Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, Шыңғырлау ауданындағы барлық ауылдық округ әкімдері кезекті халық алдында есеп беру кездесулерін өткізді.
Осы орайда, желілік кестеге сай бүгін Ащысай мен Шыңғырлау ауылдық округ орталықтарында халықпен кездесу ұйымдастырылды.
Жиындар жаңа форматқа сәйкес сұрақ-жауап түрінде өтті. Кездесулерге аудан әкімінің міндетін атқарушы Дархан Абдрашитов, ауыл тұрғындары, мекеме, ұйым басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Ащысай ауылында өткен есептік жиында ауылдық округі әкімі лауазымына тағайындалғынына тек ай ғана болған Жасқайрат Айсиев округ көлеміндегі статистикалық ақпараттарды баяндады.
Сонымен қатар, әкім иттердің өсуіне қарсы күресті күшейту, спорт алаңын жөндеп, ретке келтіру, округ мамандарына арнап тұрғын үй салу, Талдысай ауылының ауыз су құдықтарын жөндеу секілді мәселелерді жүзеге асыру мақсатында болашақ жұмыс жоспарына енгізген.
Аудан бойынша соңғы есептік жиын аудан орталығы Шыңғырлау ауданында өтті. Көлемі жағынан үлкен, халқы көп болғандықтан округ әкімі Әділ Қаражанов әлеуметтік, ауылшаруышылық, құрылыс және абаттандыру салаларына жеке-жеке тоқталды.
Округ әкімі өз сөзінде аудан орталығында салынып жатқан 3 қабатты көп пәтерлі тұрғын үй мен ашық стадион және Шоқтыбай ауылындағы су құбырының құрылысының жүру барысын, шағын елді мекендер: Жанакүш мен Ұрысай ауылдарына 15 нүкте жарық шамдарын орналастырғандарын айтты.
- Бүгінде Шыңғырлау ауылдық округінің халық саны 9284 адамды құрап отыр. Аула саны 2287-ге жетті. Өткен жылы атаулы әлеуметтік көмекті - 31 отбасы, 5 млн 870 мың 939 теңге алған болса, биылғы жылдың басынан бері бүгінгі күнге 18 отбасыға 3 млн 8 мың теңгеге қаржылай көмек көрсетілуде. Сонымен қатар кәсіпорын, ұйымдармен көрсетілген қайырымдылық көмек 208 отбасыға 1 млн 473 мың теңге құрады. Жыл басынан жұмыспен қамту бөліміне тіркелгендер 431 адам болса, соның ішінде тұрақты жұмысқа орналасқандары – 122 адам, қоғамдық жұмысқа жіберілгендер - 155 адамды құрады», - дей келе округ басшысы алға қойған жоспарларымен бөлісті.
Жалпы әкімнің жоспарларында осыған дейін есептік жиындарда жиі көтерілген сұрақтар енгізілген екен. Атап айтқанда, Ұрысай ауылында бір нүктеге колонка қою, ауыл орталығы көшелеріне асфальт төсендісін төсеу, аудан орталығына жаяу жүргіншілер жолын салуды жалғастыру, кәсіпкер арқылы ХПП ықшам ауданына спорт алаңын салу, Жанакүш, Ұрысай елді мекендерін ұялы байланыс және интернет желісімен қамту бойынша және аудан орталығына су ағатын арықтардың құрылыс жұмыстарын жүргізу секілді маңыздылығы жоғары мәселелер әкімнің жоспарынан орын алған
Аман Ізмұхан,
Шыңғырлау ауданы,
zhaikpress.kz