18.06.2025, 17:45
Оқылды: 578

Еңбегі ерен тұлға

Жақында Қазақстанның  мемлекет  және  қоғам  қайраткері  Қырымбек  Елеуұлы  Көшербаев  70  жасқа  толды.  Жетпістің  желкенінде  зырғып,  өмір  ағынымен  ғұмыр  кешіп  келе  жатқан  бұл  азаматпен  Батыс  Қазақстан  облысының  әкімі  болғанда  біраз  пікірлесіп,  талай  ақ  дастарқан  басында  дәмдес  болдық.  Кейін  оның  мансап  жолы  мен  «Қазақ  елін  көркейтемін»  деген  мақсаты  жетістіктерге  жетелеп,  биік  мінберлерден  көрінуге  септігін  тигізді.  Ол  Қызылорда  облысының  әкімі  болып  тағайындалған  кезеңде  Сыр  бойына  сапарлаудың  сәті  түсті.  Сөйтіп,  араға  он  жыл  салып,  ақ  пейілмен  қайта  қауыштық.  Бұл  жарқын  жүздесу  Қырымбек  інімнің  жемісті  жұмысының,  қажырлы  қызметінің  нәтижесінде  жүзеге  асты...

Кошербаев1

2015 жылдың қарашасында Қызылорда облысының сол кездегі әкімі Қырымбек Көшербаев және бірқатар ел азаматтарының бастамасымен Қызылорда қаласындағы №9 политехникалық колледжге көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсановтың есімі берілген еді. Өткен ғасырдың бел ортасында марқұм Мұстақым ағамыз Қазақстан компартиясы Қызылорда облыстық комитетінің бірінші хатшысы болды. Оның Сыр өңіріне сіңірген еңбегін ел-жұрт жақсы біледі және азамат ретінде құрмет тұтады. Сондықтан да ондағы іргелі кәсіптік білім ошағына Ықсановтың аты берілуі – құптарлық дүние. Ауқымды іс-шара аясында республикалық конференция ұйымдастырылып, бұл алқалы жиын екі күнге созылды. Батыс Қазақстан облысынан делегация құрылып, көпке айтып-жеткізер айшықты материалдарымызды дайындадық.

Қырекеңнен ілгері БҚО әкімінің орынбасары және біраз жыл облыстық мәслихаттың депутаты әрі хатшысы болған Мәлік Құлшаров Ақ Жайық өңіріндегі атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады. Өз кезегімде мен де тың ақпараттарымды үшбу хатыма енгізіп, ақжарма тілегімді әзірледім. Сондай-ақ облыс атынан баратын делегация құрамында Ә. Нұрғалиев, А. Ғұбашева, А. Батырханов, Ө. Құспанов болды. Ақ Жайықтан аттанған алтауымызды Қызылорда вокзалынан Мұстақым Ықсановтың қызы Гүлнәр Мұстақымқызы мен күйеу баласы және әкімдік қызметкерлері қарсылап алды. Бізді арнайы қызметтік аутокөлікпен  Қызылорда облысы әкімдігінің ғимаратына әкелді. Зәулім ғимарат ішінде Қырымбек Елеуұлы қадірлі қонақ ретінде қабылдап, Жайық өлкесінің осы күнгі жай-жапсарын сұрады. Емен-жарқын әңгіме барысында Мәлік Иманқұлұлы Қырымбек Елеуұлына көрсеткен құрметіне алғыс айтып, Ақ Жайық атырабының дамуына қатысты басты бағыт-бағдарды жан-жақты баян етті. Одан кейін сөз кезегі маған ұсынылды. Айта кетелік, Қырымбек Елеуұлы Орал қаласындағы әуежайға апарар бағытты және теміржол вокзалы маңын асфальттауға тікелей ұйытқы болған еді. Көлік жүргізушілері мен таксилер бүгінге дейін жөнделген жолдың қызығын көруде. Екі ортада қатынай жүріп, жүргізушілерден «Әуежайға апарар жолдың сапасына берер бағаңыз қандай?» деп сұрақ қоюшы едім. Олардың көпшілігі: «Бұл – Көшербаев салдырған жол ғой!» деп ризашылығын білдіретін. Осы жағдайды сөз арасына қосып, Жайық өңірінің дамуына қосқан елеулі істерін әңгіме өзегіне айналдырдым. Қырекеңнің есімі мен еңбегін Жайық жұрты жадынан шығармағанына ризашылығын білдіріп, еңсесін одан әрі нықтай түсті. Өңірдің әлеуметтік жағдайын, он жылдың ішінде оң нәтижесін берген жобаларды айтып тауысамыз дегенше уақыт бір сағаттың көлеміне таяды. Жылы шырайлы қабылдаудан соң әкімдік қызметкерлері бізді қонақүйге жеткізді. Сол қонақүйде бой жазып, тынығып жатқанда Қырекең жайында мынадай естелік ойға оралмасы бар ма? Қырымбек Елеуұлы «Менің туған жерім – Арал, ал жүрегім – Орал!» деуші еді. Оған тән алғырлық пен көшбасшылық қасиет әкесі Елеу Көшербаевтан дарыған. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Елеу ағамыз саяси сауаты мол, білікті басшы болған. Қызылорда облысына қарасты төрт ауданды басқарған. Алты-жеті жастағы кішкентай Қырымбек Қызылордадағы әкесінің үйіне барады. Бұл үйде атадан мирас болып қалған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттық өңір белгісі (значогы) бар-тұғын. Демалыс уақытында қыдырып келген Қырекең әкесі Елеуден әлгі белгіні көрсетуді жиі сұрайтын. Елеу мырза болар бала екенін жазбай танып, оны алдына отырғызып, маңдайынан емірене сүйеді. Ал сол бала бүгінде ел-жұрттың алғысына бөленіп, халық қалаулысына айналды.

Келесі күні өзге қалалардан меймандар келіп, конференция басталды. Басқосу барысында 2005 жылы құрылған М. Ықсанов атындағы облыстық қордың жұмысын жұртшылыққа таныстырдым. Қордың негізгі мақсаты – Мұстақым Біләлұлының өмірі мен еңбек жолын насихаттау. Соның нәтижесінде 2008 жылы облыстық мәслихаттың шешімімен Мұстақым Ықсановқа Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы атағы берілді. Оған қоса, облыс орталығындағы №36 жалпы орта білім беретін мектепке, Орал қаласындағы үлкен көшелердің біріне, Жәнібек ауданындағы бір мектеп пен көше де М. Ықсановтың есімімен аталды. Туғанына 80 жыл толуына орай Орал қаласы мен туған жері Жәнібек ауданында ауқымды іс-шаралар өтті. Еске алу жиынында Ықсановтың көзін көрген, сөзін естіген ақсақалдар жастарға ақыл-кеңестерін айтты. Менің бұл баяндамам Сыр елінде жиылған көптің көңіліне жақты. Алқалы жиын аяқтала келе, Қырекең қолымды алып, жылы шыраймен арқамнан қақты. Содан соң М. Ықсановтың есіміне берілген колледжді аралап, ондағы студенттермен жүздестік. Оқу ғимараты алдында М. Ықсановтың мүсінінің ашылуына қатысып, менімен сапарлас болған Оралдағы М. Ықсанов атындағы №36 мектептің директоры Азима Ғұбашева екеуміз сөз сөйледік. Ақжарма тілегімізді білдіріп, батысқазақстандық қылқалам шебері салған Мұстақым Ықсановтың портретін тарту еттік. Іс-шаралар легі тәмамдалып, Қызылорданың көрікті жерлерін шолып қайттық. Елеу Көшербаев сәулетін жаңғыртқан Қорқыт ата мазарына тағзым етіп, баба рухына Құран бағыштадық. Содан соң Байқоңыр ғарыш айлағына барып, Ю. Гагарин ғарышқа ұшар алдында қонған үйді көрдік. Облыстағы жүзеге асырылып жатқан жобалар мен ауқымды құрылыс нысандарын араладық. Қырымбек Елеуұлы басшы боп барған әр өңірдің әлеуеті арта түсетіндігіне  және  бір  мәрте  көз  жеткіздік.

ХХ ғасырда Қазақ елінің дамуына Дінмұхамед Қонаев және Мұстақым Ықсанов, Еркін Әуелбеков, Асанбай Асқаров сынды тұлғалар дем берсе, Отанымыз тәуелсіздік алғалы бері  ҚР тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ Иманғали Тасмағамбетов, Қырымбек Көшербаев, Бердібек Сапарбаев, Бақтықожа Ізмұхамбетов сияқты азаматтар елеулі еңбек етті. Қырымбек Елеуұлы біздің облыстың басшысы болғанда өңір экономикасы мен мәдениетін ілгерілетуге айтулы үлес қосты. Оның келелі істерін Жайық жұртының кәрі-жасы әлі күнге дейін ризашылықпен  әңгімелеп  отырады.

Асқар Атаев,

М. Ықсанов атындағы қоғамдық қордың төрағасы,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале