7.12.2022, 14:45
Оқылды: 54

Еңбек дауларын шешу: Кәсіподақтардың рөлі күшейтіледі

Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек даулары мен жанжалдарын шешу тәртібін оңайлату бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

11

Заң жобасын Парламент Мәжілісінің депутаттары заң шығару бастамасы тәртібімен әзірледі.

Бұл құжат еңбек жанжалдарын реттеу және келіссөздер процестерін ұйымдастыру мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірленді. Сонымен қатар, заң жобасында келіссөздерді ұйымдастыру рәсімін оңайлату, келісу комиссиялары институтын, еңбек төрелігін және еңбек дауларын шешудегі кәсіподақтардың рөлін күшейту көзделген.

Заң жобасында:

- келісу комиссиясын қалыптастыру тәртібін және оның қызметін регламенттеуге;

-ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдана отырып, келісу комиссиясының отырысын (қашықтан) өткізуге;

-келісу комиссиясы айқындайтын шешімнің орындалу мерзімін нақтылауға;

-ұжымдық еңбек даулары болған кезде жұмыскерлердің талаптарын ұсыну рәсімін оңайлатуға;

-еңбек төрелігінің құрамын әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік әрі еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссия өкілдерімен толықтыруға;

-бір мезгілде ұжымдық еңбек дауларын шешу тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілікті бекіте отырып, кәсіподақтардың рөлін күшейтуге бағытталған нормалар ұсынылды.

Мәжіліс депутаты Жанат Омарбекованың айтуынша, заң жобасы еңбек қатынастары саласындағы заңнаманы жетілдіруге және еңбек дауларының алдын алудың қолданыстағы жүйесін дамытуға бағытталған.

«Негізгі міндет – жұмыс беруші мен қызметкерлердің келіспеушіліктерін реттеу және тараптар мүдделерін ескере отырып, ортақ ұстанымға келтіру. Осы орайда заң жобасында келісу комиссиялары мен еңбек төрелігі институтын күшейту, еңбек дауларын шешуде кәсіптік одақтардың рөлін күшейту ұсынылады. Заң жобасында Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне және «Кәсіптік одақтар туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу ескерілген», - деді депутат.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале