«Еуразия» туристік кешенінде «Жас ұлан» әскери-спорттық ойынының облыстық кезеңі мәресіне жетті. Жарыс мақсаты – балаларды патриоттық рухта тәрбиелеу, Отанға деген азаматтық және адамгершілік ұстанымын қалыптастыру, ойынның республикалық финалына облыс құрамасын жасақтау.

Облыстық кезеңге қатысушылар атыс даярлығы, тарихи жобаны қорғау, саптық және әндер байқауы, кермеге тартылу және әскерилендірілген кросс пен басқа да сайыс түрлері бойынша бақ сынасты. Жарыс төрешілері Бөкей ордасы, Бөрлі, Сырым және Жәнібек аудандары командаларының дайындығы жақсы екенін атап өтті.
Облыстық кезеңде «Атыс дайындығы» бойынша қыздар арасында І орынды Алтынай Алишева (Бөкей ордасы), ұлдар арасында Әрсен Серіков (Бөкей ордасы) І орын иеленді. Командалық есеп бойынша І орынды Бөкей ордасы ауданының командасы алса, ІІ орынды Бөрлі командасы, ІІІ орынды Сырым командасы қанжығалады.
«Тарихи зерттеу жобасын қорғау» байқауында І орын Кәусар Сақтағанға (Жәнібек) бұйырды. Ал «Саптық және әндер байқауы» бойынша Бөкей ордасы ауданының командасы жеңімпаз атанды. Ал «Кермеге тартылудан» Әли Серіков (Сырым) үздік болды.
«Әскерилендірілген кросс» бойынша (қыздар арасында) І орын Перизат Жұмагелдіге (Бөрлі), (ұлдар арасында) Сұлтан Сансызбайға (Бөкей ордасы) берілді. Осы бөлімде Бөрлі, Бөкей ордасы, Сырым ауданының командалары алға шықты.
Жалпыкомандылық есеп бойынша І орын Бөкей ордасы ауданы командасының еншісіне берілсе, ІІ орын Бөрлі, ІІІ орын Сырым аудандарының топтарына бұйырды.
Жеңімпаз-жүлдегерлер облыстық білім басқармасының грамоталарымен, алғысхаттарымен марапатталды. Сонымен қатар медальдар мен командалық кубоктарға ие болды.
Гүлфия Қолғанатова,
«Орал өңірі»