16.04.2024, 11:30
Оқылды: 54

Есенсайда дәрігер жоқ ...

Егде тартқан соң ба, басымыз ауырып, балтырымыз сыздау жиілеген үстіне жиілеуде. Ақжайық ауданының Есенсай ауылына дәрігер қажет. Жақында қатты ауырып, дем ала алмай қалдым. Аудан орталығындағы терапевт Сұңғат Ғаділжанов  порталға салып, ауруханаға емдеуге жатқызды. Ауруханаға келген күннен-ақ мені білікті дәрігер, терапевт Ербол Бәкішев қарауына алды. Жас маманмен тілдесіп, мейір мен шапағатты, кәсіби шеберлікті көп талап ететін бұл мамандыққа қалай келгенін сұрастырып алдым. Жәнібек ауданының тумасы екен. Бала кезінен дәрігер болуды армандапты. 2015 жылы орта мектепті аяқтап, Алматы қаласындағы С. Асфендияров атындағы қазақ Ұлттық медициналық университетіне оқуға түсіп, сегіз жыл оқып, терапевт-дәрігер атанды. Ауданға Ерболдың келгеніне көп бола қойған жоқ, былтыр «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен аудан орталығына жұмысқа тұрыпты.

25-fap-1

Емдеу бөлімінде қызмет ететін Ерболдың мен секілді пациенттерден алған алғысы көп. Солай болуы да керек, себебі әр адамға ерекше мейі­рімін төгіп, жеке қабылдап, қал-жағ­дайынан құ­лағдар болып отырады.

Ауруханаға түскен бойда-ақ жағдайымды толық тексеріп, палатама өзі орналас­тыр­ды. Бақылауда ұстады. Мамандығын жетік меңгергені анық байқалады, аурудың диагнозын дөп тауып, тиімді ем-дом шараларын белгіледі. Гиппократ антына берік, білікті дәрігерге алғыстан басқа айтарым жоқ.

Осы ауруханада 34  жыл медбике  болып жұмыс істеп жүрген Дидар  Рамазанова қызымның да қолынан  шипа дарыды. Ингаляция жасап, қолқамды тазартты. Дәрі салғанда  тамырды дәл тауып, науқастардың  алғысын арқалап жүр. Сонымен қатар рентген бөлімінде қыз­мет ете­тін Шынар Науқанқызына да аналық алғысымды арнадым. Кіші қызметкерлер мен аспаздың да емделіп жатқан адамдардың әрдайым көңілінен шығатынын айта кету керек.

Негізінен, мен 2018 жылдан бері жүрек ауруы бойынша есепте тұрамын. Алғаш Орал қаласындағы кардиологиялық ауруханаға жатып, он күн ем алдым. Шығарып саларда сондағы дәрігерлер алты ай сайын аудандық ауруханада емделіп тұруымды ескертті. Жасымыз ұлғайған соң, денсаулығыңа жіті қарайсың ғой, үзбей келіп, аудандық емханаға қаралып тұрамын. Ал облыстағы дәрігерлер айтқандай, жылына екі рет ауруханаға жатып, ем алайын десек, орын бола бермейді. Осыны басшылық қаперге алса дейміз.

Есенсай ауылындағы аурухана жуырда жөнделгенімен, дәрігер табылмағанына 4-5 жылдың жүзі болды. Жұмыс істейтін жалғыз фельдшер. Тиісті анализдерге сараптама жасайтын медбикеміз де жоқ. Ауру да апат секілді, айтып келмейді. Аяқ астынан сырқаттанып қалсақ, қиын. Өйткені ауылда қарапайым дәке, парацетомол мен аспирин алатын дәріхана атымен жоқ. Ауыл халқына ауыр. Осы ретте фельдшер, жас маман Әліби Хамзиннің еңбегін айтпай кетуге болмас. Күн демей, түн демей, уақытпен санаспай, шақырған уақытта келіп, ем-домын жасайды. Кеңсуат елді мекенінде де маман жоқ, екі ауылдың ортасында шауып жүргені. Жас маманға мұндай ауыртпалықты аурухана басшылығы қалай артып қойған өзі?! Қос ауылға ортақ жалғыз фельдшер болғасын еңбек демалысына да уақыт таба алмайды. Ол кетсе, бізге де қиын, акушерге қаралуға мәжбүрміз. Есенсайда талай еңбек ардагері тұрады, осы өңірге әрқайсысының сіңірген еңбегі зор. Үлкейген соң, бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмайды, дәрігер бізге ауадай қажет. Аудан орталығына күнде сабылып жүру де мүмкін емес, жол қатынасы да тек күн ашық-жарықта жақсы. Қалған уақытта осы Есенсайдан шыға алмаймыз. Сондықтан өңір басшылығы осыны ескеріп, біздің ауылға дәрігер жіберсе, жақсы болар еді.

Меруерт  Қауымбаева,

еңбек  ардагері,

Ақжайық  ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале