21.06.2022, 15:45
Оқылды: 86

Еуразиялық экономикалық одақ қызметін трансформациялау қажет – ҚР Премьер-Министрі

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Минск қаласында өтіп жатқан Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында сөз сөйледі.

220621161620478e

Сурет дерекөзі: ҚазАқпарат

Шараға Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресей Үкіметтерінің басшылары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әлихан Смайылов өз сөзінде бүгінде әлемдік сауданың елеулі өзгерістерге ұшырап отырғанын атап өтті.

«Шиеленістің күшеюі, пандемия дағдарысы, жаһандық сауда-саттық және логистикалық байланыстардың үзілуі, гиперинфляция біздің елдердегі тауар өндірушілерге де, қызмет көрсетушілерге де кері әсерін тигізді. Ерекшелігі сол, дағдарыс ауыртпалығы шағын, орта және ірі бизнес нысандарының барлығына да түсіп отыр», — деді ҚР Премьер-Министрі.

Қазақстан Үкіметі басшысының пікірінше, қазіргідей қиын-қыстау жағдайда өңірлік бірлестіктер туындаған проблемаларды шешуде жетекші рөл атқарады.

Ол жаңа көлік артерияларын құру және дамыту жолымен Еуропа мен Азияның жүктерін ЕАЭО елдеріне тасымалдау және сол елдердің аумағы арқылы тасымалдау уақытын қысқарту мен жеңілдетудің маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Жаңа жағдай» Еуразиялық экономикалық одақ қызметін трансформациялауды қажет етеді», — деген Әлихан Смайылов бұл бағыттағы басым міндеттерді атап көрсетті.

ҚР Премьер-Министрінің айтуынша, ЕАЭО өңірінің бизнесті дамыту үшін әлеуеті зор, алайда бұған көбінесе келісім-шарттық базаның жетілмегендігімен және елдік протекционизммен байланысты кедергілер бөгет жасап отыр.

«Экономикалық бірлестіктің жетістігі оның барлық мүшелерінің іс-әрекетіне байланысты. Өздеріңіз білетіндей, қандай да бір кедергілер тосқауылдың туындауына себеп болады. Мемлекеттеріміздің экономикасының өсуі мен азаматтардың әл-ауқатын арттырудың маңызды шарты болып табылатын еркін нарықты қамтамасыз етуде күш-жігерді біріктіруіміз қажет», — деді ҚР Үкіметінің басшысы.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале