Қазақстанда рәміздерді қорлау дерегі үшін 3000 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Биылдан бастап 1 АЕК 3 450 теңге, демек 3 000 АЕК 10 350 000 теңгені құрайды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында айтылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
“Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қылмыстық кодекстің "Мемлекеттік рәміздерді қорлау" туралы 372-бабына өзгерістер енгізілді. Өзгерістер нәтижесінде рәміздерді қорлау дерегі үшін айыппұл көлемі 3 000 АЕК-ке ұлғайтылды және қоғамдық жұмыстарға тартудың ең ұзақ мерзімі 600-ден 900 сағатқа дейін көбейтілді”, - деді Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов.
Вице-министрдің сөзінше, 2022 жылы Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығы атап өтілді. Елімізде атаулы мерекеге орай 500 мыңнан астам түрлі іс-шара ұйымдастырылған. Сондай-ақ Президент қолдауымен 2022 жылы 4 маусымда республика бойынша сағат 10:00-де Мемлекеттік Әнұран орындалды, Мемлекет басшысының қатысуымен ең биік Туды көтеру іс-шарасы өтті.
Еске салсақ, былтыр 25 мамырда Алматыда "Ирина Кайратовна" мен Shiza концертінде топ мүшелері туға құрмет көрсетпей, сахнада балағат сөздер айтқан еді.