015 жылы ашылған. Онда қазақ даласының ежелгі заманнан күні бүгінге дейінгі әскери тарихын айғақтайтын жәдігерлер топтастырылған.

Залда жиынға қатысушы жастарға Қарулы күштер туралы деректі фильм және бейнебаян көрсетілді. Одан кейін Қорғаныс министрлі-гінің өкілі, подполковник Нұрлан Ашықов сөзінде жастардың еліміздің болашағы екеніне тоқтала келе, олардың адал, отаншыл, елжанды болуы, заңды құрметтеуі, Отанға қызмет етуге дайын болуы маңызды екенді-гін айтты. «Қазіргі кездегі әрбір жас азамат – білімді, бастамашыл және моральдық тұрғыдан салиқалы, саналы түрде таңдау жасай алатын және белсенді азаматтық ұстанымы бар адам. Әскери-патриоттық тәрбие жаңа заман талабына сәйкес келуі тиіс», – деді ол.
Кездесу барысында Қорғаныс министрлігінің өкілдері қатысушыларға әскерге шақыру тәртібі, мерзімді әскери қызметті өткеру, еліміздің әскери оқу орындарына түсу шарттары және үміткерлерге қойылатын талаптар туралы әңгімеледі. Мектеп оқушылары іс-шараға белсенді қатысып, әскери қызметшілерге сұрақтар қойып, әскери мамандықтардың ерекшеліктеріне қызығушылық танытты.
Акция аясында Сырым ауданындағы Аралтөбе ауылының жас тұрғыны Бейбарыс Тілекберген марапатталды.
Ол биыл қыста өз өміріне төнген қауіпке қарамастан, өртеніп жатқан үйден кішкентай екі бауырын алып шықты. Бейбіт күннің батырына Қорғаныс министрлігі-нің өкілі алғысхат пен бағалы сыйлық – велосипед табыс етті. Сонымен қатар аталған министрліктің Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті идеологиялық жұмыс басқармасының бастығы, полковник Мұрат Ағыбаев, Әскери білім және ғылым департаменті бастығының орынбасары, полковник Аманкелді Тегісов әскери-патриоттық тәрбие бағытындағы іс-шараларды өткізудегі үлестері үшін бір топ батысқазақстандықты министрліктің алғысхатымен марапаттады. Олардың ішінде еңбек ардагері Вениамин Мұқатаев, Орал қаласы білім беру бөлімінің басшысы Әлия Қайыржанова, №47 мектептің бастапқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Берік Саматов, Б. Момышұлы атындағы №46, М. Мәметова атындағы №27 мектептердің, №41 мектеп-лицейінің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәндерінің мұғалімдері Манарбек Әмірғалиев, Батырхан Тұлақбаев, Ербол Насимуллиндер бар.
Іс-шара соңы Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы дайындаған концерттік бағдарламаға жалғасты. Алдағы күндері Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы Ақсай қаласында және Теректі ауданының орталығында кездесулер өткізеді.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»