22.12.2021, 10:10
Оқылды: 261

Ғаламат суреттер Ғұмаров мектебінде

Бейнелеу өнері адамзат тарихымен бірге жасап келеді. Көне дәуірлерден бері жер бетінде болған өркениет пен мәдениеттің іздері адамның осы қабілеті арқылы таңбаланып, бүгінгі күнге дейін жеткен.

6a458ec5-4fb9-4dcd-9c7a-25b3d8f2cee4

Испаниядағы Альтамир, Франциядағы Ласко, Австралиядағы Кимберли үңгірлерінен табылған нақыш өнерінің алғашқы үлгілері, тастағы таңбалардың бәрі де сурет өнерінің ежелде пайда болған ұлы өнер екеніне дәлел. Ғасырлар бойы дамып, күрделеніп келе жатқан осынау өнердің өркендеу жолы бірнеше кезеңдерге бөлінді. Сол кезеңдер мен дәуірлер арасында бұл өнер түрі сан алуан бағыттар мен ағымдар бойынша ілгерілеп, түрлі эксперименттердің нәтижесінде қилы жанрлар пайда болды. Мектептер қалыптасты. Сурет салудың техникалары күрделенді. Қарқыны күшті әлем өркениетінің көшінен қалыс қалмай, қазақ даласының дарынды перзенттері де қылқаламын қолына алды. Өзіндік бояуын іздеді. Ұлт жанын бейнелеумен шектелмей, адамзаттық деңгейге көтерілген суретшілеріміз де аз болған жоқ. Солардың бірі – Сәкен Нәжімеддинұлы Ғұмаров. Ол – өз  заманында есімі ел ішінде аталмай, дарынына сай бағасын ала алмаған, әлі де терең зерттеуді қажет ететін авангард суретші. Шығармашылығы мен жан әлемі жұмбақ пен тылсымға толы сәуегей таланттың туған топырағын талай-талай жас өрендер басып жүргені анық. Және қаламызда балғын суретшілерді даярлайтын арнайы мектептің бары да қуантарлық жағдай.

Сәкен Ғұмаров атындағы суретшілер мектебі Орал қаласындағы Ықсанов көшесінде орналасқан. Мектеп дәлізінің қабырғаларына ілінген оқушылардың жұмыстары бірден көзге түсіп, көңілімізді қуантты. Сурет өнері туралы түсінігі қалыптасқан адам көрмедегі оқушылардың еңбектерінен әлемдік ұлы суретшілердің қолтаңбасын да аңғара алады. Біз бұдан осы мектепте білім алушылардың дарынына қоса интеллектуалдық деңгейлерінің де жоғары екендігін байқадық. Тыныштық орнаған мекеменің әрбір бөлмесінде мольбертке үңілген жас суретшілердің құштарлығы шығармашылық атмосфера орнатып тұр. Бізді қарсылап алып, мектептегі оқу бағдарламасы, шәкірттердің жетістіктері және осы жерде оқу мүмкіндіктері туралы директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Нұргүл Батырова біраз ақпарат айтты.

0cab5d13-1829-4609-ba73-80e74cfb52d5

– Бұл мектептің оқу бағдарламасы үйірмелерге мүлде ұқсамайды. Мұнда оқушыларға ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен арнайы бағдарлама бойынша дәріс беріледі. «Кескіндеме өнері», «Сурет-графика», «Мүсіндеу өнері», «Композиция», «Өнер тарихы», «Графикалық дизайн» пәндеріне қызыға қатысатындар көп. Оқу ұзақтығы 4 курсты қамтиды. Мектепке білім алушылар 5-6 жастан бастап қабылданады. 11 жасқа дейін бастауыш сыныпта оқиды. Кәдімгі орта мектептегідей әр түрлі емтихандардан өтіп, оқуды аяқтаған соң аттестат алады. Қазіргі таңда мектебімізде 800-ге жуық оқушы білім алып жүр. Әр түрлі санаттағы 033 білікті мұғалім сабақ береді. Бүгінгі күнде мектеп түлектерінің саны 2000-ға жақындап қалды. Олардың біразы шетелдегі белді мекемелерде қызмет атқарып жатқанын мақтанышпен айтқым келеді, – деді Нұргүл Ғинаятоллақызы.

ЮНЕСКО құрамына мүше болған мектеп әрбір жас суретшінің дамуына зор мүмкіндік туғызып отыр. Оқуға қабылдау уақыты тамыз айынан бастап, қыркүйек айының 15-іне дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында оқушылар құжаттарын дайындап, емтихан тапсырып үлгеруі тиіс. Атап өтетін тағы бір жайт – мектепте білім алу ақылы. Әр оқушы үшін ай сайынғы баға – 3000 теңге. Әлеуметтік жағдайлары төмен отбасыларға және бір үйден екі немесе одан да көп бала оқитын болған жағдайда жеңілдіктер қарастырылған.

Біз экскурсия барысында «Графикалық дизайн» пәнін оқытуға компью-тердің жеткіліксіз екенін байқадық. Нұргүл Батырова сурет салуға арналған мольберттерді оқушылардың ата-аналары қаржы жинап, сатып алып беретінін және еліміздегі бейнелеу өнері саласына көңіл бөлініп, жас суретшілердің болашағы жарқын, жолы ашық болуы үшін жақсы жағдай жасалуы керек екенін айтты.

Нұртілеу Қадырқұл,

М.Өтемісоватындағы

БҚУ-дың студенті,

«Орал өңірі» газетінің штаттан тыс тілшісі

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале