26.06.2025, 17:30
Оқылды: 132

«Ешкім депутаттыққа жоғары оқу орнында оқымайды»

Орал қаласындағы «PARK HOTEL URALSK» мәжіліс залында облыс мәслихаты депутаттарына  арналған ауқымды  практикалық тренинг ұйымдастырылды.

DSC09806

Аталған  тренинг депутаттық корпустың  біліктілігін  арттыру бағдарламасы аясында ҚР  Президенті Іс басқармасы жанындағы материалдық-техникалық қамтамасыз ету  басқармасының «Парламентаризм  институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы  республикалық мемлекеттік  кəсіпорнының серіктестігімен жəне Астанадағы  ЕҚЫҰ  бағдарламалар офисінің қолдауымен, облыстық мәслихаттың ұйымдастыруымен  оздырылды.

Облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев тренингке қатысушыларға сәттілік тілеп, жергілікті өзін-өзі басқару құрылымдарының әлеуетін арттыру мақсатында осындай тренингтердің жүйелі түрде өтуінің маңыздылығын атап өтті. Ал парламентаризмді дамыту қорының президенті Зәуреш Батталова тренинг халық қалаулыларының қолданбалы құзыреттерін дамытуға бағытталғанын айтты. Бағдарламада рөлдік ойындар, отырыс модельдері, нақты жағдайлар мен кейстерді талдау қарастырылған. Мұндай тренинг өңірде ғана емес, одан басқа Ақтөбе, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында ұйымдастырылады.

– Депутаттардың ең бірінші міндеті – сайлаушылармен кездесу, олармен дұрыс қарым-қатынасты қалыптастыру. Сонымен қатар сайлаушылардың аманаттарын орындау, олардың сұрақтарына нақты жауап беру үшін мемлекеттік құрылымдармен де байланысы берік болуы тиіс.  Депутат болғандықтан, халықтың ой-пікірін, мұң-мұқтажын атқарушы құрылымдарға жеткізіп, тиісті шешім қабылдауға ықпал жасайды.  Ешкім депутаттыққа жоғары оқу орнында оқымайды. Сайланғаннан кейін осы салада шыңдалады, үйренеді. Халықаралық тәжірибе бойынша депутаттарды үйрету керек. Міне, осыны біз практикалық тренингтің мақсаты етіп қойып отырмыз, – деді Зәуреш  Қабылбекқызы.

Парламентаризмді дамыту қоры президентінің сөзіне сүйенсек, әр өңірдің өзіне тән түйткілді мәселелері бар. «Мысалға, Ақ Жайық өңірін зерттегенімізде, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, су тасқыны,  газбен қамтамсыз ету, жол мәселелері бар екенін білдік.  Оны депутаттар да біледі. Бірақ осындай мәселе бар деп құр қақсағанмен, одан ештеңе өнбейді. Сондықтан мәселелердің түйінін тарқату, нақты шешімін табу мәселелерін іс жүзінде қарастырамыз. Алты адам спикер болып келдік, топ-топқа бөлініп, жұмыс істейміз. Қатысушылардың дені – аудандық мәслихаттардың депутаттары, жастар, мәслихат төрағалары», – деді ол.

Тренинг төрт тақырыптық бағытты қамтиды. Оның біріншісі – қоғамдық коммуникацияның заманауи әдістеріне үңілту, халық пен сайлаушылармен, атқарушы құрылымдармен және мемлекеттік емес ұйымдармен, БАҚ-тармен және басқалармен қарым-қатынас құру жайы. Екінші бағыт – мəслихаттардың нормативтік-құқықтық базасы тақырыбы. Яғни депутаттар өз қызметтері барысында тек  «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңмен шектеліп қалмайды, одан басқа «Қоғамдық бақылау туралы», «Қоғамдық кеңестер туралы» заңдар және әкімшілік процедуралық процессуалдық кодекс, бейбіт шеру өткізуге қатысты, халықтың арыз-шағымдарын қарастыру тәртібі туралы заңдар  бойынша жұмыстанады. Осыны оларға нақты мысалдармен байланыстырып түсіндіреміз. Үшінші бағытта бюджеттің ашықтығы, бюджетті бақылау, бюджетке қатысты негізгі шешім қабылдағанда қандай мәселелерді көтеру арқылы дұрыс шешім табу жолдары  айтылды. Төртінші бағытта депутаттардың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТКШ) мəселелерімен жұмыстану, түйткілді мәселелерді шешудің жолдары және осы мәселелерді шешудегі халықаралық және отандық тәжірибелер жайы қамтылады. Қатысушылар топпен жұмыс барысында шешім жобаларын, өтініш үлгілерін жəне регламенттер əзірледі. Бұл құжаттар болашақта депутаттық қызметте қолдануға жарамды құралдарға айналып, өзге өкілетті құрылымдарға арналған  əдістемелік  ұсынымдардың  негізі  болмақ.

«Депутаттар мандатқа ие болғаннан кейін олардың мойнына үлкен жауапкершілік жүгі артылады. Олар өздеріне жүктелген міндет-миссияны орындау үшін олардың білімі, практикалық тәжірибесі, коммуникациялық қарым-қабілеті жоғары болуы тиіс. Соған сәйкес біз халық қалаулыларын оқытып, бағыттаймыз», –  деді З. Батталова.

Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының халықаралық сарапшысы, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты  Мереке Ғабдуәлиев 2015 жылдан бастап ауылдық округ әкімдерін оқыту семинарларын қолға алынғанын  айтады.

– Бұл саладағы заңнамаға өзгерістер енгізілді. Бұрын жергілікті мемлекеттік басқару туралы заң болғанын білеміз, кейін ол «Жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару туралы» заң деп өзгертілді. Халық қалаулыларына заң арқылы азаматтарға көмектесу үшін практикалық тұрғыдан материал беруді көздейміз. Бұл сонда нақты не дейсіз ғой? Мысалға, депутаттық сауалдың сипаты, қазір заңда петиция (билікке жіберілген жазбаша түрдегі ұжымдық өтініш) түсінігі пайда болды. Айталық, мәслихатқа петиция түсті, әрі қарай не істеу керек? Біз осы туралы тренингте егжей-тегжейлі түсіндіреміз. Одан басқа азаматтармен кездесулер өткізу  секілді өзекті мәселелер бар, түрлі сұрақтарға дұрыс жауап беру жайын сөз етеміз. Қазіргі кезде заңнама алға шықты, ол азаматтарға  мемлекетпен  тең  дәрежеде  талап  қою  құқығын  береді, – деді Мереке  Ғабдуәлиев.

Лариса Қайырғалиева Бөкей ордасы ауданындағы Сайқын ауылдық округінен аудандық мәслихатқа жетінші және сегізінші шақырылымға депутат болып сайланған. Қазір аудандық  мәслихаттың  төрайымы  қызметін  атқаруда.

– Біз, халық қалаулылары, сайлаушылар аманатын, сайлауалды бағдарламамызды орындауға күш саламыз.  Күн сайын сайлаушылар өздерінің мұқтаждарын айтып, мәселе көтеріп келеді. Оларды мазалайтын мәселелерге ұсақ-түйек не көкейтесті деп бөліп қарамаймыз. Өйткені олар, ең болмаса, моральдық жағынан қолдауымызды күтеді. Аудандағы өзекті мәселелердің бірі – аудан және облыс орталықтарын байланыстыратын жол құрылысы еді. Қазіргі кезде Оралдан Бисен ауылдық округіне дейін күре жол  салынды.  Енді осы жол әрі қарай ең шеткі Ұялы ауылдық округіне дейін жалғасып, Жаңақала ауданы арқылы облыс орталығына шығуға мүмкіндік бермек. Бұл мәселе кезең-кезеңмен шешімін табуда. Одан басқа ауданда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде. Баспана кезегінде тұрғандар саны 350-ден астам. Бұл күндері тұрғын үй әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға, көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға  арналып салынып жатыр.  Алайда ауылға жұмысқа келіп, баспанадан тарығып жүрген жастар баршылық. Аудан әкімдігімен бірлесіп, аса зәру мамандық иелері – дәрігерлерді баспанамен қамтуға көңіл бөлеміз. Оларға жергілікті бюджеттен қаражат бөліп, мүмкіндігіне қарай баспана сатып алынады. Өйткені халықтың денсаулығы басты назарда, оның үстіне ауданымыз шалғайда орналасқан.

DSC09790

Жұмыссыз адамдарды жұмысқа тұрғызу да күн тәртібіндегі мәселелердің бірі. Әлеуметтік бағдарламалар бойынша  жұмыс табылғанымен, тұрақты жұмыс табу қиын. Сондықтан тұрғындарды түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға үндейміз, жаңадан кәсіппен айналысса, өз кәсіпкерлігін ашса дейміз. Ең болмағанда мал өсіріп, әлеуметтік төлемдерге қарап қалмауын ойластырамыз. Әсіресе жас отбасылардың шағын өндірістерін ашып, отбасы бюджетін толықтыруын қолдаймыз.

Биыл Хан ордасы аулында электр желілерін қайта құру жұмыстары жүргізіледі. Келесі жылы Бисен аулының электр желісі жаңартылады. Содан кейін кезекте аудан орталығы тұр. Үш ауылдық округ, соның ішінде Сайқын, Орда және Мұратсай электр қуатын Ресей Федерациясынан алады. Үстіміздегі жылы облыс басшылығы Жәнібек ауданындағы Өнеге ауылында газ турбиналы станса салынатынын мәлімдеді. Соның нәтижесінде екі аудан, Бөкей ордасы, Жәнібек аудандары отандық электр қуатымен толықтай қамтылады. Бұл мәселені бес жылдан бері көтеріп келеміз, сондықтан оның шешілгеніне қуаныштымыз. Сондай-ақ киік мәселесі бар. Халық киіктен көп зардап шегіп отыр. Бұл мәселе күн тәртібінен түспейді. Кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары, жеке малы бар тұрғындар осы мәселені жиі көтереді. Депутаттар билік өкілдеріне, Парламенттегі халық қалаулыларына мәселені бірнеше мәрте айтып, жеткізді.  Бұл мәселе шешіледі, қолға алынады деседі. Аудан халқы негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Жайылымды, шабындықтарды ақбөкендер отап кетіп жатыр. Бөгет, сай-саладағы суды да ішіп, тауысып кетеді. Мал  өсіріп, күнелтісін  айырып  отырған адамдарға жағдай жасауымыз керек.

Ұйымдастырылған тренингте тәжірибе алмасып, білімімізді жетілдірдік. Естіген жаңалық-жақсылықтарымызды, үйренген тәжірибемізді аудандағы әріптестерімізбен бөлісеміз,  –  деді Лариса  Қайырғалиева.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале