Бүгін шаһар орталығында есімдері аңызға айналған қазақтың қаһарман қыздары Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова мен Хиуаз Доспановаға арналған ескерткіштің салтанатты ашылуы өтті.
Қоладан құйылған композиция мүсінші Нұрлан Далбайдың нұсқасы негізінде дайындалған. Ескерткіштің биіктігі 3,6 метр. Шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов, Қазақ КСР-нің халық әртісі, әнші, композитор Ескендір Хасанғалиев және Ұлы Отан соғысының ардагерлері Хамза Сафин мен Мұхтар Әжіғұлов қатысып, ескерткіштің ашылу рәсімін атқарды.
Содан соң Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Гапич пен еңбек ардагері, өңірге танымал өлкетанушы Жайсаң Ақбай сөз алып, батырлық пен ерлікті насихаттайтын аталмыш ескерткіштің маңыздылығына тоқталды.
Салтанатты шарада театрландырылған көрініс қойылып, патриоттық әндер шырқалды. Кейін жиылған қауым батыр қыздардың ескерткішінің алдына гүл шоқтарын қойды.
Гүлсезім БИЯШЕВА
zhaikpress.kz