20.03.2026, 15:30
Оқылды: 14

Этноәшекей – нәзік нақыш

Қазақы этностильдегі әшекей қазір трендте. Қызыға да қызғана қарайтындардың нөпірі қалың. Әлемге әйгілі брендтердің де этностильге көз тіккені әлеужеліде жарыса жазылуда.  Бұл – қазақ халқы үшін бір саты биік белес.  Қазір талғам бөлек. Шетелдің жылтыраған дүниесінен гөрі заманауи әшекей бұйымдар кең өріс алып келеді.  Соның бірі әрі бірегейі – этностильдегі әшекейлер. Бұрын тек Наурыз мейрамында тағылатын әшекейлер, қазір күнделікті қолданыста. Бұл – еліміз үшін жақсы үрдіс.

83fb513b-094b-43be-866e-9402cb0258b9

Биік талғам мен ерекше дизайн үлгісімен үндескен өнер қыз-келіншектер қауымын таңдай қақтырмай қоймайды.  Әсемдікке жаны құмар нәзік жандардың осал тұсы әшекей бұйым болса керек-ті. Ендеше, бұл мақала көздің жауын алатын, асыл тастардан бағалы бұйым жасайтын Нұргүл Тұрмұханбетованың туындылары жайлы болмақ.

Нұргүл Мұхатқызы 1994 жылы 10 маусымда жарық дүниеге көрінді. Кіндік кескен, өсіп-өнген туған жері – Сырым ауданының Қосарал ауылы. Әшекей таққанды жаны сүйетін жас шебер осы салаға келу үшін біраз ізденді. Инстаграм желісінен қызықтап, ютубтан шағын бейнеүзіктерді тамашалап, қызығушылығы одан сайын арта түседі. Кәсіптің аламанына әшекей шебері ойламаған жерден келді десек те, артық айтпаған болар едік.

17d219a0-3842-4493-bda5-d7061d177e0c

–  Қолөнерге, әшекейге деген талғамым бөлек. Алтын бұйымдарды таққанды аса ұната бермеймін. Себебі көп алтынның дизайн ерекшелігі де, өзектілігі де кей жағдайда ескірген. Ал қолдан жасалған әшекейлер сәнді әрі ерекше.

4d874723-06ce-4e5f-86aa-d08393c450ec

Алғашқыда әшекейге қатысты инстаграм парақшаларын шолып шығатынмын. Сол кезде Оралдағы Айнұр Исмағұлованың жасаған дүниесіне қызығып, өзіме, туыстарыма сыйлық ретінде сатып алдым. Сыйлыққа ұялмай беруге таптырмас дүние дер едім. Кейін ешнәрсе тегіннен тегін болмайтынын түсініп, тым болмаса өзіме жасап үйренейінші, өзім тағайыншы деп ақылы курс іздедім. Өскеменнің Мөлдір атты шеберінен онлайн сабақ сатып алып, бір сағат ішінде әшекейді жасадым. Одан беріректе ізденісім де, көрген-түйгенім де бар. Әшекейге қажет табиғи және маржан тастар, моншақтар, майыстыратын, бір-біріне жалғап, ілетін құралдары туралы біраз ақпарат жинағанмын. Бәрі үйлесіп, «Көз қорқақ, қол батыр» дей келе, алғашқы туындымды іске асырдым. Кейін неге кәсіп қылмасқа деп бел будым. Алғашқыда табиғи тастармен моншақ, сырға жасап, кейін этностильді әшекей жасауға мамандандым. Болашақта өз туындыларымды брендке айналдырғым келеді, – дейді әшекей шебері Нұргүл Тұрмұханбетова.

b3677bf5-1227-4f0b-add2-50a4a85a4bf6

Трендтегі әшекей бұйымды жасау ізденісті талап етеді. Кейіпкеріміздің қолөнер бұйымдары бірінен-бірі асып, қайталанбас үлгісімен ерекшеленеді. Қазақтың ұлттық ою-өрнегі өрнектелген әшекей бұйым кез келген арудың ажарын ашып, сұлулығына сән қосары сөзсіз. Бұл дегеніміз – әуелі көркіне көрік қосады, кейін ұлттық тәрбиені меңзейді.

– Әшекей топтамасына бірнеше атау бердім. Жаз мезгіліне қатысты «Жазғытұры», «Қыр гүлдері», ал көктемге қатысты «Көктем шуағы» атты топтамалар жиынтығы бар. Әзірге осы атаулар ғана, болашақта әрбіріне жеке атау беру ойымда бар.

Әшекей бұйымдарды дайындау мерзімі әртүрлі. Мысалы, сырғаға бір-екі сағат, алқаларға екі жарым сағат, ұзын алқаға (сотуар) тапсырысқа байланысты (адам бойына сәйкес жасалады, мысалы, 90 см, 120 см) бес сағат уақытым кетеді. Олардың құны жасалу уақыты мен материалына қарай бағаланады. Орташа бағасы 5000 теңгеден бастап, 30 000 теңгеге дейінгі аралықта. Әшекейге жоғары сападағы (люкс сапа) ұсақ және әдемілікке сән беретін бөлшектерді (фурнитура) қолданамын. Табиғи тастар, чех хрусталі мен маржан тастарды, жоғары сападағы латунь металды қолданамын. Бұл металл аллергиялық реакция бермейді, ұзақ уақыт суға тигізсеңіз де, қарайып кетпейді. Ал табиғи тастар өте әдемі көрінеді, басқалардан айырмашылығы түсі, түрі ерекше, көбі ұнатады. Тағы бір айта кететін дүние, әрбір тастың өз ерекшелігі бар, тіпті кейбір тастың емдік қасиеті де бар.

5f8a6508-67c0-4709-bc6f-e9cb0ae2257d

Алғаш өзіме жасаған әшекейімді әлеужеліге салған кезде қызығушылық білдіріп, сатып алғысы келгендер көп болды. Айналамдағы әпкелерім, жеңгелерім, құрбыларым қолдап, тапсырыс берді. Хобби ретінде саналған ісім қазір тұрақты табысыма  айналды. Бүгінде шеберлік сыныбын (мастер класс) өткізіп тұрамын. Жақсы көріп жасайтын хоббиім әрі тұрақты кәсібім үлкен қадамдарға жол ашты, – дейді Нұргүл Мұхатқызы.

Әшекейге деген махаббаты ерекше Нұргүл болашақта өз шеберханасын ашуды армандайды. Тілектеспіз.

Гүлфия Қолғанатова,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале