«Қала күні - 2021» мерекесіне орай, өңіріміздің дамуына сүбелі үлес қосқан, ел есінде сақталған тұлғаларға арнайы пилондар орнатылды. Сонымен қатар түрлі салада табысты еңбек етіп, шаҺар дамуына үлес қосқан азаматтарды қала әкімі Абат Шыныбеков арнайы қабылдады.
Облыстың, қаланың, ауданның құрметті азаматы атағын беру ережесіне сәйкес Орал қаласы әкімінің ұсынысымен, Орал қалалық мәслихатының шешімімен жергілікті мемлекеттік басқару саласында өзін жеке қырынан көрсеткен және қаланың әлеуметтік-саяси, мәдени-экономикалық, рухани дамуына үлес қосқан азаматтарға «Орал қаласының құрметті азаматы» атағы беріліп, салтанатты жағдайда төсбелгі мен куәлігі табыс етілді. Олардың қатарында қоғам қайраткерлері Самиғолла Оразов пен Елена Тарасенко және ғылым саласындағы жетістіктерге қол жеткізіп, білім сапасын жақсартуға үлес қосып жүрген Ақсерік Әйтімов бар.
Қала әкімі Абат Шыныбеков шаһар тұрғындарын қала күнімен құттықтап, әлеуметтік-экономиалық даму бағытында жасалып жатқан жұмыстарды атап өтті.
– Қазіргі таңда Орал қаласында 320 мың тұрғын бар. Жыл сайын халық саны өсіп келеді. Осыған байланысты, қаланың территориясы да кеңейіп, сәйкесінше жаңа шағын аудандар мен кенттер құрылуда. Жаңа тұрғын үйлер Зашаған кентінде, қаламыздың солтүстік-шығыс бөлігінде көптеп салынуда. Жуырда жаңа Ақжайық шағынауданында құрылыс жұмыстары басталады. Қазіргі таңда мемлекеттік бағдарламалар арқылы 10 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Биыл 8 үйді пайдалануға береміз. 2021 жылы қала аумағында 30 км жол салынады. Тұрғындарды тұрақты ауыз сумен қамту үшін 16 ұңғыма күрделі жөндеуден өтсе, 6 ұңғыманы қазу жұмыстары жүргізілуде. Кәріз коллекторларының 25,6 шақырымына жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Қала экономикасына түскен инвестициялар көлемі жылдан-жылға артып келеді. 2021 жылы Оралда жалпы құны 17,4 миллиард теңге болатын 42 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл 882 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Өнеркәсіп өндірісі даму қарқынын сақтап, жаңадан әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жемісті жүзеге асуда, - деді Абат Абайұлы.
Салтанатты шарада ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері Ақұштап Бақтыгереева, техника ғылымдарының кандидаты, профессор, академик Ақсерік Әйтімов шаһар тұрғындарын мерекемен құттықтады. ҚР қоғам қайраткері, 1981-87 жылдары Орал қаласын басқарған «Зерде-Память» қорының төрағасы Қуанышбай Төлебаев қор атынан қаланың өркендеуіне үлес қосып жүрген азамататрға алғыс хат табыс етті.
Шарадан кейін меймандар Д.Нұрпейісова көшесінің бойындағы БҚО және Орал қаласының Құрметті азаматтарына арналған пилондардың ашылуына қатысты. Арбат бойынан орын тепкен пилондарға облыс, қаланың атын елге танытып, еселі еңбегімен ел есінде қалған тұлғалардың есімі жазылған. Олардың қатарында қазақтың көрнекті ақындары Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Ақұштап Бақтыгереева, Шәкір Жексенбаев және басқалар бар.
Сондай-ақ дәл осы күні қалалық білім беру бөлімі дәстүрлі «Гүлдер фестивалін» өткізді. Арбат бойында орналасқан фестиваль қонақтарын Дина Нұрпейісова атындағы саз мектебі мен балалар өнер мектебі ансамблі қарсы алды. Қалалық білім беру бөліміне қарасты қосымша білім беру ұйымдарының жұмыстары облыс басшысы Ғали Есқалиев, қала әкімі Абат Шыныбеков бастаған меймандар мен қала тұрғындарының назарына ұсынылды.
Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz