26.09.2024, 15:45
Оқылды: 81

«Ең бастысы, жұмысым өзіме ұнайды» – Күләш Төлеуова

«Біз еңбекқор болуымыз қажет. Қоғамымызда еңбек адамы бірінші орында тұруға тиіс. Шын мәнінде, барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек және іскерлік. Табысқа жетудің жалғыз жолы – өз кәсібінің шебері болу және ерінбей еңбек ету».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев

Күн сайын ертемен жұмысқа келе жатып, сары кеудеше киіп, қолына сыпырғыш-күрегін ұстап, көше тазалап жүрген адамдарды жиі көреміз. Олар күн сайын ерте  тұруға дағдыланған. Қарапайым еңбек адамдары қала тұрғындары жұмысқа, сабаққа шықпас бұрын өздеріне бекітілген аймақты айнадай етіп, сыпырып, тазалап қояды. Біз үшін таза көшелермен жүру қалыпты көрініс секілді. Бірақ көшелер мен аулаларды тазалау үшін қанша адам бізден бұрын ерте оянып, еңбек ететінін білсеңіз ғой. Солардың бірі – кейіпкеріміз Күләш Төлеуова.

131A8F98-733C-46EF-BD84-232C97D1EF34

Күләш апай «Жайық таза қала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 2002 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Өзі Қызылорданың тумасы, Жайық елінің келіні.

– Адам өзі қалай дағдыланса, сол дағдыдан ажырамайды. Мен өзім әуелден таңғы 5.30 – 6.00-де  ұйқыдан ерте тұруды әдетке айналдырғанмын. Сол әдетпен жұмысқа кешікпей келуге тырысамын. Біздің жұмысымыз таңғы сағат 7.30-да басталады.  Содан 8.30-9.30-ға дейін өзімізге бекітілген аймақты тазалап қоюымыз қажет. Бригадада 8 адам бар. Әрқайсысымыз өзімізге бекітілген міндетті қалтқысыз атқаруға атсалысамыз. Одан әрі күрек, сыпырғыш, тырмамызды алып, тапсырма бойынша жұмыс істейміз, – дейді Күләш апай.

Күләш апай өз жұмысын мінсіз атқарғанды жөн көреді. Әр күн сайын таза ауада өзіне тапсырылған тапсырманы тиянақты орындауға асығады. Сырттай қарағанда жылдың кез келген мезгілінде көшеде ауыр дене еңбегін атқару оңай емес секілді көрінеді. Бірақ кейіпкеріміз керісінше, жылдың әр мезгілінен өзінше қуат алатынын айтады. Жазда жаңбырдың иісі, қыста жауып жатқан қар, саф таза ауа Күләш апайды ойын да, бабын да сергітіп, шынықтырады екен. Сондықтан да өзіне жүктелген міндетті еш ренжімей, ерекше талпыныспен орындайды.

– Орал таза қалалардың қатарына жатады. Оған біздің де үлесіміз бар ғой деп қуанамыз. Біз көбіне облыс әкімдігінен бастап М. Мәметова көшесіне дейінгі аумақта жүреміз. Бір қуанатынымыз, бізге бекітілген аумақтың тұрғындары мәдениетті. Арасында ауылдан жаңа келген студенттер білместікпен көшеге қағаз тастап, қоқыс қалдырып кетіп жатады. Бірақ олар да көп кешікпей қала өміріне бейімделіп кетеді.  Ал көшеге қақырып-түкіріп кететіндер кездесіп тұрады. Бірақ  қай адамның аузын бағып жүреміз. Біздің жұмысымыз болғандықтан, үндемей тазалап аламыз, – дейді кейіпкеріміз.

Көше тазалаушы – елімізде арнайы білімді қажет етпейтін санаулы мамандықтардың бірі. Ешбір оқу орны ойын алаңдары мен көшелерді дұрыс тазалауды үйретпейді. Бұл салада табысқа жетіп, әріптестерінің арасында зор құрметке ие болу көбінесе адамның жеке қасиеттеріне байланысты болса керек. Бұл тұрғыда кейіпкеріміздің жұмысқа деген жауапкершілігі, ұқыптылығы айналасына үлгі.

Күләш апай жұбайымен бірге бес бала тәрбиелеп өсірген. Көз қуанышы болып немере-жиендері өсіп келеді. Әсіресе, қолындағы кенже ұлының немересіне жұмыстан жеткенше асығады екен. Бос уақытында іс машинасын қолға алып, үйдің көрпе-төсегін тігіп, үй жұмысына көмектеседі.

– Қолымдағы келінім – студент. Жұбайым – зейнеткер. Кішкентай немеремді атасы бағып отыр. Жұмыстан кейін немереме  жеткенше асығамын. Үйге барғасын үш-төрт сағат сол немереме көңіл бөлемін. Үнемі дене еңбегімен айналысқандықтан, өзімді ширақ сезінемін. Жұмысымның денсаулыққа пайдасы да, зияны да бар. Кейде салқын тиіп, ауырып қаламыз. Сол кездерде аяғымды ыстық суға салып, өзімді өзім емдеп аламын. Емханаға тек скринингтен өтуге барамын. Ең бастысы,  жұмысым  өзіме ұнайды. Жалақымыз 180-200 мың теңге көлемінде. Осы жерден зейнетке шығамыз деген үмітіміз бар,  – деп ойын жалғаған Күләш апай қала тұрғындарын көшеде, қоғамдық орындарда тазалық сақтауға шақырды.

Гүлжамал Жолдығали

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале