31.10.2024, 12:15
Оқылды: 125

Есірткі таратушылар тұтылады, ұйымдастырушылар құтылады

Облыс прокуроры Серік Шалабаевтың төрағалығымен есірткіге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңдылықты, тәртіпті және қылмысты азайтуды қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Үйлестіру кеңесінің жұмысына облыс әкімі Нариман Төреғалиев, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік құрылымдардың басшылары, басқа да мүдделі тұлғалар қатысты.

IMG_0408

Сурет: freepik.com

Жиында есірткі қылмысының алдын алу және оларды тергеу мәселелері талқыланып, есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы күрес жұмыстарына назар аударылды.

Облыс прокурорының орынбасары Азамат Құстановтың мәлімдеуінше, өңірде 200-ден астам  есірткі қылмысы анықталған. Оның 113-і қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Облыста Үкіметпен бекітілген 2023-2025 жылдарға арналған есірткіге қарсы кешенді жоспар жүзеге асырылуда. Осы жылы медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімінде 50 науқас емделсе, оның төртеуі – нашақор.

Облыс прокуроры орынбасарының берген мәліметінше, нашақорларды тіркеу бойынша денсаулық сақтау құрылымдары мен полиция арасында өзара іс-қимыл орнатылмаған. Полиция департаментінің есебінде 615 нашақор тіркелсе,  облыстық психикалық денсаулық орталығында 407 адам тіркелген.

– Биыл штабтың 4 отырысы өткізіліп, онда мемлекеттік құрылым басшыларының атқарып жатқан жұмыстары туралы есептері тыңдалған. Демек, қабылданған шаралар нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы тұрудың тұтас жүйесін құруға ықпал етпейді. Яғни жоғарыдағы мән-жайлар, штабпен кешенді жоспармен қарастырылған іс-шаралары формальды және тиімсіз орындалуын көрсетіп, жұмысты қайта қарастыру қажет екенін куәландырады. Оған дәлел, кешенді жоспардың 46-тармағының орындалу мерзімі 2023 жылда аяқталғанына қарамастан, өңірді дамыту жоспарына нашақорлықпен күресу бойынша бөлек мақсатты іс-шаралар енгізілмеген. Мәселен, жоғары сынып оқушылары мен олардың атааналары арасында заманауи синтетикалық есірткінің проблемалары туралы түсіндіру, білім беру ұйымдарында нашақорлықтың алдын  алу бойынша арнайы мамандар студенттермен және оқушылармен кездесулер өткізуі керек. Жоғары оқу орындары мен мектептерде нашақорлықтың алдын алу бойынша міндетті курстар өткізілген жоқ. Есірткіні қолданудың салдары туралы айтып өз тәжірибелерімен бөлісетін сарапшылар мен бұрынғы нашақорларды тарту қарастырылмаған.

Статистикаға жүгінсек, қылмыстың негізгі бөлігін 21 мен 39 жас аралығындағы адамдар жасайды. Бұл – халықтың ең белсенді және еңбекке қабілетті бөлігі. Қылмыскерлердің 29 пайызы – 40 пен 60 жас аралығындағылар. Қылмыстың 7 пайызын 16 мен 20 жас аралығындағы жастар жасайды, бұл жастардың ерте қылмыстық жауапкершілікке тартылу қаупін көрсетеді. Қылмыс жасағандардың 90 пайызы – жұмыссыздар мен есепте тұрғандар, бұл қылмыстың алдын алуда әлеуметтік инклюзия мен жұмыспен қамтудың маңыздылығын көрсетеді. Облыста жыл сайын жұмыспен қамтуға шамамен 5 миллиард теңге бөлінеді. Жұмыссыздықпен күресу және қылмыстық белсенділіктің төмендеуі үшін айтарлықтай ресурстар бар. Алайда қылмыс жасағандар жұмыспен қамту  бағдарламаларымен қамтылмаған, – деп атап көрсетті Азамат Құстанов.

Сондай-ақ жиында тергеу сапасының төмендігі, қылмыстық қудалау құрылымдары жыл сайын біртекті бұзушылықтарға жол беретіні, Бас прокурордың нұсқауы дұрыс орындалмайтыны да  айтылды. 

– Бұл – ең алдымен, қылмыстық процестік кодекс нормаларының бұзылуына байланысты істердің көп қысқартылуы және ресми есептер негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңсыз басталуы. Биылғы  жылдың өткен кезеңінде 56 қылмыстық іс бойынша қылмыстың құрамы болмауына  байланысты іс тоқтатылып, кінәлі адамдарды жауапкершіліктен босатуға жол берілді. Осындай жағдай есірткі жарнамасы бойынша басталған іс негізінде де орын алған. Барлық 20 іс бойынша кінәлі тұлғалар анықталмауына байланысты тергеу мерзімдері үзілген. Әлі күнге дейін тергеу ескі тәсілдермен жүргізіледі. Есірткі айналымын ұйымдастырушылар емес, оларды таратушылар ғана жауапкершілікке тартылып отыр. Полиция құрылымдарының барлық күш-жігері тек заклад-чиктерге қатысты сотқа дейінгі тергеуді тезірек аяқтауға бағытталған, – деді Азамат Құстанов.

Жиында белгілі болғандай, қазіргі күнде қылмыскерлер ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерін (даркнет, мессенджерлер, крипто-әмияндар және т.б.) белсенді пайдаланады. Есірткі жарнамалары екі есеге артып, интернет платформасында еркін таратылып жүр. Жыл басынан бері екі жүзден астам есірткі жарнамасы анықталып, әлеуметтік желілердегі 74 сілтеме бұғатталған. Интернет-платформалармен дәйекті жұмыстың жоқтығынан интернет-дүкеннің ұйымдастырушылары көлеңкеде қалып қойған. 90% жағдайда «Акелла» және «Макс» Telegram арналарына қатысты қылмыстық іс өндірісінен бөлінумен шектелген, жасырын тергеу әрекеттері жүргізілмейді. Есірткі сатушылар бір қадам алда жүріп, нәтижесінде жаңа жарнамалар пайда  болуда.

Жиында кәмелетке толмағандарды қылмысқа тарту мәселелері де талқыланды.  Облыстық прокуратураның берген мәліметі бойынша Орал қаласында 4, Бөрлі ауда-нында бір жасөспірімнің есірткі таратуға қатысты екені анықталған.         Мысалы, Орал қалалық сотының 5 сәуірдегі үкімімен кәмелетке толмаған тұлға «мефедрон» есірткі затын сатқаны үшін кінәлі деп танылып, 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Орал қаласындағы №3 ЖОББМ-да, кешкі мектеп пен екі колледж және Ақсай қаласындағы №1 мектеп оқушылары арасында осындай оқиға орын алған.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев  өз кезегінде түйткілді мәселенің түйінін бірлесе тарқатуға әзір екенін жеткізді.

– Бүгін өзекті мәселе көтеріліп отыр. Жалпы біз «мынадай шара өткіздік» деген  құрғақ есепті қойып, нақты іске көшуіміз керек. Бұл ісшара өткізу қажет емес деген сөз емес. Бірақ сол іс-шараның нәтижесі болғаны дұрыс. Бүгінгі айтылған сынды да, ұсыныстарыңызды да қабылдаймыз, – деген облыс әкімі кәмелетке толмаған  жасөсіпірімдердің қылмысқа ерте араласқанына алаңдаушылық танытып, білім беру ұйымдарында бірлескен жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін атап өтті.     

Интернеттегі есірткі сайттары құқық қорғау құрылымдары үшін өзекті мәселе болып отыр. «Кибернадзор» ақпараттық жүйесінің заңсыз материалдарды бұғаттау бойынша жұмысы қажетті нәтиже бермеді. Есірткі Telegram мессенджері арқылы сатылуда. Осыған байланысты ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдары аталған арналар мен оларды ұйымдастырушыларды анықтау шараларын қабылдау қажеттігі көпшілік назарына ұсынылды.

Жалпы отырысқа қатысушылар қылмысқа қарсы күресте ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайту туралы шешім қабылдап,  есірткіге тәуелді тұлғаларға бөлек оңалту орталығын құру, шекара посттарына заманауи технология жабдықтарын алу мәселесін шешу және тағы басқа ұсыныстарын айтты. 

Жиын соңында облыс прокуроры Серік Рысқалиұлы қылмыстық ахуалды жақсар-ту үшін түйткілді мәселелерді шешу және оның алдын алу бойынша пәрменді шаралар қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.

Гүлжамал Жолдығали

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале