26.06.2026, 21:00
Оқылды: 70

Enbek.kz: Бес айда елімізде 495,7 мың бос жұмыс орны жарияланды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында республика жұмыс берушілері Электрондық еңбек биржасында (Enbek.kz) 495,7 мың бос жұмыс орнын жариялады.

istockphoto-2191437022-2048x2048

Фото: istockphoto.com

Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,2 мыңға немесе 2,3%-ға артық (484,5 мың). Тұрақты сұраныс экономиканың барлық негізгі салаларында сақталып, өсім қарқыны әсіресе ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және құрылыс салаларында жоғары болды. Айлар бөлінісінде ең жоғары өсім наурызда (+27,6%) және сәуірде (+7,4%) тіркелсе, қаңтардағы көрсеткіш те өткен жылдан 3,6%-ға асып түсті. Салалар бойынша ең көп бос жұмыс орны білім беру бағытында орналастырылып, 120,3 мың бос орынмен жалпы сұраныстың шамамен 24%-ын құрады.

Өндірістік және агроөнеркәсіптік секторларда да кадрларға сұраныс айтарлықтай артты. Атап айтқанда, ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында 37,5 мың бос жұмыс орны ұсынылып, өсім 61,8%-ды құрады. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде сұраныс 48%-ға өсіп, 8,4 мыңға жетсе, өңдеу өнеркәсібінде 31,1% өсіммен 37,8 мың бос жұмыс орны жарияланды. Құрылыс саласында бос орындар саны 26,6%-ға артып, 32,1 мыңға жетті. Сондай-ақ өзге қызмет түрлерін көрсету саласында 75 мың бос жұмыс орны жарияланып, 35,9%-ға өсті, ал кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласында сұраныс 34,6%-ға ұлғайып, 10,9 мың бос орынды құрады.

Өңірлер бөлінісінде бес ай ішінде ең көп бос жұмыс орны Астана қаласында (41 мың), Павлодар облысында (34,8 мың) және Түркістан облысында (33,9 мың) тіркелді. Ал өткен жылмен салыстырғанда кадрларға сұраныстың ең жоғары өсімі Атырау облысында (+63,2%), Ақмола облысында (+43,7%) және Түркістан облысында (+23,2%) байқалды.

Жалпы алғанда, 2026 жылдың бес айындағы бұл көрсеткіштер еліміздің еңбек нарығында тұрақты оң үрдіс сақталғанын және жұмыс іздеушілер үшін кең мүмкіндіктер бар екенін айғақтайды.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале