17.04.2025, 17:00
Оқылды: 326

Еңбек майталмандары құрметтелді

Оралдағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында аудандардан келген түрлі сала мамандарына құрмет көрсетілді. Іс-шара «Ауылдағы ардақтылар» жобасы мен Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылды.  

М Салык

«Еңбегінен ел таныр» деп айдар тағылған әдеби-сазды кештің қонақтары өздері таңдаған мамандықтың қыр-сыры, қызығы мен қиындығы жөнінде әңгімеледі.

– Мен 1942 жылы 2 ақпанда дүниеге келіппін. Әкем Сталинград майданында мен туған күні оққа ұшқан. Кезіндегі Орда ауданының Азғыр полигоны орналасқан Қоңыртерек деген жерде 4 сынып бітірдім. Казталовта онжылдықты аяқтадым. Ол кезде мектеп түлектерін комбайншы, механизатор секілді мамандықтарға оқуға училищеге жіберетін. Кейде мал бағуға жолдайды. Сол кезде үш баланы Алматыға оқуға жіберетін болды. Солардың бірі – маған физика-математика факультетіне оқуға жолдама ұсынды. Алайда мен бұл жолдаманы жалынып жүріп, мал дәрігерлік факультетіне ауыстырып алдым. 1965 жылы Алматы зооветеринарлық институтының мал дәрігерлік факультетін бітірдім. Ол уақытта медицина мамандары қадірлі болғанымен, мал дәрігерлерін елемейтін. Жалғыз анам институтта жүргенімде қайтыс болды. Бірақ ата-баба дәстүрінен айнымаған қазақ халқының арқасында жетімдік көрдім деп айта алмаймын. Менің өсіп-жетілуіме нағашы жұрт, немере ағайындар көп үлес қосты. Басты қағидам «Медицина адамды, мал дәрігері адамзатты емдейді» деген сөз болды. Әрине, мамандықтың жеңілі болмайды. Ең бастысы, жұмысты сүйіп істеу керек. Мысалы, шопырлардың, механизаторлардың балалары әкелерінің кәсібіне мақтанулары тиіс. Жүргізушілер мен механизаторларды «психологтар» деп айтар едім. Себебі олар неше түрлі адаммен сапарлас болады. Жасы, жынысы, мінез-құлқы әртүрлі адамдармен тіл табысады. Біз адал, еселі еңбек еткеннің арқасында осындай дәуірге жеттік. Жалпы, кім қандай қызмет атқарса да, қандай жұмыс істесе де, жан дүниесі таза, рухани бай болуы тиіс, – деді Казталов ауданында ауыл шаруашылығы саласында 41 жыл еңбек еткен Дүйсенов  Тұрақбай  ақсақал.

«Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ Сырым аудандық электр торабының бас инженері Серікбол Мұқанов бұл салада атқарылып жатқан жұмысты баяндап өтті. «Аудандағы электр торабы 1972 жылдан бастап құрылды. Бертін келе кейбір ауылдар тарап, электр желілерінің ұзындығы қысқарды. Қазір электр қуаты болмаса, ешбір жан қимылдамайды. Яғни жұмыс істеу үшін электр жарығы керек. Соңғы жылдары бұл салаға мемлекет тарапынан көп көңіл бөліне бастады. Себебі 50-60 жылдан бері тұрған бағаналар шіріп тұр. Электр желілері де тозды. Бұл саланың мамандары саперлар сияқты жұмыс істейді. Техникалық қауіпсіздік аса қажет. Қазір электрмонтерлер тапшы. Сондықтан жастарды осы салаға көбірек тартқан жөн», – деді  Серікбол Алпысбайұлы.
Ал Бәйтерек ауданындағы «Мар-Эль» ШҚ жұмысшысы Ақылбек Дарипов жастарды ауыл шаруашылығы техникаларын тізгіндеуге шақырды. «Шаруашылықтарда механизаторлар тапшы. Өзім еңбек етіп жүрген қожалықта ең жас тракторшы менмін. Ал 10-15 жылдан кейін аға буынның жасы үлкейіп, демалысқа кетеді. Сонда бізден кейін тракторды кім тізгіндейді? Бүгінгі мәселе – осы», – деп ағынан жарылды ол.

Кеш барысында Қаратөбе аудандық ауруханасы Жусандыой ауылдық фельдшерлік-акушерлік пункттің көлік жүргізушісі Абай Айтқожақов, Шыңғырлау ауданындағы «Жарас» ШҚ механизаторы Қайрат Ғабдолов, Жәнібек ауданындағы М. Ықсанов атындағы Жәнібек колледждің механизаторы Тельжан Жылқыбаев ойларын ортаға салды. Бөрлі ауданы мәдениет саласының ардагері Бақтығали Макеев, «БҚО ауыл шаруашылығы ардагерлері ұйымы» ҚБ Теректі аудандық филиалының төрағасы, еңбек ардаге-рі Қайыржан Ахмадиев, Ақжайық ауданындағы «Жайықтехсервис» МКК механизаторы Қуанышбек Селеуов, Бөкей ордасы ауданының Орда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі КММ-ның орман инспекторы Жүзжасар Жемісов өз мамандықтары жөнінде әңгімеледі.

Облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Дәулеткерей Құсайынов сөз сөйледі. Кеш қонақтарын «еңбектің батырлары» деп құрмет көрсеткен олар әр мамандықтың сый-құрметке лайық екенін айтты. Аудандардан келген сала мамандары алғысхаттармен марапатталды. Қалалық ауыл шаруашылығы ардагерлері ұйымының төрағасы Ғарапша Сахипов та ізгі тілегін жеткізді. Ол «БҚО ауыл шаруашылығы ардагерлері ұйымы» ҚБ Теректі аудандық филиалының төрағасы, еңбек ардагері Қайыржан Ахмадиевті ҚР «Ауыл шаруашылығы ардагерлер кеңесі» ҚБ-ның «Құрметті ардагер» төсбелгісімен, алғысхатпен марапаттады. Қалалық кітапханалар жүйесінің №8 филиалы қызметкерлері «Мерейлі мамандық» атты көрме жасақтады.

Ясипа Рабаева, 

"Орал өңірі"

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале