10.11.2023, 15:15
Оқылды: 50

«Есіл байлық қор болды ғой...»

Соңғы он шақты жылдың бедерінде шығармашылыққа мықтап ден қойған Хайролла Исмағұлов  ағамыз қолы қалт еткенде, «Орал өңірі» газетінің редакциясына жиі келеді. Осы кезге дейін Хайрақаң проза мен поэзиядан тұратын үш кітаптың авторы атанып үлгерген.

сырым логомен дала (3)

Бұрын ауыл шаруашылығы, кооперация салаларында қызмет атқарған Хайрекең сол төңіректен әңгіме қозғасаңыз, таңды-таңға ұрып әңгімелеуге бар. Бір келісінде әңгімеміз малдың терісі мен жүнінің жәйіне ойысқанда маған:

«Келесі келгенімде мен саған «Социалистік Қазақстанда» шыққан осы мәселе жөнінде жазылған мақаланы алып келейін», – деді.

Айтқандайын сөзінде тұрып, арада бір аптадай уақыт өткенде айтқан мақаласын алып келді. Мақаланың ауторы, республикалық газеттің біздің облыстағы меншікті тілшісі, кезінде өзіміз көре қалған, талай рет қасынан табылып, інілік ілтипатымызды іркіп қалмаған Ырзабаев Боранғали ағамыз екен.

«Тозықтан торқа, қалдықтан қамқа» деп аталыпты мақала.

Хайрақаң әлгі материалды осы күнге дейін сары майдай сақтап, бізге көрсетемін деуінде гәп бар екен. Өйткені жазылған дүние өзі туралы. Ағамыздың аңқаулау «қулығына» іштей мәз болып, сонау 1983 жылы 27 желтоқсанда «Социалистік Қазақстанда» жарияланған мақалаға төндік. Ол кезде Хайрекеңнің отыздан асып, кемеліне келіп, керторыға мініп жүрген шағы екен. Облыстық шикізат базасының директоры.

Мақаланы оқиық «Қазір база бойынша жылына бір мың центнерге тарта шикізат айналымға түседі, – дейді база директоры, жоғары білімді жас маман Хайролла Исмағұлов.

– Техникалық өңдеуден өткізілген мүйіз, тұяқ, сондай-ақ полиэтилен жұрнақтары экспортқа шығарылып, оның бір сомынан он сом пайда келтірілуде. Өткен жылы бір милион сомның шикізаты экспортқа шығарылып, он екі миллион сомның тауар айналымы жасалды. Ал биыл шетке сатылатын шикізаттың көлемі екі есе артып, соның есебінен қайтарым да осыншама көбеймек. Оған өндірістік базамызды кеңейтіп, технологиялық қуаттарды, барлық ресурстарды мол қайтарыммен пайдаланудың негізінде қол жетпекші.

Директордың бұл сөзі де орынды. Өйткені, әсіресе, соңғы екі жылда базаның өндірістік қуаты айтарлықтай нығайды. Тігін және тері өңдеу цехтарының технологиясы жетілдірілді, көкөніс, картоп дайындау фабрикаларының өнімділігі артты».

Мақала осылай деп, базаның қол жеткен жетістіктерін жіліктеп баяндап келіп, әрі қарай былай дейді:

«Дайындаушылардың мақсаты: жарамсыз деп тастаған затты пайдаға жарату ғой. Өйткені диалектиканың заңы бойынша дүниеде бар нәрсе жоғалмайды. Ал жоқтан бар пайда болмайды. Хайролла өз пікірін осындай фактілермен дәлелдеді. Айталық, жергілікті өнеркәсіп орындары жидіген мал терілерін далаға лақтырса, дайындаушылар оны жинап алып, өздерінде технологиялық өңдеуден өткізеді. Содан соң теріні экспортқа шығарады. Сөйтіп, екінші рет айналымға түскен шикізаттың бір сомын төрт сомның тауары етіп қайтарады».

Осынау жолдар арқылы мақаладан тек үзінді келтірдік. Әрі қарай директор Исмағұлов басқаратын базаның толағай табысы мен жетістіктері баяндалады. Боранғали ағамыздың майын тамызып жазған мақаласын оқып болып, Хайрақаңа қарадық.
– Бүгінде жарамсыз бүлінген тері мен шіріген жүнді пайдаға асырмақ түгілі, сапалы жүннің өзін (күзем, жабағы) тонналап жер астына көміп немесе өртеп жатырған жоқпыз ба?.. Бұрын жидіген мал терілерін дайындаушылар жинап алып, өздерінде технологиялық өңдеуден өткізіп, тіпті өзіміздің ел өз алдына шетелге де экспортқа шығарған ғой, – дейді Хайрақаң.

– Ал бүгінде сол байлықты қор қылдық... Осылай деп үнсіз қалған ағамыз сәлден кейін әңгімесін әрі қарай жалғады: «Қазақ қазақ болғалы, малдың терісі мен жүнін, мүйіз-тұяғын еш нәрсесін далаға тастамаған, бәрін де кәдеге жаратқан. Терісінен құлпырма тон, жүнінен жібек, мүйіз-тұяғынан тарақ сияқты дүниелер жасаған ғой. Сүйегін қайнатып, майын алған. Бұл ертеректен келе жатқан үрдіс еді, біз соны сөздің шын мағынасында өлтірдік... Мен өзім көрген, білген, қолыммен істеген жұмыстарымнан айтайын. Баяғыда өлі жүн, балақ жүн, бауыр жүн дегендерді онша менсінбей, далаға тастайтын әдет болды. Мен сонау сексенінші жылдары соларды жинатып алып, қазақтың ежелгі әдісімен өңдеп, шетелге экспортқа шығарттырғаным бар. Әлгі өңделген жүндерді Жапония елі қуана-қуана алды. Олардан біз сол кезде елімізге әлі дендеп келе қоймаған, сұранысы сұмдық жапон телевизоры мен магнитофонын, тағы да басқасын біздегі қат дүниелерге айырбастап ала бастадық».
– Сонда анау жүндерді қалай өңдеп жүрсіздер? - деп сұрадық осы арада біз.
– Ата бабамыз балақ жүн мен өлі жүнді, теріні сүт пен айранның қалдығымен (көк суымен) өңдепті. Көк суын қайнатып, жүннің бетіне шашқанда анау шіріп жатқан қалдық жүндер мен терілер әуелі микробтардан арылады. Айран мен сүттің көк суы оларға у сияқты әсер етеді. Сосын жұмсарып, ширайды. Кептіріп әрі қарай өңдегенде құлпырып шыға келеді. Жарам-сыз деп далаға тастаған тері мен жүндерді біздің дайындаушыларымыз ел аралап жүріп жинайтын. Базамызда арнайы тор тартылған қондырғы бар. Соған жүнді жеті сантиметр қалыңдықта жайып, теріні де солай жайып, жоғарыда айтқан сүт пен айранның қалдығын үстінен арнайы аппаратпен шашып белгілі бір уақыт ұстайды. Тордың астында жел үрлейтін қуатты желдеткіш бар, жүн мен тері сонымен кептіріледі. Ал сүт пен айранның қалдығын сүт комбинатынан қанша аламын десек те қолымызды ешкім қақпайтын. Ол жылдарда джинси шалбарлар мен күртешелердің қаны жерге тамбайды, таптырмайды. Дефицит. Біз жүн мен теріні өңдеп алғашқы партиясын Швейцарияға жөнелтіп, ол жақтан толып жатқан джинси киімдер алғанымыз есімде. Жарамсыз тері мен жүнді өңдеудің бұл әдісі қазақтан қалған десек, артық айтпағанымыз. Жылқының, сиырдың, түйенің, қойдың терілерін атам қазақ осылай өңдеп, аяқ киімнен бастап, үстіне киетін небір құлпырма тондар мен бешпеттерді солардан тіккен ғой. Бүгінде біз балақ жүн, бауыр жүн, өлі жүн түгілі, күзем мен жабағының өзін далаға лақтырып, жерге көміп немесе өртеп құртып жатырмыз. Тері де солай. Өйткені өңдейтін орын жоқ, ешкім онымен айналысқысы келмейді. Есіл байлық қор болды ғой, несін айтасың...
Осылай деп бұрынғы шикізат базасының директоры, кезінде Жапония мен Швейцарияға жарамсыз жүн мен терінің өзін құлпыртып экспортқа шығаруға мұрындық болған Хайролла Исмағұлов әңгімесін аяқтады.
Шіркін, барымызды базарлап, жарқыратып шетке шығаратын күндер енді қайтіп келер ме екен?!

Есенжол Қыстаубаев,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале