21.12.2021, 9:20
Оқылды: 62

Федерацияның құрметі

Биылғы жылдың да түбі көрінді. Сол себепті бүгіндері көптеген мекеме-кәсіпорын ағымдағы  жылдың қорытындысын шығаруда. Осындай жиын Тәуелсіздік күні қарсаңында «Ақжайық» футбол клубында да өтті. Аталмыш жиын барысында Батыс Қазақстан облыстық футбол федерациясының төрағасы Ғайса Қапақов «Ақжайық» командасы қаржыландыру жөнінен биыл жоғары топтағы командалар арасында көштің соңы болғанымен, ел біріншілігін сәтті тәмамдағанын атап өтті.

2a2629ce-3a4b-458d-8f56-ef3986567a9f

– Біздің команда ағымдағы жылға қатысты маусымды тоғызыншы орынмен түйіндеді. Қаржы-қаражаттың алдыңғы жылдармен салыстырғанда әжептәуір аздығына қарамастан, команданы тым­тәуір нәтиже көрсетуге жұмылдыра білгені үшін клубтың атқарушы директоры Азамат Шайхыға және барша команда мүшелеріне ризашылығымды білдіріп, жанкүйерлер атынан алғыс айтамын, – деді ол. Сонан соң Ғайса Хамидоллаұлы «Ақжайықтың» Оралдағы ойынына жанкүйерлердің көптеп келуіне мүдделілік танытып және командаға үнемі ақпараттық қолдау көрсеткен Ұлықпан Елеуов, Роман Копняев, Тұрар Кенжеғалиев сынды журналистерге алғыс айтып, сый-сияпат табыстады. Осындай құрмет «Орал өңірі» газетінің өкіліне де көрсетілді. Өз кезегінде БАҚ өкілдері төл командамыздың келесі жылы биылғыдан бетер сәтті өнер көрсетуіне тілектестік білдірді. Шараның ресми бөлімі тәмамдалғасын пікір алмасу сипатындағы емен-жарқын әңгіме-дүкен мерекелік дастарқан басында жалғасты.

Өз  тілшіміз

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале