27.03.2026, 10:30
Оқылды: 16

Ертіс-Баян өңірінде

Ертіс (Павлодар) пен Жайыққа, Алатау мен Алтайға бармаған адам қазақ жерін көрдім деп айта алмайды дегенді бір жерде естігенім бар еді. Алтайда болған жоқпын, жас келген сайын уақытқа тәуелді бола береді екенсің, оны болашаққа тапсырдым… Қадам басқан әрбір жолдың өз тарихы бар. Абай атамыз айтқандай: «Білгенге маржан, білмеске арзан».

WhatsApp Image 2026-03-27 at 11.26.49

Қазақстан табиғатының өзім көрмеген жерлерін оқушыларым мен студенттеріме қанша жыл бойы патриоттық сезіммен, бар махаббатыммен теория жүзінде оқытсам да, сол жерлерде болып, ауасын жұтып, табиғатына тамсанғандағы сезім мүлде бөлек! Табиғаттың әр бөлшегінің өзіне тән ерекшелігі мен заңдылығы бар.

Жақында Ертіс-Баян өңірі – Керекуде болдым. Әсіре сілтеп жіберіпті демеңіз, бұл жерге барған – бақыт, бармаған – арман. Сарыарқаның інжу-маржаны Баянға келіп кеткен адам бойға қуат, ойға азық алып кететінін тек көзбен көріп қана емес, жан-тәнімен сезінеді екен. Бұрын тек шетелдік сапарларым туралы жазып жүр едім, міне, Ертіс-Баян өңірі де қолыма қалам алғызды.

Мені Керекуге әкелген – Павлодар қаласынан бар болғаны он шақырым жердегі Мойылды ауылында орналасқан «Мойылды» шипажайы. Еліміздің біраз шипажайларында (Ақтауда «Шипагер», Таразда «Самал», Қостанайда «Жайлау» т. б.) болдым. Соның ішінде ең қатты ұнағаны – осы «Мойылды».

Мойылды көлінің суы (рапа) мен қара балшығының емдік қасиетін адамдар сонау 1912 жылдан бері пайдаланып келеді екен. Ұлы Отан соғысы кезінде бұл табиғи ем көздері жаралыларды тез жазуға кеңінен қолданылған. Шипажайда сол кезеңдерді бейнелейтін тақталар да бар.

Бүгінде Мойылдыға алыс-жақын шетелдерден келіп демалып жатқандардың қарасы қалың. Олар да дән риза. Қазір барлық шипажайларға ортақ ем-шаралар белгілі ғой. Мойылдының тек рапа деген ваннасын алғанның өзінде бойыңдағы жиналған ондаған кінәраттан бірден жеңілдеп қаласың. Қазағым айтатын «сәтін салса» мүлде айығып кетуің де ғажап емес.

Рапа суын шипажай іргесіндегі көлден алады. Көл қыста түбіне дейін қатып қалатындықтан, ол су тек көл мұздан түгел арылған уақытта ғана пайдаланылады. Көл жағасындағы қара балшықтың емдік қасиеті де ерекше. Қыс айларында шипажайда ваннаға сол жердің минералды суы қолданылады. Ол су шипажай ішіне келіп тұр, адамдарға белгілі мөлшерде ішуге де рұқсат етілген. Көпшілігі оны ішіп те, ыдыспен алып кетіп те жатады. Мен дәмін татып көрмегенімді мойындаймын  (неге екенін өзім де білмеймін).

Мойылдыда бір мезетте 600-ден астам адам демалып жатса да, ем-шара алу үшін кезек күту деген атымен жоқ. Шипажай демалушыларға 17 түрлі ем-шара ұсынады. Демалушылар дәрігерлермен кеңесе отырып, өзіне қажеттісін алады. Сауықтыру гимнастикасы да басқа шипажайлардағыдай тек бір белгіленген уақытта емес, күні бойы сағат сайын өткізіледі. Әр адам өзіне ыңғайлы уақытта қатыса алады.

Ақылы ем-шара түрлері де бар. Тамақтары кез келген талапқа сай. Басқа шипажайлардағыдай тек мәзірге қарап отыра бермей, қалаған асыңды ішуге мүмкіндік бар. Ішкі және сыртқы тазалық жоғары деңгейде.

Шипажайдың кітапханасы да бай. Тек демалыс күндері істемейтіні ғана көңілімнен шықпады. Демалушыларға арналған мәдени іс-шаралар арасында би кешін айтпағанда, есте қаларлықтай бірегей жиындар жиі ұйымдастырылады. Мысалы, жергілікті және шетелдік ақындар қатысқан «Поэзия кешін» атауға болады.

«Ел іші – өнер кеніші» деп тегін айтылмаған ғой. Баян­ауылдан шыққан руханият өкілдерімен, жас ақындармен таныстық. Әртүрлі концерт күн сайын өтіп жатады. Сенбі, жексенбі күндері бірнеше бағыт бойынша ақылы танымдық экскурсиялар ұйымдастырылады.

Мен өзім таңдаған экскурсия – «Мойылды – Баянауыл» бағыты. Бұл – Павлодардан 230 шақырым жер. Біз таңғы сағат алтыда жолға шығып, кешкі сегізде оралдық. Жолдың алыстығынан сәл қорыққаным рас, бірақ ол жерді көруге деген құштарлығым бәрін жеңді. Жол жақсы болғандықтан қатты шаршамадық. Бұл жаққа жол түссе, міндетті түрде барыңыздар. Курортты демалыс орындары көп, табиғатына қарап-ақ туристер үшін тартымды аймақ екенін аңғарасың. Мен ондағы демалыс орындарына барып көрмеген соң, нақты баға бере алмаймын. Бірақ еліміздегі туристік сервис деңгейі бәрімізге белгілі ғой…

Мойылды-Баянауыл бағытымен келе жатып, Майқайың ауылында аялдадық. Өкінішке қарай, ондағы дәретхананың жағдайын көріп, көңіліміз түсіп кетті. Ал негізі, Жаратқан Қазақ еліне қандай тамаша табиғат сыйлаған! Табиғат – сезім, табиғат – төзім, табиғат – емші. Тек соны дұрыс пайдалана білсек екен.

Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – Павлодар облысының Баянауыл ауданында 1985 жылы құрылған Қазақстандағы алғашқы ұлттық парк. Баянауыл – еліміздегі он негізгі туристік бағыттың бірі. Ертіс-Баян өңірі тарихи орындарымен қатар көптеген дара тұлғалар –  Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Шәкен Айманов, Кәукен Кенжетаевтардың отаны.

Біздің экскурсия жоспары  Баянауыл және Торайғыр ауылдарын аралауды, ондағы Сұлтанмахмұт Торайғыров пен Қаныш Сәтбаев музейлерін көруді, Кемпіртас, Серкетас, Найзатастарды тамашалауды, Торайғыр, Жасыбай және Сабындыкөлге баруды қамтыды.

Торайғыр – тамаша табиғаттың ортасында орналасқан шағын, көрікті ауыл. Сұлтанмахмұт музейі екі қабатты шағын үйде жақсы жабдықталған. Өмірден ерте озған (27 жасында) ақын аз ғұмырында-ақ «Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып Күн болам, Күн болмасам, кім болам?» деп жырлап кеткен. Әттең, бір кем дүние…

Торайғыр ауылының іргесінде қысы-жазы таудан ағып жататын, суы салқын мөлдір Әулие бұлақ бар. Оның емдік қасиеті бар екен. Қайтарда ыдыстарымызға су толтырып алдық. Бұл жерге шетелдік туристер де жиі келеді.

Торайғыр көлі құзды жартастың етегінде орналасқан. Жоғарыдағы суретте мен Торайғыр көлінде тұрмын. Артымдағы құз жартастың да өз тарихы бар – ол «Сәкен жар» деп аталады. Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романында жазушының азап вагонынан қашып, осы жартаста жасырынғаны айтылады.

Торайғыр мен Жасыбай көлдерінің аралығындағы «Кемпіртас» туралы бірнеше  аңыз бар. Соның бірінде жалғыз ұлы соғысқа кеткен кемпір ұлын зарыға күтіп, ақыры тасқа айналған делінеді. Жергілікті тұрғындар бұрын тас мүсінде тіл болғанын, тың игеру жылдарында вандалдар оны трактормен жұлып  әкеткенін  айтады.

Экскурсия ұйымдастырушылары Қазақстанның жалауын ала шыққан екен. Кейбірі «Өз елімізде жүрміз, не қажеті бар?» десті. Бірақ, менің ойымша, Баянауылда жалаумен түскен суреттерді шетелдегі туыстар мен достарға «Міне, біздің еліміз осындай әдемі» деп көрсетуге тұрарлық.

Жасыбай – тектоникалық жолмен пайда болған, тереңдігі шамамен он метр, ағынсыз көл. Ол ерлікпен қаза болған Жасыбай батырдың есімімен аталған. Көлдің суы – радонға бай, түрлі ауруға шипа. Көлге шомылушылар өте көп келеді екен.

«Айнадай қандай таза Жасыбай көлі, Көреді суына түскен өзін-өзі» – деп ақындар тегін жырламаған ғой.

Ертіс-Баян өңірінде алдағы уақытта жасанды интеллект платформаларына енетін материалдар жеткілікті екеніне көзім жетті.

Баянауыл маңында теңіз деңгейінен 300 метр биіктікте Сабындыкөл орналасқан. Осы жердің тумасы, академик Ә. Марғұлан «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын «Мәңгілік жыр» деп атаған. Аңыз бойынша, сұлу Баян суға шомылғанда сабынын түсіріп алғандықтан, көлдің суы жібектей жұмсақ болып, Сабындыкөл аталыпты. Көл маңында демалыс орындары көп.

Жалпы экскурсия «Мойылды» шипажайы демалушылары үшін жақсы ұйымдастырылған. Таңғы асымызды қонақжай Баянауылда, әдемі киіз үйде ауылдың бауырсағымен, қаймағымен іштік. Түскі асымыз ауыл кафесінде болды. Павлодардан Баянауылға дейінгі 230 шақырым жол бойындағы барлық елді мекендердің атауы қазақша  екен. Шынымды айтсам, мұны бұл облыстан күтпеп едім. Облыс аты – Павлодар…

Теледидарларында қазақстандық арналар бар, бірақ ресейлік каналдар да кең таралған, жаңалықтарын үздіксіз беріп жатады. Шипажайда ұйымдастырылатын экскурсиялар тізімінде Павлодардан 200 шақырым жердегі Мәшһүр Жүсіп кесенесіне де саяхат бар екен, бірақ екі апталық демалыста оған баруға мүмкіндік болмады.

WhatsApp Image 2026-03-27 at 11.27.20

Павлодар қаласымен таныстықты 2001 жылы ашылған, екі қабатты, сыйымдылығы 1500 адамдық Мәшһүр Жүсіп атындағы мешіттен бастадық. Ол жерде елдің амандығы, халықтың тыныштығы үшін тілек тіледік. Мешіттің сәулеті ерекше әдемі.

Павлодар – облыс орталығы, 600 мыңға жуық халқы бар өнеркәсіпті қала. Ертіс жағалауын теплоходпен жүзіп тамашаладық. Бұл жағалаудан басқа қалалардағы өзен жағалауларынан асып бара жатқан өзгешелік көрмедім.

Павлодарда еліміздегі үш трамвай жүйесінің бірі жұмыс істейді (қалған екеуі – Өскемен мен Теміртауда). 1965 жылдан бері үздіксіз қызмет етіп келеді. Облыстағы төрт жоғары оқу орнының үшеуі –  Павлодар қаласында, біреуі –  Екібастұздағы академик  Қ. Сәтбаев атындағы инженерлік-техникалық институты. Сонымен қатар өзге ЖОО филиалдары да бар.

Ғабиден Мұстафин: «Білімім жеткен жерге дейін адалмын» деген екен. Мен көзім көріп, аяғым жеткен жер туралы жаздым. Мен өзім бір барған жерге екі рет бармаймын деуші едім. Бірақ «Мойылды» бұл көзқарасымды өзгертті. Саяхат өз алдына, ал сапалы ем алу – адамның өмір сапасын арттыратын ең маңызды нәрсе. «Мойылды» осы талапқа толық сай. Арғы жағын өздеріңізге қалдырдым…

2025 жылғы Дүниежүзілік бақыт туралы есепке (World Happiness Report) сәйкес, Қазақстан Оңтүстік-Шығыс Азия елдері арасындағы ең бақытты үш елдің қатарына енген. Бұл тізімде Тайвань, Сингапур, Қазақстан, Вьетнам, Тайланд, Жапония, Филиппин, Оңтүстік Корея, Малайзия және  Қытай бар. Наурыз айында ТМД елдері арасында Қазақстан ең бақытты ел ретінде танылған болатын.

Мына алмағайып заманда еліміз аман, жұртымыз тыныш, Қазақ елінің бақыты мәңгілік болғай! Сапалы шипажайлар мен еліміздің көрікті жерлерінде кездесуді нәсіп етсін!

 

Сұлушаш Құлмалиева,

зейнеткер ұстаз,

Астана қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале