16.10.2026, 12:45
Оқылды: 6

Ескі көлікті өткізсеңіз, жаңа көлікке жеңілдік беріледі: Шарттары қандай?

Қазақстанда қолданыстан шыққан автокөлігін немесе өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын кәдеге жаратуға тапсырған азаматтар жаңа көлік сатып алуға жеңілдік сертификатын ала алады. Құжатты беру, басқа адамға тапсыру және пайдалану тәртібі бекітілді. BAQ.KZ тілшісі механизмнің қалай жұмыс істейтініне шолу жасады. 

Happy Latin American car salesperson showing cars to a couple shopping at the dealership

Сурет: istockphoto.com

Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрі 2026 жылғы 6 қазанда тиісті бұйрыққа қол қойған болатын. Құжат қолданыстан шыққан көліктер мен өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын кәдеге жаратуға тапсырғанын растайтын құжатты беру тәртібін айқындайды. Сонымен қатар ол Қазақстанда өндірілген көлік құралдарын сатып алуға жеңілдік алу мүмкіндігін қарастырады.

Жаңа қағидалар жеңілдік сертификатын беру, оны басқа адамға өткізу немесе қайта тіркеу, сондай-ақ сатып алу кезінде пайдалану тәртібін белгілейді. Сертификат жеке тұлғаларға да, заңды тұлғаларға да беріледі.

Сертификаттардың жалпы саны мен оларға бөлінетін қаражат көлемі әр күнтізбелік жылға оператордың инвестициялық саясатына сәйкес белгіленеді. Бұл ретте ынталандыру қағидалары ескеріледі. Егер бір жылға белгіленген сертификат саны немесе қаражат көлемі шегіне жетсе, оператор жаңа лимиттер бекітілгенге дейін ескі көліктер мен ауыл шаруашылығы техникасын қабылдауды уақытша тоқтатады.

Жеңілдіктің мөлшері қалай анықталады?

Қазақстанда өндірілген автокөлік немесе өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға берілетін жеңілдіктің нақты мөлшері ынталандыру қағидаларына сәйкес есептеледі. Оның сомасы сертификатта көрсетіледі.

Автокөліктің санаты мен ауыл шаруашылығы техникасының түріне қарай жеңілдіктің мөлшерін өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган жыл сайын айқындайды.

Сертификат иесі оны тапсырған көліктің санатына қарамастан, кез келген санаттағы жаңа көлікке немесе ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдік алу үшін пайдалана алады. Яғни ескі жеңіл автокөлікті тапсырған адам сертификатты басқа санаттағы көлікті сатып алуға да қолдана алады.

Кәдеге жаратуға тапсырылған әр көлік немесе ауыл шаруашылығы техникасы үшін бір ғана сертификат беріледі. Құжатқа оператор автоматты түрде бірегей нөмір тағайындайды. Сонымен қатар сертификатта оның деректері мен иесі туралы ақпаратты оқуға мүмкіндік беретін QR-код болады.

Сертификат қанша уақыт жарамды?

Жеңілдік сертификаты берілген күннен бастап бір жыл бойы жарамды. Оны басқа адамға үш реттен артық беруге болмайды. Сертификатты басқа тұлғаға өткізу оның жарамдылық мерзімін ұзартпайды.

Сертификатты басқа адамға беру немесе қайта тіркеу үшін оның иесі оператордың автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы өтінім жіберуі керек. Одан кейін сертификатты алуға үміткерлерден баға ұсыныстары жиналады. Бұл кезең өтінім берілген күннен бастап үш жұмыс күніне созылады.

Баға ұсынысын Қазақстан азаматтары және Қазақстан аумағында тіркелген заңды тұлғалар бере алады.

Белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін сертификат иесі бір жұмыс күні ішінде оны кімге беретінін шешуі керек. Егер ол осы уақыт ішінде шешім қабылдамаса, өтінім кері қайтарылған болып есептеледі, ал түскен баға ұсыныстарының күші жойылады.

Сертификатты беру кезінде оның иесі мен жаңа иесі оператордың ақпараттық жүйесінде тиісті келісімге электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қояды. Сонымен қатар қажетті құжаттарды ұсынуы керек.

Жеке тұлғалар жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін тапсырады. Заңды тұлғалар үшін мемлекеттік тіркеу немесе қайта тіркеу туралы мәліметтер, өкілдің өкілеттігін растайтын құжаттар және оның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі қажет.

Бірнеше сертификатты біріктіруге бола ма?

Иә. Бір көлік сатып алған кезде ең көбі екі жеңілдік сертификатын біріктіруге болады. Ал бір дана өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін төрт сертификатқа дейін пайдалануға рұқсат етіледі.

Жеңілдік беретін өндірушілердің тізімін оператор қалыптастырып, www.recycle.kz сайтында жариялайды.

Сертификатты пайдалану үшін азамат көлік немесе ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу кезінде өндірушіге жүгінеді. Одан кейін дилер оператордың ақпараттық жүйесінде сатылатын техника туралы мәліметтерді енгізіп, сертификатты қолдануға өтінім жасайды. Өтінімге дилер мен сертификат иесі электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қояды.

Өтінім рәсімделген кезде сертификат бұғатталады. Ал оны пайдалану рәсімі аяқталған соң сертификаттың күші жойылады. Өндіруші ұсынған жеңілдікті қаржыландыру ынталандыру қағидаларына сәйкес жүргізіледі.

Жеке деректер мен ақпараттық жүйеге қолжетімділік

Оператордың автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде тіркелетін пайдаланушылар жеке деректерін жинауға және өңдеуге келісім береді.

Дилерлерге, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлеріне және көлік қабылдау пункттерінің қызметкерлеріне жүйеге кіру құқығын беру үшін тиісті ұйымдар операторға сенімхат пен сенім білдірілген адамның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы ұсынады.

Егер аталған қызметкерлердің деректері өзгерсе, тиісті ұйымдар өзгерістерді растайтын құжаттарды операторға жіберуге міндетті. Ал қызметкер жұмыстан кеткен жағдайда ұйым операторға бұл туралы дереу хабарлауы керек. Мұндай талап ақпараттық жүйеге рұқсатсыз кірудің алдын алу үшін енгізілген.

Оператор сертификаттарға қатысты барлық операцияны электрондық журналда тіркейді. Онда сертификаттың берілуі, басқа адамға өткізілуі немесе қайта тіркелуі, пайдаланылуы, бұғатталуы және күшінің жойылуы туралы мәліметтер, сондай-ақ операцияның күні, уақыты мен оны орындаған пайдаланушы көрсетіледі.

Қайда және қашан жүгінуге болады?

Сертификаттарды беру және пайдалану, сондай-ақ қолданыстан шыққан көліктер мен ауыл шаруашылығы техникасын қабылдау мәселелері бойынша операторға жұмыс күндері, дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 08:00-13:00 және 14:30-17:30 аралығында жүгінуге болады. Сертификатты қайта тіркеу де осы кесте бойынша жүргізіледі. Демалыс және мереке күндері қызмет көрсетілмейді.

Егер азамат оператордың әрекетіне, әрекетсіздігіне немесе қабылдаған шешіміне келіспесе, Қазақстанның Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 13-тарауына сәйкес шағымдануға құқылы.

Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале