Бүгін Қаратөбе ауданы, Қоскөл ауылындағы «Мөлдір» шаруа қожалығының малшысы Тұрар Сейтқалиев Мемлекет басшысының жарлығымен «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды.

Тұрар Шамғонұлы Қаратөбе өңірінде ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосып жүрген еңбекқор азаматтардың бірі. Ол бала кезінен еңбекке ерте араласып, ата-анасына қолғабыс көрсетіп, шаруашылықтың қыр-сырын терең меңгерген. Бұл тәжірибе оның бүкіл өмірлік жолына бағыт-бағдар беріп, мал шаруашылығы саласын кәсіби деңгейде игеруіне негіз болды.
Отбасын құрғаннан кейін де Тұрар Шамғонұлы еңбек жолын адалдықпен жалғастырып, жұмыс талғамай, ел игілігі үшін тер төкті. 2011 жылдан бері «Мөлдір» шаруа қожалығында бақташы болып қызмет атқарып келеді. Оның жанашырлығы мен жауапкершілігі ауылдағы мал шаруашылығының өркендеуіне зор ықпал етіп келеді. «Мөлдір» шаруа қожалығы 2014 жылдан бастап өңірде шығарылған қазақтың ақбас ірі қара тұқымын өсірумен айналысып, Қазақтың ақбас тұқымы Республикалық палатасының мүшесі атанды. Шаруашылық жыл сайын облысымыздың және Ақтөбе өңірінің фермерлеріне асыл тұқымдық мақсатқа бұқалар мен аналық мал өткізуді дәстүрге айналдырған. Бұл табыс – Тұрар Шамғонұлының қажырлы еңбегінің, дәстүрлі жайылым айналымын жетік меңгерген тәжірибесінің жемісі.
Бүгінде қожалықта 409 бас асыл тұқымды ірі қара және 56 бас жылқы бағылады. Бақташының жауапты жұмысының арқасында мал арасында ауру және жыртқыштардың әсерінен болатын шығындар едәуір азайып, көрсеткіш барынша төмендеді.
Тұрар Шамғонұлы жұмысқа деген адалдығымен, қиындыққа мойымайтын төзімділігімен ерекшеленеді. Қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығына қарамастан, ол өзіне жүктелген міндеттерді уақытылы әрі сапалы атқарады. Малға жем-шөп дайындау, төлдейтін малдарға күтім жасау, жас төлді жетілдіру жұмыстарын аса мұқият орындай отырып, шаруашылықтағы мал басының көбеюін қадағалау оның негізгі міндеті. Ол жұбайымен бірге үш бала тәрбиелеп отырған үлгілі әке ретінде де елге сыйлы азамат.
Отбасымен бірге 15 жылдан бері «Мөлдір» шаруа қожалығының малын бағып, адал еңбекпен табыс тауып келеді. Президент қолынан марапатқа ие болған қарапайым еңбек адамына біз де өз тарапмыздан сәттілік тілейміз.
Гүлжамал Жолдығали,
“Орал өңірі»