26.12.2022, 11:45
Оқылды: 75

Ғалымның қос марапаты

Ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Мәлік Шалменов – ұзақ жылдан бері Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде дәріс оқып, жастарды ветеринария саласының қыр-сырына баулып келе жатқан танымал ғалым. Халықаралық ақпараттар академиясының академигі М.Шалменовтың жетекшілігімен күні бүгінге дейін 11 магистр, 1 ғылым кандидаты, 1 PhD докторы және 50 шақты диплом жұмыстары қорғалды.

11d462b1-7446-4edb-ba8e-20d0218dc2f6

Бүгіндері профессор М.Шалменов және бір PhD докторының ғылыми ізденісіне жетекшілік жасауда. Жас ұрпақты жақсылыққа жетелеп, ізгілікке үндейтін қоғамдық жұмыстардан да шет қалмайтын ғалым өзі туып-өскен Қаратөбе ауданындағы Егіндікөл орта мектебінің үздік оқушысына 2012 жылы профессор Мәлік Шалменов атындағы 120 000 теңге шәкіртақы тағайындаған болатын. Уәдесіне берік азамат осы шәкіртақыны он жылдан бері қалтқысыз төлеп келеді. Аталмыш шәкіртақы қай оқушыға берілетіндігін жыл сайын үшбу мектептің педагогикалық кеңесі ата-аналар комитетімен ақылдаса отырып шешеді.

малик шалменов сертификат 001

Академик М.Шалменов жақында қос бірдей марапатқа ие болды. Алдымен Мәлік Шалменұлы «Жаңа Қазақстанның 100 жаңа есімі» республикалық байқауының жеңімпазы деп танылды.

Араға бірер күн салып, Астана қаласынан қоғамдық марапаттар жөніндегі республикалық кеңес еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Мәлік Шалменовты «Еңбек үздігі» құрметті атағымен марапаттағаны жөнінде ақжолтай хабар жетті.

Қос қуанышыңыз құтты болсын, Мәлік аға. Еңбегіңіз еленіп, абыройыңыз асқақтай берсін!

Бақытжан Ғабдуллин

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале