23.11.2021, 9:50
Оқылды: 57

Ерлігі ерен, еңбегі ересен

Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Орал қаласының С.Есқалиев көшесінде ветеринария басқармасы орналасқан ғимаратқа Кеңес Одағының Батыры Николай Степанович Чуриковке  арналған ескерткіш-тақта орнатылды. Осылайша ерлігі ерен, еңбегі ересен тұлғаның жарқын бейнесі ел-жұрттың жадында және  бір жаңғырды.

49

Өсімдікті қорғау қызметінің негізін қалаушы Николай Чуриков 1948-1972 жылдар аралығында осы ғимаратта еңбек  еткен. Ескерткіш тақтаның ашылуында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі АӨК МИК облыстық аумақтық  инспекциясының басшысы Лавр Хайретдинов батырдың өмірбаянымен таныстырды.

Николай Чуриков 1910 жылы Жәнібек ауданының Ақоба-Жұмат ауылында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылып, балалар үйінде тәрбиеленген. Жұмысшы факультетінде оқыды. Соғысқа дейін Осоавиахимнің Орал қаласы кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Соғыс басталысымен, майданға аттанған. Сталинград шайқасында зеңбірек нысанашысы, сержант Чуриков 79 фашистің көзін жойды. Осы ұрыста ауыр жараланып, госпитальда болды. Кейін офицерлік курсты бітіріп, қайта майданға аттанды. 1944 жылы 27 маусымда 2-Беларусь майданы 49-армия 95-атқыштар дивизиясы құрамындағы Чуриковтың взводына Днепр өзенінен (Могилев ауданы Колеснице маңы) өтіп, кейін шегінген жауды талқандау үшін өткелді бұзу тапсырылды. Қараңғылықты жамылған взвод батыс жағалауға өтіп, күтпеген жерден жауға оқ жаудырды. Өткелдегі аз ғана топ шабуылға шығып, тапсырманы орындады. Днепрден өту кезіндегі айрықша ерлігі үшін взвод командирі Чуриковқа 1944 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Кіші лейтенант Ленин орденімен және «Сталинградты қорғағаны үшін» және т. б. орден-медальдармен  марапатталған.

50

Соғыстан кейін туған жеріне оралып, 1948-1972 жылдар аралығында Орал сарышұнаққа және шегірткеге қарсы экспедициясының бастығы қызметін атқарды. Ленинград жоғары ауыл шаруашылығы институтынан агроном мамандығын алып, жылдар бойғы қажырлы еңбегі үшін Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген агрономы атағын иеленген. Бейбіт заманда да Н. Чуриковтың еңбектері еленіп, әр түрлі мерекелік медальдармен, КСРО үкіметінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің және облыстық атқару комитетінің  құрмет грамоталарымен, алғысхаттармен марапатталған. Іс-шара кезінде «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ-ның басшысы Алтай Алдабергенов, облыстық өсімдіктерді қорғау стансасында қызмет еткен Мақсат Залиев мекеме тарихы туралы айтты.

Нұркен Ғаппар,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале