Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов брифингте аудан әкімдерін сайлау науқанына тәуелсіз бақылаушылар белсенді қатысқанын атап өтті.
– Үш аудан бойынша сайлаушылар тізіміне 28 897 азамат енді. Дауыс беруге 17 033 сайлаушы қатысты. Оның ішінде онлайн сервис арқылы 8, үй-жайлардан тыс жерде 1 809 адам дауыс берді. Кандидаттардың жалпы саны – 9. Сайлау күні дауыс беретін учаскелерге жасы 90-ға таянған қариялар да, бірыңғай ұлттық киім киген келіншектер де, тіпті бірқатар мекеме ұжымы да арнайы келді. Бөкей ордасы, Қаратөбе, Тасқала аудандарында барлығы 63 сайлау учаскесі тіркелді. Осы учаскелерде 452 байқаушы болды. Оның ішінде өзін тәуелсізбіз деп санайтын ұйымдардың өкілдері де қатысты. Бірде-бір байқаушы заңбұзушылық тіркелгені туралы арыз-шағым жолдамады. Еліміздегі алғашқы пилоттық жобаның сәтті жүзеге асуына белсенді атсалысқан барлық азаматқа алғыс айтамын. Сайланған аудан әкімдері халықтың көңілінен шығып, ауыл-аймақты дамыту мақсатында жаңа жобалар қолға алса, осы сайлау оң нәтиже берді деп есептеймін. Алдағы уақытта маңызды саяси додаға қатысам деген үміткерлер сайлауға тыңғылықты дайындалуы тиіс, – деді комиссия төрағасы.
Нұртай Текебаев,
zhaikpress.kz