30.10.2020, 15:06
Оқылды: 14

Эпидемиологиялық жағдай күрделеніп барады

Аймақта коронавирустық инфекциясының эпидемиологиялық жағдайы күн өткен сайын күрделеніп барады. Қазан айының басынан бері 137 оқиға тіркеліп, 71 науқас облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылса, 6 адам жансақтау бөлімінде жатыр. Соңғы тәулікте 8 жағдай тіркеліп, оның 3-еуі симптомды, 5-еуі симптомсыз болып анықталған. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялық қызметінің ақпарат алаңында өткен онлайн брифингте БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысы Мұхамғали Арыспаев хабарлады. F4C848E4-5EF7-43BE-B0AA-7C75138528A9

Күні бүгінге дейін өңірімізде вирус жұқтырған саны 7000-ға жетсе, оның 6800-і жазылып шыққан. Өкінішке орай, осы дерттен 117 адам өлім құшқан.

- Жоғарыда аталған мәліметтердің 3472-сі симптомды, 3528-і симптомсыз өткен. Аурудың жалпы деңгейі 100 мың тұрғынға шаққанда 1061,5-ті құрап, бүгінде біздің өңір вирустың таралуы бойынша «жасыл аймақта» тұр. Ал қазан айының басынан бері тіркелген 137 деректің симптомды - 85, симптомсыз - 52, вирустық пневмонияның 11 жағдайы анықталды. Байланыстағы адамдарды тексеру кезінде - 41, ауруханаларға госпитализацияға дейін қадағалау мақсатында - 41, медициналық ұйымдарға өздігінен жүгіну бойынша - 33, жұмысқа шыққанға дейін алдын алу шарасы кезінде 12 жағдай және Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өту кезінде 10 дерек тіркелді. Ал кәсіби құрамы бойынша науқастардың ішінде зейнеткерлер 47,6%, жұмыссыздар 18,9%, жұмыс істейтіндер 16,8%, медицина қызметкерлері 8,7%, орта мектептер мен мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің мұғалімдері арасында  5,1%, балалар мен мектеп оқушылары 1,4%-ды құрап отыр, - деген Мұхамғали Арыспаев бүгінгі таңда вирус жұқтырған науқастарды емдеу үшін дайындалған 333 төсек-орынның 90 орны бос еместігін, ал қалған 243 орын дайын тұрғандығын атап өтті.

Қазан айының 6-29 аралығында шекарадан өткен 13951 адамның 738-нде вирусқа тексерілген анықтамасы болмағандықтан, 2 күнге карантинге ауруханаға жатқызылған. Нәтижесінде 18 адамнан оң нәтиже анықталған. Бұдан бөлек анықтамасы жоқ 96 шетелдік азаматқа облыс аумағына кіруге тыйым салынған. 26 қазаннан бастап Ресей Федерациясымен екі жақты трафикте халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын ПТР анықтамасы жоқ жүргізушілерді тестілеу басталған.

- Өңірде қуаттылығы тәулігіне 2250 сынаққа дейін жететін 7 вирусологиялық зертхана жұмыс істейді. Оған облыстық көпбейінді аурухана, «Ұлттық сараптама орталығы», «Олимп» КДЗ, Бөрлі аудандық ауруханасы, «Медициналық орталық» ЖШС, Орал қалалық обаға қарсы станциясы, «БҚАТУ» АҚ кіреді. Қазан айының басынан бастап 27633 зерттеу жүргізілсе, өткен аймен салыстырғанда жүргізілген зерттеулер саны 31,7% өскені байқалады. Бүгінде таңда коронавирустық инфекциясының  екінші толқынына дайындалу үшін «Ұлттық сараптама орталығының» облыстағы филиалының базасында автоматты РНК изоляциясы бар ПТР жабдығын, КамАЗ көлігі базасында жылжымалы зертхананы сатып алу арқылы өнімділігін тәулігіне 1300-1400 сынаққа дейін арттыру жоспарлануда. Сондай-ақ салынып жатқан жаңа модульді инфекциялық аурухананың базасында ПТР зертханасы қарастырылған, бұл осы ауруханаларға жатқызылған науқастарды уақтылы диагностикалауға және шығаруға мүмкіндік береді. Бұл іс-шаралар күніне 4000-ға дейін тестілеумен  қамтуға мүмкіндік береді, - дейді облысымыздың бас санитариялық дәрігері Мұхамғали Арыспаев.

Ләззат Шағатай,

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале