9.04.2021, 10:30
Оқылды: 102

«Есімізде қанды майдан жорықтар»

Қалам Сүйіншәлиев 1925 жылы 18 қаңтарда Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданының Қызылжар ауылдық кеңесінде дүниеге келді. Ол бес жаста болғанда отбасы Орал қаласына қоныс аударады. Селекциялық тәжірибелік станса жанындағы 12 жетіжылдық мектепті бітірген соң, Тайпақ ауданындағы орта мектепке келіп, туысқандарының үйінде жатып оқиды. 1943 жылы орта мектепті тәмамдаған бойда Кеңес әскері қатарына шақырылады. Әскерде ол Бакудегі 13-батареяның қашықтық өлшеу командирі болып, 80 мм зеңбіректі үш ай меңгереді. Сарбаздарды бұдан соң Тбилиси қаласының шет жағына орналастырады. Грузия мен Түркия шекарасына әдейі әуе жолын бақылап қорғайтын әскери бөлімдер құрып, жаңа қару-жарақты меңгертіп, құпия стратегиялық жоспарды бастауға даярлады. Олардың алдында Қара теңізге келген қару-жарақ, азық-түлік, стратегиялық маңызы бар жүктерді машинаға тиеп, Тбилиси мен Баку арқылы жолды қамтамасыз ету міндеті тұрды. Сарбаздар «Зенитный» зеңбірегінің алыстығын, қашықтығын бақылады. Сөйтіп, Қалам аға Закавказье майданындағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімінің құрамында әскери міндетін өтейді. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін бірнеше жауынгерлік ордендермен, медальдармен марапатталды.

 Суиншалиев Халам (2)333

– Ұлы Отан соғысында бақайшағына дейін қаруланған фашистерді жеңуімізге ұлт-ұлыстардың интернационалдық достығы мен жауынгерлік бірлігі, жастардың бойындағы патриоттық сезімі зор ықпал етті. Біз майданда болғанда патриоттық, елжандылық рухтың, майдан мен тылдың арасындағы қарым-қатынастың бір-бірімен тығыз байланыста екенін көрдік. Бүгінгі тәуелсіздігімізге білектің күшімен, найзаның ұшымен қол жеткіздік. Бұл ата-бабамыздың ежелден аңсаған арманы болатын. Сол арман-мұраттарымыз, мақсаттарымыз орындалып, бүкіл әлем таныған елге айналып отырмыз. Тәуелсіздігімізді тұғырлы, баянды етуді болашақ жастар қолға алып, білім, біліктілігімен одан әрі жалғастырарына сенімім мол, - дейді ардагер аға өз сөзінде.

Қалам аға әскерден 1946 жылы оралады. Елге келген соң, А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түсіп, 1950 жылы ойдағыдай аяқтайды. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін оқу-ағарту, партиялық жұмыстарда жауапты қызметтер атқарды. 1975 жылы тарих және педагогика факультетінің деканы қызметіне тағайындалды. Аталған қызметті 1985 жылға дейін атқарып, зейнет демалысына шықты. Қалам Сүйіншәлиев – көптеген оқулықтар мен монографиялық еңбектердің авторы.

 

Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. Газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады.

 

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале