24.08.2021, 10:17
Оқылды: 67

Есіл еңбек еш болмасын немесе Маңғыстауға келесі керуен қашан аттанады?

Орал қаласындағы еріктілер Маңғыстау облысына мал азығын жинап жатқаны туралы жазғанымыз оқырман қауымның есінде болуы тиіс. Біз сүйіншілетіп хабар бергенімізбен, «Вагон-вагон шөп жіберіледі» деген межелі жоспар өткен аптада орындала бастапты. Орал қаласында 12 вагонға, Тасқала ауданында 10 вагонға орама шөп (рулон) тиелген.
Әр вагонға шамамен 35 орама шөп сыйған.

шшш

– Түркістан облысынан басталған игі іске көпшілік үн қосып, «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы мал азығын тасымалдау құнын 75 пайызға арзандатып берді. Бастапқы кезде «Қалған қаражатты облыс әкімдіктері қарастырса...» деген ұсыныс айтылып еді. Әзірше, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінен жарытымды көмек болмай жатыр. Атқамінерлерден техника сұрап отырмыз. «Омега» көпірі тұсындағы теміржол бойында тағы да 30 вагондай шөп жатыр. Мал азығын тиейтін вагондар әзір тұр. Тамыздың 2-сі күні жүк пойызының алғашқы легін аттандырдық. Вагондар жүру кестесінен кешіккен сайын тұрақ үшін айыппұл төлемі артуда. Халықтан 1 миллион 100 мың теңге қаржы жинап, айыппұл мен тасымалдау ақысын төледік. Қаладағы «41-тұйық» деп аталатын жерде 700-дей орама шөп жатыр. Ең болмаса, жалға алуға трактор мен эвакуатор таба алмай отырмыз. Алғашқы лекті аттандырар алдында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Алмат Есполов екі техника тауып беруге көмектесті. Қазіргі кезде  аталған басқармадан қайран болмай тұр. Қала әкімдігі де қол ұшын созуға құлық танытпады, – деді Талдықорған қаласынан арнайы келіп, мал азығын жинауды ұйымдастырып жүрген белсенді Мұратбек Солтанбай.

«Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы» АҚ мал азығын тасымалдауға 31 тамызға дейін жеңілдік жасауға келіскен. Еріктілер «Оралдан 200-дей вагон шөп жібереміз» деп жоспарлаған. Енді соның тең жартысын уәделі мерзімге дейін аттандырып үлгермек. Оралдан кейін Қостанай қаласына баруға оқталған Мұратбектің өңірге табаны тигеніне 20 күннен асып кетті. Қазіргі кезде «Оралдағы 30, Тасқаладағы 15 вагон шөп рәсуа болмаса екен» деп жанын салуда. Айта кетейік, облыстағы қайырымды азаматтар қал-қадерінше волонтерларға қарайласуда. БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы «Достық» қазақ-вайнах клубының жігіттері мен қала жастары әу бастан құрақ ұшып, игі істі ұйымдастырушы азаматтарға қосшы болып жүр. Бөкей ордасының азаматтары 300 мың теңге жинап берді. Облыстық мәслихаттың депутаты Мұрат Жәкібаев бір вагон бумашөп сыйласа, Орал қаласының Селекционный ауылдық округінің әкімдігі де дәл осындай көмек жасапты. Аудандардағы шаруа қожалықтары да мал азығын тегін тарту етуде.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сатқан Өмірзақов техника тауып беру үшін шаруашылықтарға жүгінгендерін айтты.

– Қазіргі уақытта күзгі жиын-терімге дайындық пен егін орағы қызу жүруде. Соған байланысты агроқұрылымдардың еріктілерге көмектесуіне мұршасы болмай жатыр. Ал біздің басқармаға қарасты материалдық-техникалық база жоқ екені белгілі, – деді Сатқан Ержанұлы.

Оның сөзінше, Батыс Қазақстан облысы мен Маңғыстау облысының әкімдіктері мал азығын бірлесіп дайындауға байланысты меморандум түзген. Шілде айының ортасынан бермен Маңғыстауға жүк пойызы мен аутокөліктер арқылы 50 тонна жем және 257,5 тонна шөп жөнелтілген екен. Меморандум бойынша маңғыстаулық шаруаларға Қаратөбе ауданынан 30 мың гектар шабындық жер ұсыну жоспарланды. Бірақ маңғыстаулықтар тарапынан сұраныс түспеді.

Маңғыстау облысында бұрын-соңды болмаған қуаңшылық сол өңірдегі шаруаларды әбден қажытып жіберді. Ал биыл көктемгі жауын-шашын түсімі мол болуына байланысты Батыс Қазақстан облысы аумағында көк майсаның жайқалып шыға келгенін Тәңірдің несібесі деп қабылдадық. Дегенмен шілденің шіліңгір ыстығына ұласқан тамыздың аптап-аңызағы тұрғындардың да, төрт түліктің де аңқасын кептіріп тұр. Кейбір аудандарда мал азығына деген сұраныс күшейе бастағанына қарамастан, маңғыстаулықтарға мол жем-шөп қоры жолдануда. Қыс кезінде құны алтыннан кем түспейтін шөптің қала ортасында апталап жатып қалғаны қынжылтады. Бәленің бетін әрмен қылсын, қураған шөпке оқыстан қызыл жалынның тілі тисе, обалы кімге болмақ? Тамыз айының аяқталуына да санаулы күн қалды. Осыдан кейін күзгі қара жауын шүмектеп жауса, сары майдай сақтап отырған сары сабан, көк майса орамы тұтас ысырап болары анық. Теміржолдан пайда тауып отырған алпауыт компания волонтерлар қозғалысына арналған акция мерзімі аяқталған соң тасымал бағасын күрт шарықтатады. Сондықтан «Ел ерге қарайды, ер жерге қарайдының» кебін кимей тұрғанда, қарапайым халықтың асарлатып жасап жатқан шаруасын ширатуға жергілікті атқамінерлер-дің шұғыл шешім қабылдамай отырғаны өңір жұртының абырой-беделіне сын болары хақ.

P.S. Бет қатталып жатқанда, ерікті Мұратбек Солтанбай Орал қаласындағы 13 вагонға шөп тиеліп жатқанын хабарлады. Әзірше, тасымал құнын өтейтін демеуші табылмағанын, арнайы қордан қаржы аудару туралы үндеуіне құзырлы құрылымдар елең ете қоймағанын, жылу ретінде жиналған қаражатты қайта есептеп көретінін айтты. Уақыт құны өлшеусіз сәтте «Маңғыстау үміт артып отырған қайырымдылық керуені тағы да тапжылмай тұрып қалмағай...» деген күдік көптің көкейін күпті қылып тұр.

 

Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале