9.11.2023, 12:15
Оқылды: 18

Ерте жүктілік етек алып тұр...

Қазақ қоғамында қызға деген құрмет қай кезде де жоғары болған. Шыр етіп жарық дүниеге қыз бала көрінгенде, әулеті «кестетігерім», «қазаншым» келді деп, жақын-жуығынан сүйінші сұраған. «Қызым – үйде, қылығы – түзде» деп болашағына бей-жай қарамаған. Қазақ қызының тәрбиесіне отбасы мүшесі ғана емес, бүтін бір ру, ел жауапты болған. Алайда соңғы кезде тәрбиеден олқылық кетті ме, әйтеуір, қыз қылығынан ажырап бара жатқандай. Әрине, көпке топырақ шашпаймыз, десе де биыл облыстық перинаталдық орталықта кәмелетке толмаған 49 жасөспірімнің жүктілігі тіркелген. Ерте жүктілік қыз баланың ағзасына қауіпті ме? Жас аналардың денсаулығы қалай қадағаланады? Түсік жасатудың салдары қандай? Жауаптарын сала маманынан білген едік.

pregnant-6178270_1280

Фото: pixabay

Алпыс жетінің 57-сі босанды

Облыстың штаттан тыс бас акушері, облыстық перинатальдық орталық директорының орынбасары, тәжірибелі акушер-гинеколог Альфия Оразбаеваның айтуынша, өңірде былтыр кәмелетке толмаған 67 қыз жүкті болса, оның 57-сі сәбиін бауырына басқан. Ал үшеуі жасанды түсік жасатып, жетеуі басқа облысқа көшіп кетіпті. Биыл күні бүгінге дейін 49 жасөспірімнің жүктілігі тіркелсе, оның 12-сі сәбиін босанған. Қалған 32-сі босануды жоспарлап отырса, төртеуі жасанды түсік жасатқан. Біреуі өзге облысқа көшіп кеткен. Кәмелетке толмай жүкті болғандардың дені 16-17 жастағы қыздар екен.

– Медициналық көрсеткіштер бойынша 18 жасқа дейінгі қызда пайда болған жүктілікті жасөспірімдер жүктілігі деп атаймыз. Құрсаққа шарана біткен кезден бастап ағза күшейтілген режімде жұмыс істейді. Яғни жүрек пен қан тамырларға, эндокриндік жүйеге, ішкі ағзаларға жүктеме түседі. Жасөспірім қыз жүкті болғанда оның физиологиясы ғана емес, ол психологиялық күйзеліске түседі. Яғни 11-17 жастағы жасөспірімнің ағзасы ана болуға физиологиялық және моральдық тұрғыдан да дайын емес. Ол эмоцианалды жетілмегендіктен, сәбиіне деген аналық сезімі болмайды. Мұндай жастағы аналарда көбінесе плацентарлы жеткіліксіздік, анемия және ауыр токсикоз жиі кездеседі. Жасөспірімдерді көп жағдайда кесір тілігімен босандырып аламыз. Өйткені олардың босану жолдары дайын болмайды. Мұндай жүктілік көп жағдайда жыныстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен бүлдіршіндерде кездеседі, – дейді ол.

Гинекологтың айтуынша, жасанды түсік үш әдіс арқылы жасалады. Яғни жүктіліктің бес аптасына дейін жасалатын вакуумдық түсік. Мұнда жатырдан ұрықты сорып алатын вакуумдық құрылғы қолданылады. Екіншісі, медикаментозды (дәрі-дәрмек арқылы жасалынатын) түсік. Дәрігердің қадағалауымен әйел дәрі қабылдайды. Сол күні немесе бірнеше күннен кейін жатырдан қан кетіп, әйел түсік тастайды. Соңғы алты-жеті жылда жасанды түсік жасатуда осы әдіс қолданылады екен. Жатырдың шырышты қабығы жарақаттанбағандықтан түсіктің бұл түрі жарақаты шектеулі түсік болып саналады екен. Үшіншісі, жатырды қыру немесе хирургиялық түсік. Түсік жасатудың кез келген  түрі әйелдің денсаулығы мен өмірі үшін өте қауіпті. Сәби сүймеген әйелдер болашақта бедеу болып қалуы да ықтимал. Ойнап жүріп от басқан жасөспірімдердің жүктілікті үй жағдайында үзуге тырысатындары да ішінара кездесетін көрінеді. Алайда өміріне қауіп төнген кезде дәрігерге хабар беріп үлгереді екен. Жасанды түсік жасату барысында әйелдің жатырынан қан көп мөлшерде кетсе, ол жатырынан айырылып қалуы мүмкін немесе өмірімен  қоштасу қаупі бар.

«Үш ай бұрын фолий қышқылын ішу керек»

– Перинатальдық орталыққа жүкті келіншектер келгенде «Сіз бұл сәбиді жоспарладыңыз ба?» деп сұраймыз. Сонда «Иә, жұбайым екеуміз тағы бір баламыз болғанын қаладық» дейді. Негізінен, әйел жүктілікке үлкен дайындықпен келу керек. Сәби сүюді жоспарлағанда үш ай бұрын фолий қышқылын ішудің маңызы зор. Өйткені әйелдің ағзасына дәрумен, соның ішінде фолий қышқылы жетіспесе, сәби кемтар болып туылады. Жүктіліктің 12 аптасына дейін шарананың ағзасы толық қалыптаспайынша, жүкті әйелдің тұмау жұқтырмауы да маңызды. Кез келген инфекцияны жұқтырмас үшін ол қоғамдық орындарға бармағаны дұрыс. Сондай-ақ болашақта әке, ана боламын деген жастар жыныстық қатынас арқылы жұғатын жұқпалы гинекологиялық аурулардан сақтануы керек. Қазір сифилис, гонорея, трихомониаз секілді жұқпалы ауруларға шалдыққандар да аз емес. Осы дерттердің алғашқы белгілері пайда болғанда науқастар қауіпті дертті жұқтырғанын іштей сезіп, интернеттен өздері қойған диагнозы бойынша  дәрі-дәрмек сатып алып, ішіп, дерттің алғашқы белгілерін «тұншықтырады». Осылайша өз-өздерін емдеуге тырысады. Науқас толық емдеу курсынан өтпеген соң, ағзасы әлсіреген кезде дерттің белгілері қайта шығады. Әсіресе, әлгі жұқпалы дерттерді жұқтырған әйел жүк­ті болса, құрсағындағы шарана шетінеп кетуі немесе кемтар болып тууы ықтимал. Ал ер адамдар жұқтырғанда және қатты суық тигізгенде белсіздікке душар болады. Ұрығы сапасыз болғандықтан, әйелінің құрсағына біткен шарана да шетіней береді. Дені сау ата-анадан сау бала дүниеге келеді, – деді Альфия Қажымұратқызы.

Дәрігердің айтуынша, бүгінде қыз-келіншектер жұқпалы емес гинекологиялық сырқаттардың ішінде эндокринологиялық гармондар бұзылысының салдарынан болатын дерттерге жиі шалдығады екен. Яғни гармондардың өзгеруіне байланысты келіншектер сәби сүйе алмай жатады. Етеккірі уақтылы келмей, бедеулік диагнозы қойылады. Жас қыздар мен 40-тан асқан әйелдердің жатырынан қан кетуі, климакстың ерте басталуы секілді жағдайлар да жиі кездеседі екен. Сондай-ақ жыныс мүшелерінің қабынуы мен қатерлі ісік дерттері де әлі де алдыңғы орындарда  тұрған  көрінеді.

«Қызымен әңгімелесетін ана аз»

Өмірде түрлі жағдайлар кездеседі.

– Бірде «Жедел жәрдем» кө­лігі сәбиін үйде босанған өлім хәліндегі бойжеткенді алып келді. Таңмен анасы кезекшілік ауысымынан келгенде үйде қансырап жатқан жерінен тауыпты. Қыз бала жүктілігі бойынша емханаға да тіркелмеген. Тіпті анасы қызының аяғы ауыр екенін білмеген. «Мен ақша табу үшін күндіз-түні жұмыста жүрдім. Жұмыстан келгенде қызым ұйықтап жатады.

Ол үйде кең киім киіп жүре­тіндіктен, ішінің өскенін байқамай қалыппын», – деп өзінше ақталды. Тоғыз ай бойы перзентінің бойындағы өзгерісті, ішінің өскенін байқамайтын қандай ана? Ұл-қызының тәрбиесін мүлдем қадағаламайды деген сөз. Қызының үйге түнемеген күндерін де білмейді. Міне, осындай тәрбиеден кеткен олқылық жас қыздың ғұмырын ерте солдырды. Ерте жүктілік – бұл жыныстық тәрбие тура­лы білімнің жеткіліксіздігінен. Бір­қатар отбасында аталған тақырып төңірегінде әңгіме-сөздің мүлдем қозғалмауында. Қыз бен анасының арасындағы жылы қарым-қатынас пен етене байланыстың жоқтығынан. Көп жағдайда жанұяда бұл тақырып жабулы қазан күйінде қала береді. Салдарынан енді ғана қауызын ашқан нәзік гүл сабағынан сынып жатады. Сол себепті бірінші кезекте отбасында қыз тәрбиесіне ерекше мән берілуі тиіс. Ана мен қыздың арасында ашық диалог болу қажет. Себебі қызға анасынан жақын сенімді адам жоқ, сол себепті оның ағзасында болатын өзгеріс кезінде түсіндіріп, әңгімелесу керек. Сондай-ақ, баланың сұрағына тыңғылықты әрі түсінікті жауап болған дұрыс. Міне, біздің кемшін тұсымыз да осы. Ұл болсын, қыз болсын ашық сөйлескен абзал. Әңгімелесу арқылы баланың болашағына немқұрайлы қарамайтыныңызды көрсетесіз, әрі ерте жүктіліктің, жалпы балаға төнген қауіптің алдын алуға болады. Ана қызы үшін жақын құрбыға айналса деймін. Онымен перзенті сырлас болып, өзін мазалаған ішкі ойымен бөлісіп, алғашқы махаббаты жайында ашық айта білгені жөн. Анасы да қызының білгісі келген әр сөзін тыйып тастамай, оның ойы мен пікірін тыңдауы керек. Бұл тұста әкенің де рөлі зор. Әкесіне еркелеп өскен қыз еш уақытта қателікке ұрынбайды. Сонымен қатар қыздың болашақ жар, болашақ ана екенін, басқа үйдің босағасын аттағанда бойын тік ұстап, тәрбиелеп өсірген ата-ананың жүзін төмен түсірмейтіндей етуі үшін табалдырықты пәк болып аттағаны ләзім екенін үнемі айтып отыруы артық болмайды. Сонда қыз жамандыққа жолықпай­ды, – деді облыстың штаттан тыс бас акушер-гинекологы Альфия Қажымұратқызы.

«Ұлдың ұяты – әкеге, қыздың ұяты – шешеге» демекші, біздің де бұған алып-қосарымыз жоқ.

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале