19.03.2021, 15:17
Оқылды: 20

Ең сәулелі шағым еді

Өмірде әр адамның өз ұстазы болады. Ұстаздарыма еліктеп, осы мамандықты қаладым. Жоғары оқу орнына түсуді армандап, оқушылық кезден-ақ сол мақсат жолында жұмыстануға тырысып бақтым. Вожатый болу (жетекшінің көмекшісі) сол ұстаздықтың баспалдағы секілді еді. Төменгі сынып оқушыларының тәрбие ісіне араласу арман жолына бір табан жақындатқандай болатын.

 Ең сәулелі шағым еді

Алғашқы еңбек жолымды С.Меңдешев мектебінен бастадым. Тұңғыш рет мектепке келгенім, сол күні қобалжығаннан абдырап, оны білдіртпеуге күш салып, сынып журналын алып, оқушылармен танысуды бастағаным әлі есімде. Күні кеше сияқты болғанымен сол шәкірттерім бұл күнде ата-әже болып, немере-жиен сүйіп отыр. Кездесе қалсақ, әлі күнге тік тұрып, ізет көрсетуден танған емес. Сол сәттерде ең жақын бауырымды көргендей болып,  мәз болып қаламын. Осындайда бір қызық жай еске түседі.

Ол уақытта сыныптан сыныпқа көшу емтиханында оқушылары билет суырып, ондағы сұраққа жауап береді. Билеттер бағдарламаға сәйкес жасалып, бірлестік отырысында талқыланып, бекітіледі. Әр билетте  үш сұрақтан болады. Сондай бір емтихан кезінде, ең соңынан отыз төртінші болып  кірген оқушымнан билетіндегі сұрағының қандай екенін, білмек болдым. «Абай Құнанбаев», - деді де, кідіріңкіреп қалды. «Өмірбаяны ма?» – деген сұрағыма ол басын изеді. Өзінің сабақ үлгерімі орташа ғана еді. Ол бастап кетті. Әдеттегіден басқаша, тез және жақсы айтып тұр. Өмірбаянынан соң екінші сұрағымен таныстыру керек еді, ол бірақ Абайдың табиғат лирикаларын талдап кетті. Жақсы дайындалғасын айтқысы келіп тұр-ау деген ойда болдым. Әйтпесе, Абайдың шығармаларын бір билетке сыйғызу мүмкін емес еді. Оқушым енді поэмаларына ойысты. Таңғалған мен билетін сұрап алдым да, аңырып тұрып қалдым. Билетте Абай туралы сұрақ мүлде жоқ екен! Мен оған қарадым, ол көзін төмен түсірді... Жалпы, қазақ әдебиеті бойынша берілетін барлық сұрақты оқи алмасын білген оқушы емтиханнан сүрінбей өту үшін тек Абайды түгел оқып дайындалғаны белгілі болды. Қазір шәкіртімнің сол әрекетін тапқырлық  деп есептеймін.

Бағыма қарай еңбек жолымда көбіне жақсы адамдармен бірге жүрдім. Ауданда әдістемелік кабинет басшысы Светлана Сатыбалдықызымен бірге жұмыс істеген кездерім ең сәулелі, шығармашылыққа толы уақыт болған екен. Аудандағы  шығармашылық топтың ішінде Бекен Ерұлымен, Орынбай ағаймен, Сара Ұшырқызымен іссапарда жүргенімді зор ризалық сезіммен, ықыласпен еске аламын. Аудан мұғалімдері арасында тәжірибе алмасуды жақсы жүргізетін Светлана Сатыбалдықызы «Сіздер білім беру десантысыздар» дейтін. Айтылған мектепке барып, сол сыныптың бағдарламадағы тақырыбы бойынша сабақ өткізетінбіз. Өзімізді солай шыңдау, сондай сынақтан өту маған қатты ұнайтын. Жас кезімнен жақсы маман болып қалыптасуыма көп еңбек сіңірген, күнде сабағыма қатысып, тас-талқанын шығарып талдайтын Сара Ұшырқызы, марқұм Аққалам Кәрімқызы сияқты ұстаздарға алғысым шексіз. Шәкірттерім сыйлаған кітаптар бүгінде сөремде тұр.

Мені «Дара жол» шарасына қонаққа шақырып, зейнетке шығарып салған Жаңақала орта мектебінің ұжымына, сүйікті әріптестеріме айтар алғысым шексіз. Өз ұжымымның әр мүшесін бауырымдай жақсы көремін. Оларға қашанда ақ жол тілеймін!

 

Ақмарал Аманқызы,

зейнеткер-ұстаз

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале