– Ербол Ғұмарұлы, алдымен екінші шақырылымдағы облыстық қоғамдық кеңестің сандық әрі сапалық құрамына тоқталып өтсеңіз? Кеңес мүшелерінің белсенділігі дегендей...
– Ойыңызды түсіндім. Облыстық қоғамдық кеңес құрамы 31 адамнан тұрады. Олардың 4-еуі (12,9%) мемлекеттік құрылымдардың, ал 27-сі (87,1%) үкіметтік емес ұйымдардың өкілі. Әрі Орал қаласы мен 12 аудандағы қоғамдық кеңес төрағалары облыстық қоғамдық кеңестің құрамына енді. Жалпы, ерлер 83,3%-ды құраса, әйел адамдардың үлесі – 16,7%. Жасыратыны жоқ, облыстық қоғамдық кеңес мүшелерінің дені өз саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп жүрген һәм ел арасында зор беделге ие азаматтар. Олар білім-білігімен, өмірлік тәжірибесімен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Қысқасы, қай-қайсысы да қоғамдық кеңес мүшесі ретінде жауапкершілікті терең сезіне білетін жандар.
– Қоғамдық кеңес мүшелері азаматтармен жеке-дара кездесулер өткізе ме?
– Әрине. Облыстық қоғамдық кеңес мүшелері тұрғындардың көкейінде жүрген түйткілді мәселелерді тыңдап, оның заң аясында шешілуіне көмек қолын созудан тартынған емес. Бұрын кестеге сай офлайн қабылдаулар ұйымдастырылса, кейін пандемия кезеңіндегі шектеулерге байланысты ол онлайн форматқа көшті. Айта кетелік, азаматтар үйден шықпай-ақ kazkenes.kz бірыңғай ақпараттық порталына кіріп, бізге электронды түрде өтініш беруіне де болады. Сонымен бірге біздің қоғамдық кеңес мүшелері қоғамдық-саяси бағыттағы жергілікті телехабарларға жиі қатысып, баспасөз беттерінде арнайы мақалалар да жариялап келеді. Ал енді көпшіліктің кең ауқымдағы қолжетімді құралы – әлеуметтік желілердегібелсенділік те ешкімнен кем емес, қоғаммен тығыз байланыс орнаған.
– 2015 жылы қабылданған «Қоғамдық кеңестер туралы» ҚР Заңына былтыр бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені көпке мәлім. Мұндағы негізгі қағидаттар – консультативтік-кеңесші құрылымның өкілеттігін арттыру арқылы қызмет шеңберін де ұлғайтқан. Бұл жаңашылдықты қоғамдық орта қалай қабылдауда?
– Рас, жаңа заңнамада азаматтық қоғамның əлеуетін арттыруға ерекше мән берілген. Нақтырақ айтсақ, қоғамдық кеңестердің құрамын жасақтау мен өкілеттігін арттыру, уәкілетті құрылымды анықтау, қоғамдық бақылауды жүргізу үдерісін реттеу, аталмыш кеңестердің қызметін ұйымдастыру, квазимемлекеттік секторда қоғамдық кеңестер құру бағытында айтарлықтай оң өзгерістер бар. Сондай-ақ өткен жылы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің арнайы бұйрығымен «Қоғамдық кеңестер туралы үлгілік ереже» мен «Қоғамдық бақылауды ұйымдастыру және жүргізу қағидалары» бекітілді. Бұл заңнамалық өзгерістердің бәрі біздің қызметімізге тың серпін беріп отыр.
– Әлгінде қоғамдық бақылау туралы айтып қалдыңыз. Осы төңіректегі ойыңызды тарқатып кетсеңіз, нақты мысалдар бар ма?
– Облыс айнасы - «Орал өңірі» газетіне берген бір сұхбатымда көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасына, соның ішінде мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысына жүргізілген тексеріс қорытындысына тоқталған едім. Осы жолы былтырғы ақпан-мамыр айлары аралығында медициналық қызметтің сапасын байқау мақсатында ұйымдастырылған қоғамдық мониторинг пен қоғамдық тыңдау нәтижесін тілге тиек ете кетейін. Алдымен төрт бағытта уақытша жұмыс тобы құрылды. Қоғамдық сараптамаға тәжірибелі сала ардагерлері тартылды. Жұмыс тобының мүшелері өңірдегі медициналық нысандарды аралап, қалыптасқан жағдайға тереңірек үңілді. «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР заңының талаптарына сай құзырлы мекеме, ұйымдардан қажетті ақпараттар сұратылып, жауап хаттар да алынды. Мұның сыртында өңір тұрғындары арасында нақты және анонимді сауалнамалар өткізілді. Әлеуметтік желі қолданушылары үшін ашық алаң ұйымдастырылды. Осылайша қоғамдық мониторингтің қорытындысы шығарылып, тиісті құрылымдарға ұсынбалар жіберілді.
– Осындай атқарылған жұмыстардың нәтижесі қандай, мемлекеттік құрылымдармен кері байланыс қаншалықты жолға қойылған?
– Негізінен, қоғамдық кеңестермен берік байланыс орнатуға бірінші кезекте мемлекеттік құрылымдардың өздері мүдделі болуы керек. Біздің миссиямыз – өзекті мәселелерге байланысты азаматтық қоғамның үнін естірту болғандықтан, құр сөз бен сырғытпа жауапқа қанағаттанбаймыз. Кейде заң талаптарына сәйкес қоғамдық тыңдау ұйымдастыруға да толық мүмкіндігіміз бар. Мәселен, өз кезегінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы қоғамдық кеңестің қарарына байланысты атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап, алдағы жоспарларын да таныстырды. Енді медицина саласының басшылары алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ZOOM платформасы арқылы халыққа есеп бермек. Бұдан бөлек апта сайын азаматтарды онлайн қабылдау өткіземіз. Қабылдау күні мен жазылу тәртібі әр мекеменің интернет ресурстарында, стендтерде жариялануы тиіс. Келешекте медициналық ұйым басшыларын аттестаттаудан өткізу кезінде қоғам өкілдерін қатыстыру көзделіп отыр. Ал жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында «тәлімгерлік» әдісіне ерекше мəн берілмек. Тағы бір айта кетер нәрсе, біздің ұсыным бойынша əлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және МƏМС аясында ақысыз көрсетілетін медициналық қызмет түрлері, тегін берілетін дәрілермен қамтамасыз ету туралы кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қолға алды. Бұл бағытта республикалық деңгейде шешімін күткен түйінді мәселелерге қатысты ұсынымдарды ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне жолдадық.
– Қателеспесек, қоғамдық кеңестер жергілікті атқарушы құрылымдардың қаулы-қарарларын не шешім жобаларын да талқылайды. Сондай сәтте пікір қайшылығы бола ма? Әлде бәрі «бірауыздан» қабылдана бере ме?
– Өте орынды сауал. Біз плюрализмді жақтаймыз. Күн тәртібіне қойылған мәселелер жан-жақты талқыланады. Былтыр нормативтік-құқықтық актіге жататын 46 жоба қаралды. Отырыстар құр есеп үшін ұйымдастырылмайды. Бір мысал, облыстық қоғамдық кеңестің төралқа отырысында «Спорт түрлері бойынша ҚР құрама командаларына тартылған спортшыларға ай сайынғы ақшалай жабдықталым төлемдерінің мөлшерін бекіту туралы» қаулы жобасы талқыланды. Онда жауапты сала өкілі өзге өңірлердегі жағдайға сараптама жасай келіп, бюджетті үнемдеу мақсатында төрт жыл бойы төленіп келген стипендияның мөлшерін қысқарту немесе ішінара тоқтату туралы шешім қабылданғанын айтып, жобаны қолдауды сұрады. Десек те, төралқа мүшелері спортшыларды ынталандыру жұмыстары жүйелі жүргізілуі керектігін қаперге салып, ұсынысқа келісім бермеді. Медициналық мекемелерді сенімгерлік басқаруға беру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын реттеу, тағы басқа маңызды мәселелерге байланысты да қоғамдық кеңес мүшелері батыл іс-қимыл таныта білді. Келетін жаңа құрам да өз белсенділіктерімен ерекшеленетініне сенім мол.
– Айтқандай, қазір қоғамдық кеңестердің жаңа құрамын қалыптастыру – көпшілік арасында қызу талқыланып жатқанынан хабардармыз. Әлеуметтің белсенділігі артқаны жақсы, әрине. Бірақ олардың қатарында қоғамдық кеңестердің жұмысына көңілі толмайтынын айтып, жазып жатқандар да жоқ емес. Бұған не дейсіз?
– Менің ойымша, бұл – қалыпты әрі қажет құбылыс. Ел азаматтарының өңір келешегіне, өзінің және айналасының тағдырына бей-жай қарамауы қуантады. Жалпы, «Бес саусақ бірдей емес» демекші, неше адам болса, сонша ой-пікір қалыптасуы заңдылық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Біз жаңа саяси мәдениет қалыптастырып жатырмыз. Түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт. Өзгенің пікірін құрметтеп, диалог жүргізу арқылы ғана еліміз ілгері жылжиды», – деуінің астарында да үлкен сыр жатса керек. Сондықтан біз де адамдардың түрлі көзқарасына қарамастан, қоғамның кез келген өкілімен ашық диалог орнатуға әр кез әзірміз. Түйін сөзіміз, облыстық қоғамдық кеңес алдағы уақытта да өз қызметін тəуелсіздік, дербестік жəне жариялылық қағидаттары негізінде жүзеге асыра бермек. Кеңес жұмысы туралы толық ақпаратты bko.kogamdikkenes.kz ресми сайты немесе фейсбуктегі парақшасы арқылы да оқып білуге болады.
Бауыржан Махутұлы,
zhaikpress.kz