15.08.2023, 11:00
Оқылды: 72

«Еуразиямен» қоштасқым келмейді»

Санаулы күндерден соң жазғы лагерь маусымы тәмамдалып, жаңа оқу жылы басталмақ.  Оқушылар қалай демалуда? Орал қаласының және өңіріміздің аудан-ауылдарындағы ұл-қыздар бас қосатын шаһардағы «Еуразия» туристік-сауықтыру кешеніндегі лагерьде биыл қанша бала тынықты? Деркөл өзенінің жағалауындағы аталмыш демалыс орнының артықшылығы қандай? Лагерь маусымының жабылу қарсаңындағы жеткіншектердің көңіл күйі қалай? Осы сауалдар төңірегінде лагерьге арнайы барып, тәрбиеленушілермен, мамандармен тілдестік.

01

Жасыл желекті, гүлмен көмкерілген аумақта орналасқан кешеннің көркі, тазалығы көз сүйсінтеді. Саф ауасын айтсаңызшы! Оған балалардың шат-шадыман күлкісін қосыңыз. Бұл көріністер балалық шақты еріксіз еске түсіріп, ерекше сезім сыйлайды. Айта кетсек, Орал қаласындағы «Еуразия» туристік-сауықтыру кешені облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығына қарайды. Лагерьдегі балалар «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры есебінен тегін демалады. Демалыс орны аумағындағы барлық үй-жай қажетті жиһаздармен, құрал-жабдықтармен жабдықталған. Сонымен қатар еңсесі биік 120 орындық асханада лагерь ты­нығушылары бес мезгіл тамақтанады. «Еуразия» кеше­нінде биыл 1400 бала тыны­ғыпты. Яғни жаз бойы 10 күннен ауысымына 200 бүлдір­шіннен қамтылуда. Соңғы же­тінші ауысым тамыздың 25-інде қорытындыланып, лагерь маусымы жабылмақ.

IMG_2321

– «Еуразия» лагеріне облыс аумағындағы оқушылар ғана емес, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе секілді еліміздің батыс аймағының балдырғандары да келіп демалады. «Қазақстан халқына» қорынан биыл өңі­­ріміздегі  895 балаға жолдама үлестірілді. Оны облыстық білім беру басқармасы әр ауданға бөлді. Аудандық білім беру бөлімдері сабақты жақсы оқитын, көпбалалы немесе табыс-кірісі аз отбасылардың балаларын іріктеп, тізімде­рін жіберді. Облыстағы балалар сол тізім бойынша қатысуда. Балалардың жазғы демалысын қызықты өткізу үшін жыл басында арнайы бағдарлама дайындап, тамақпен қамту бойынша мемлекеттік тапсырыстар аясында келісімшарттарға қол қойдық. Бағдарлама аясында бүлдіршіндер Орал қаласындағы музейлерге, «Саят» этно-туристік орталығына, хайуанаттар бағына, скаладромға барады. Сондай-ақ олар суға шомылып, қайықпен серуендейді. Лагерь маусымы басталмай тұрып, біз облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерін шақырып, Деркөл жағажайының балалар суға түсетін аймағын белгілетіп, тексерттік. Яғни олар сүңгуір машинасымен келіп, судың астын тазалап, суға түсуге болатындығы туралы бізге акт жазып береді. Суда жүзуді үйрететін мамандар жыл сайын біліктілігін арттырып жүр. Балалар суға түсіп жүргенде арнайы мамандармен қоса, тәрбиешілер мен дәрігерлер де қастарында бақылап жүреді. Балалардың судағы қа­уіпсіздігін қамтамасыз ету үшін биыл құтқару кеудешелері мен құралмалы шатырлар сатып алдық. Өйткені лагерь тәрбиеленушілері 10 күнде бір рет саяхатқа шығады. Яғни «Самал» лагеріндегі балалар мұнда келсе, «еуразиялықтар» «Самалға» барады. Шаған өзенінің жағасындағы «Самал» туристік лагері де облыстық балалар мен жас­өспірімдер туризмі және экология орталығының құра­мында. Тәрбиеленушілер да­лада отқа тамақ пісіріп, спорт­тық шараларға қатыса­ды, шатырда түнейді. Күн жаңбыр, салқын болса, далаға қон­дыр­маймыз. Мұндағы жасөспі­рімдер «Саят» этно-туристік орталығына барып, атқа мініп үйренуде. Бұл – иппотерапия болып есептеледі.

77

Балалардың тамақтары балғын күйінде ұсынылады. Тағам тасымалдайтын кәсіп­орындардың құжаттарын және тауардың сапаға сәйкестігі туралы санэпид бақылау қызметінің ұсынбаларын, тағамдардың жарамдылық мерзімін күн сайын тексереміз. Кейде біз тетра пакеттегі шырындарға тапсырыс берсек, банкідегі түрін алып келетін сәттер болады. Ондай кезде тауарды қабылдамай, басқа түріне ауыстырып беруін талап етеміз. Ет, сүт өнім­дері мен жеміс-жидектерді де жіті бақылаймыз, – деді облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Ғалым Бекқалиев.

Лагерьдегі тәрбиешілердің айтуынша, балалар алғашқы үш күнде бейімделуден өтеді. Сол кезде олардың кейбірі үйлерін сағынып, жылап, тіпті тамағын ішпей қалатын сәттер болатын көрінеді. Кейін ортаға үйренісе келе, тамақты да таласа ішіп, сырлас достар табады. Ал лагерьмен қоштасарда достары мен тәрбиешілерін қимай, жылап алады екен. Сондай-ақ Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасының мамандары лагерь тәрбиеленушілерін кітап оқуға баулу мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырса, «төтеншеліктер» мен «Қазақстан Республикасы Қызыл жарты ай» қоғамы БҚО филиалының өкілдері адам тілсіз жауға тап болғанда көрсетілетін алғашқы көмек түрлерін үйретеді. Балалардың әр күнін көңілді, мағыналы өткізу үшін мұнда өнер байқаулары, спорттық жарыс­тар, білім додала­ры өтуде. Іс-шараларға белсенді қатысқан бүлдіршіндер алғысхаттармен және сыйлықтармен марапатталуда.

Осы орайда айта кетсек, облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының тәрбиеленушілері соңғы жеті жыл бойы өлкетану, туризм салалары бойынша ұйымдастырылатын республикалық байқаулардың бас жүлдесін иеленіп келеді. Сол себеп­ті биыл қыркүйек айында өтетін «Менің Отаным – Қазақстан» республикалық слеті «Еуразия» турис­тік-сауықтыру кешенінде ұйымдастырылмақ.

«Еуразиядағы» бүлдіршіндердің шат-шадыман күлкісінен және тілдесу барысында лагерьдегі күндерінің мәнді де, көңілді өтіп жатқанын бағамдадық. Олардың қауіпсіздігі де тиісті деңгей­де сақ­талған. Ата-аналар үшін алаңсыз жіберетін кешенге айналған. Лагерь тәрбиешілері мен мамандары балаларға бақытты сәттер сыйлау үшін аянбай еңбек етуде. Балдәурен бала­лығымызды еске түсірген мекеннен біз де қимай қоштастық.

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

Темірлан Үмбетәлиев:

«Еуразия» лагеріндегі алтыншы ауысымның президенті:

– Лагерьге Бөрлі ауданының Кеңтүбек ауылынан келдім. Биыл жалпы орта білім беретін Кеңтүбек мектебінің сегізінші сыныбын тәмамдадым. Сабақ үлгерімім өте жақсы. Лагерьде жаңа достар таптым. Маған мұндағы жасыл желекті табиғат, таза ауа ерекше ұнады. Біз далада шатыр құрып, от жағып, тамақ пісіріп үйрендік. Сондай-ақ спорттық ойындар мен би кештері ұйымдастырылады. Суға жүзіп үйрендік. Мұндағы әр күнім ерекше өтуде. Лагерьге келгеніме қуаныштымын!

Снежанна Куцуруба:

– Теректі ауданының Шаған ауылындағы орта мектептің 9-сыныбына көштім. Лагерьге алғаш келіп тұрмын. Ұнады! Мұнда спорттық ойындарға қатысып, құнарлы тамақтар ішудеміз. Түрлі байқаулар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сыйлықтар табысталуда. Ең бастысы, ұялы телефоннан алшақтап, кітап оқып, шығармашылықпен айналысу үшін мол мүмкіндік жасалған. Мұғалімдеріміз, тәрбиешілеріміз өте сыпайы, балаларға қамқор. Үйімізді сағынып, сәл көңіл күйіміз түсіп кетсе, жанашырлық танытып, мейірімін аямайды. Достарымның қатары көбеюде. Табиғат  аясына шығып, от жақтық және оны дөңгелене айналып отырып, ән шырқадық. Сол көрініс маған ерекше әсер етті. «Еуразия» лагеріндегі әр күнім бақытты сәттерім есебінде жадымда сақталуда.

Нұрзада Сәулебай:

- Атырау қаласындағы №33 мектептің 7-сыныбын бітірдім. Әкем мұнай саласында қызмет ететіндіктен, жұмыс орнында көпбалалы отбасыларға «Еуразия» лагеріне жолдама берген екен. Бұл лагерьге інім екеуміз келдік. Мұндағы апайлар мейірімді. Табиғат аясында серуендеудің өзі адамға керемет көңіл күй сыйлайды. Сырласатын құрбылар таптым. Бір-бірімізбен әзілдесіп, ойнап-күліп жүреміз. Би кештері де әр түрлі сипатта ұйымдастырылады.

Даяр Жақсығали:

–  Атырау облысы Мақат ауданында туып-өстім. Дарынды балаларға арналған облыстық лицей-интернатының 9-сыныбын бітірдім. «Еуразия» лагеріне екінші мәрте келіп тұрмын. Былтыр да осы лагерьде 10 күн демалған едім. Өте қатты ұнады. Әкем Атырау қаласындағы «Қазмұнайгаз» компаниясында қызмет етеді. Жұмыс орнында оларға балалары үшін жыл сайын лагерьге жолдама береді. Соның арқасында, міне, екінші рет сүйікті лагеріме келіп отырмын. Бос уақытымда ән тыңдағанды ұнатамын. Санаулы күндерден соң лагерь маусымы жабылады. Ал мен достарыммен қоштасқым келмейді.

Диана Бисенғалиева:

– Тасқала ауданынан келдім. Аудан орталығындағы «Сәулет» мектеп-лицейінің 8-сыныбын тәмамдадым. Биыл ІQanat High school of Burabay мектебінің грантын ұтып алған едім. Сол себепті маған «Еуразия» лагеріне жолдама берді. Лагерьге бірінші рет қатысып тұрмын. Алғаш келген күні ешкімді танымаған соң сәл жатырқап жүрдім. Кейін таныса келе құрдастарыммен достасып кеттім. Лагерьдің президентін, министрлерін тағайындадық. Лагерьде біз бір-бірімізді сыйлауды, сөзімізді тыңдауды, тазалық сақтауды және кез келген істі жауапкершілікпен атқаруды үйрендік. Алғаш келгенде лагерьдің тәртібі мен құрбыларыммен танысу үшін үш күн телефон ұстатпады. «Телефонсыз не істейміз? Күніміз көңілсіз өтетін шығар?» деп ойладық. Бірақ бір-бірімізбен танысып, араласқан соң уақыт тез өтуде.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале