Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өтіп жатырған ХХIV жазғы сурдлимпиадалық ойындарға ҚР құрама командасы да қатысты. Ел намысын қорғаған спортшылар қатарында батысқазақстандық Дина Ержанова сурдо-дзюдодан 52 келі салмақта қола жүлдеге ие болды.
Батыс Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметі бойынша, Дина Аралбекқызы 2018 жылдан бастап мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған спорт клубында тұрақты шұғылданып келеді. Қайсар бойжеткен бұған дейін сурдо-дзюдодан Қазақстан Республикасының чемпионы, Қазақстан Республикасы Кубогінің иегері атанған. 2021 жылы Франция мемлекетінің Версаль қаласында өткен әлем чемпионатына қатысты.
Дзюдо күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері Дина Ержанова Бәйтерек ауданының Мичурин ауылында тұрады. Облыстық есту қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп-интернатының түлегі бүгіндері Орал қаласының жоғары гуманитарлық-экономикалық колледжінде дене шынықтыру және спорт пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алуда. Динаны тәжірибелі бапкерлер – Теміржан Хасанғалиев пен Арман Байенов жаттықтырып жүр.
Нұртай Алтайұлы,
zhaikpress.kz