Өңір балаларының спорттық секцияларға тіркелуіне дәнекер «Damubala» платформасының қызметі өткен жылы тоқтады. Оның орнына облыс көлемінде мемлекеттік тапсырыс аясында балалардың спорттық секцияларға тегін қатысуын қамтамасыз ететін жаңа «Qadam.Ai» электронды платформасы іске қосылды.

Осыған орай «Жастар» мәдениет үйінде жаңа платформаның мүмкіндіктері мен оны пайдалану тетіктері кеңінен түсіндірілген жиын өтті. Басқосуға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық спортты дамыту бөлімінің басшысы Берік Рахымғали, «Qadam.Ai» электронды платформасының негізін қалаушы Дияс Бурабай, сондай-ақ спорт секцияларын ашып, қызмет ұсынып отырған кәсіпкерлер қатысты.
Платформа негізін қалаушы Дияс Асқарұлының айтуынша, «Qadam.Ai-дың» басты ерекшелігі – спорттық секцияларға қатысушы балалардың жаттығу процесін нақты әрі әділ қадағалау. Ол өз сөзінде платформа бюджет қаражатын тиімді жұмсауға, ең бастысы, кез келген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар жүйе балалар мен ата-аналарға, балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің директорларына және спорт секцияларын ұйымдастырып отырған қызмет көрсетушілерге жаттығу процесінің толық ашықтығын қамтамасыз етеді.

– Платформа толықтай патенттелген. «Emotion» жүйесі арқылы әр баланың жаттығуға қатысуы нақты бақыланады. Бұл – Мемлекет басшысы үнемі айтып жүрген ашықтық қағидаты мен цифрлық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам, – деді Дияс Бурабай.
Аталған платформада жаттығуға келген балалар Face ID технологиясы арқылы тіркеледі. Бұл әр баланың сабаққа нақты қатысуын бақылауға, жаттығу барысындағы белсенділігін саралауға мүмкіндік береді. Мұндай жүйе болашақта құрама командалар жасақтау кезінде шын мәнінде үздік спортшыларды іріктеуге жол ашады. «Бармақ басты, көз қыстыға» жол берілмейді.
Айта кетейік, биылғы жылды Мемлекет басшысы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялағаны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда «Qadam.Ai» платформасының іске қосылуы – спорт саласындағы цифрлық трансформацияның нақты көрінісі. Балалар спортына әділдік, ашықтық пен заманауи технологияны енгізу салауатты ұрпақ тәрбиелеудің берік негізі болмақ.
Түгелбай Бисен,
«Жайық Пресс»