15.02.2021, 19:33
Оқылды: 47

Фракция отырысы өтті

Бүгін Батыс Қазақстан облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының онлайн отырысы өтті. Оған облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Ғали Есқалиев қатысты.  

фр1

– Құрметті фракция мүшелері мен шақырылғандар, бүгінгі отырыстың күн тәртібінде 3 мәселе қаралады. Біріншісі – «Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облысының 2021-2025 жылдарға арналған «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасының іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары – Жол картасының жобасын талқылау туралы. Екінші мәселе – Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаттарына ұсынылған Жол картасын бақылау және орындау бойынша тапсырмалар беру. Үшіншісі – облыстық мәслихаттағы партия фракциясының 2021 жылға арналған жұмыс жоспары жөнінде болмақ.

фр9

Елбасы, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, партия депутаттары әрбір өңірде, қала мен ауданда барлық сайлауалды міндеттемелердің орындалуына жүйелі бақылауды қамтамасыз етуі тиіс. 2021 жылғы 14 қаңтарда Елбасы партияның 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасын тиімді жүзеге асыру мақсатында Үкімет Мәжілістегі фракциямен бірлесіп, нақты жылдық көрсеткіштерді, жауапты министрлер мен депутаттарды көздейтін Жол картасын әзірлеуді тапсырды. Осындай жұмыс біздің өңірде де жүргізілді.

фр8

Партияның сайлауалды бағдарламасында облыс дамуының 7 басым бағыты айқындалды. Біздің партия өңір тұрғындарының үміттерін қанағаттандыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды. Осыған байланысты партияның облыстық филиалы жергілікті атқарушы органдармен бірге өңірлік, қалалық және аудандардың сайлауалды бағдарламаларын іске асыру бойынша Жол картасы іс-шаралар жоспарын әзірлеп, ол ағымдағы жылғы 5 ақпанда партияның Орталық аппаратында қаралды. Жол картасының іс-шаралар жоспары көрсеткіштерінің саны – 21. Көрсеткіш бойынша 92 іс-шара бекітілген. Кезекті облыстық бюджет жобасын қарау кезінде барлық факторларды ескере отырып, халық алдындағы міндеттемелерді қаржыландыру үшін қажетті түзетулер енгізілетін болады.

фр11

Ендігі ретте барлық филиалдардың Саяси Кеңестерінің бюро отырыстарында бекітілген соң Жол карталары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Жол карталары бойынша әр депутат аталған іс-шаралар жоспарының орындалуы және қадағалауы бойынша жұмыс істейтін болады. Іс-шаралар жоспарының нақты көрсеткіштерінің орындалу барысы бойынша депутат-фракция мүшесі өз фракциясында есеп береді. Осы бағыттағы жұмыстарды атқаруда тиісті атқарушы органдармен тығыз байланыста болуы керек, - деді Ғали Нәжімеденұлы.

фр5

Отырыста облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Тілепберген Каюпов Жол картасының іс-шаралар жоспарына қатысты өзінің баяндамасымен таныстырды.

«Nur Otan» партиясы БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев облыстық мәслихат депутаттарына ұсынылған Жол картасын бақылау және орындау бойынша олардың атқаратын жұмыстарына сәйкес түсінік берді.

Облыс әкімі, партия филиалының төрағасы Ғали Есқалиев отырыс соңында облыстық мәслихаттағы фракция мүшелерінің міндеттеріне байланысты тапсырмалар жүктеді.

Нұрымбек Жапақов,

zhaikpress.kz

Гүлмира Батпақұлова,

облыстық мәслихаттың депутаты,

«Арба» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

– Облыстық мәслихаттағы денсаулық, білім, әлеуметтік салалар бойынша комиссия мүшесімін. Тұрғындардың ішінде көбіне-көп жұмыс орындарын таба алмайтындар бар. Әсіресе, жастар жоғары, арнаулы орта оқу орындарын бітіргеннен кейін жұмысқа кірісе алмай жүреді. Мүмкіндігі шектеулі жандар да мүгедектігін алғаннан соң жұмыс таба алмайды. Білім алайын десе жағдайы, мүмкіндігі жоқ. Сондықтан мүгедектердің көбі мектепті бітіреді де үйінде қалып қояды. Олардың денсаулықтарын жақсарту үшін облыс бойынша оңалту орталығы болмай отыр. Олар тек емханалардың жанында ашылған кабинеттерге қаралумен шектеледі. Бұның өзі бүкіл мүгедектерді қамти алмайды. Сондықтан облыс орталығында үлкен оңалту орталығын салу керек деп ойлаймын. Өйткені аудан, ауылдардан келген тұрғындар да осында жатып, бағдарлама ауқымында қызмет алуы тиіс қой. Олардың өздерінің аудандарында мұндай орталық салуға мүмкіндік жоқ. Жол картасы бойынша мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жақсарту мақсатында қолымнан келгенше  өз үлесімді қосуға атсалысамын.

Азамат Бисенов,

облыстық мәслихат депутаты,

«Уральск Агро РемМаш» АҚ бас директорының орынбасары:

– Мәслихатта бюджет комиссиясының мүшесімін. Өткен праймериз кезінде халықпен кездескенде жастарға қолжетімді үй жетіспейтіндігіне көзім жетті. Сондықтан Орал қаласында жастарға арналған тұрғын үй санын арттыру қажет. Ауылдан қалаға жұмыс істеу үшін келген жастар тұрғын үйге мұқтаж. Сол сияқты қалада тұратын жастар отау құрып, бөлек шыққанда үй сатып ала алмайды, бағасы өте қымбат. Бағаны түсіру үшін тұрғын үйлерді көптеп салу керек. Сонымен қатар облыста полигон салу мәселесі өзекті. Фракцияда осы мәселені көтердік. Облыстың барлық аудандарында да полигон салуды қолға алмаса болмайды. Сондай-ақ облыс бойынша электр жүйесінің 80 пайызының тозығы жеткен. Қаладағы тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру да күн тәртібінен түспейді. Депутаттық өкілеттілігім біткенше, яғни бес жылдың ішінде 70-тен астам ауланы абаттандыру жұмысына атсалысамын. Спорт және балалар ойын алаңын салу мақсатында жұмыс істейтін боламын.

Толығырақ облыстық «Орал өңірі» газетінің

алдағы санынан оқи аласыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале