31.12.2021, 9:00
Оқылды: 48

Ғасыр белесінде

Батыс Қазақстан облысында  өсімдіктерді қорғау қызметін  ұйымдастыру 1921 жылдан бастау  алады. Биыл бұл қызметтің құрылғанына жүз жыл толды. Ендеше, тарих қойнауынан сыр шертсек.  

InShot_20211231_011027582

Орынбор қаласындағы Ауыл шаруашылығы халық комиссариатына тікелей бағынатын губерниялық ауыл шаруашылығы басқармасы жанынан «Өсімдіктерді қорғау бюросы» жұмыс істеді. Бюроны энтомолог Ю. Скрипченко ұйымдастырып, оны 1923 жылдың басына дейін басқарды. Бұл мекеменің міндеті жеке шаруашылық жағдайында кіші сарышұнақ пен шегірткеге қарсы күрес жұмысын ұйымдастыру және жүргізу болды. Сол жылы өсімдіктерді қорғау бюросы қайта құрылып, оның қызметтерін Төменгі Еділ бойындағы комиссарлар институты атқарды.Орал губерниясының комиссары губерниялық ауыл шаруашылығы басқармасында резиденциясы бар маман В. Виншу басқарды.

1924 жылдың басына қарай Комиссарлар институтының жойылуына байланысты өсімдіктерді қорғау іс-шаралары Губземотделде шоғырланды. А. Журавлев басқаратын арнайы өсімдіктерді қорғау бөлімі соның құрамына кіріп, 1930 жылдың соңына дейін жұмыс істеді. Орал губерниясының аумағындағы өсімдіктерді қорғау бағытындағы барлық іс-шараларға басшылық етті.

1931 жылы колхоздар мен совхоздардың пайда болуына байланысты өсімдік қорғау қызметі Бүкілодақтық болып қайта құрылды. Ал өсімдіктерді қорғау қауымдастығы

шаруашылық жүргізуші ұйым болып ұйымдастырылды. Ол колхоз-совхоздармен жасалған келісімшарттарға сәйкес тек егістік алқабының бірлігіне сметалық құны бойынша өсімдіктерді қорғау жұмысын жүргізді.

Орал облысында 5 ауданаралық өсімдік қорғау стансасы құрылды. Орал стансасы Бөрлі, Зеленов, Камен, Приуральный, Теректі және Шыңғырлау аудандарына қызмет көрсетті (Кемешев стансасының бастығы, бас агроном А. Журавлев). Чапаев стансасы Джамбейта, Қаратөбе, Чапаев және Тайпақ аудандарын қамтыды (бастығы Ялов, бас агроном Горянин). Казталов стансасы Жаңақала, Казталов және Фурманов аудандарына қызмет етті (бастығы Астахов, бас агроном В. Сұңғиров). Жәнібек стансасы  Жәнібек және Орда аудандары бойынша қызмет көрсетті (басшысы Ашығалиев). Гурьев стансасы  Гурьев облысының барлық аумағын қамтыды. 1934 жылы Өсімдік қорғау бөлімінің жұмысы тоқтады. 1939 жылға дейін Денсаулық сақтау министрлігінің құзырына өтіп, обаға қарсы стансаның жою бөлімі ретінде қызмет етті.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталғаннан кейін аталмыш бөлімнің барлық жеке құрамы, оның ішінде басшылық әскерге шақырылды. Екі жыл ішінде (1941 жылдан 1943 жылға дейін) отрядтың  8 бастығы (Горбунов, Банников, Черных, Ишимов, Ленге, т.б.) ауыстырылып, санаулы ғана мамандар қалды. 1944 жылы өсімдік қорғау отрядының басшысы болып А. Журавлев тағайындалғаннан кейін, отрядтың қызметі жыл сайын жанданып, нығайып отырды.

Біртіндеп жұмыс әдістері жетілдіріліп, көлемі кеңей­ді. 1948 жылы Кеңес Одағының Батыры Николай Чуриков отряд басшысы болып келгеннен бастап елеулі өзгерістер болды. 1954 жылдың соңына қарай Батыс Қазақстан шегірткеге қарсы отрядының жақсы жабдықталған кеңсесі, гаражы, аутокөлік жөндеу шеберханасы, материал қоймалары болды. Мұндай базалар өндіріс орындары орналасқан аудандарда да құрылды.

IMG-20211231-WA0005

1960 жылы өсімдіктерді қорғау бөлімшесі өндірістік учаскелер (блоктар) желісін сақтай отырып, Батыс Қазақстан өсімдіктерді қорғау стансасына айналды. Әрбір өндірістік бөлімше қызмет көрсететін аумақ бір әкімшілік аймақтың шеңберімен анықталды. 1969 жылы шалғай аудандарда және Мәскеу облысында шегірткенің (итальяндық шегіртке) жаппай өршуіне байланысты өсімдіктерді қорғау стансасы Орал шегіртке-сарышұнаққа қарсы экспедициясы болып қайта құрылды.

Н. Чуриков зейнеткерлікке шыққаннан кейін, Орал шегіртке-сарышұнаққа қарсы экспедициясының жетекшісі болып Андрей Клименко тағайындалды. Бас агроном Владимир Чуриков болды. Осы кезде экспедиция ауыл шаруашылығы дақылдарының зиянкестері мен ауруларына қарсы күресте жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін (1957, 1965, 1966, 1967, 1970, 1974 ж.) I, II, III дәрежелі дипломдармен марапатталды.

1979 жылы Орал қаласында ескі ғимарат орнына екі қабатты экспедиция ғимараты салынды. Экспедиция оперативтік және қаржылық жағынан Өсімдіктерді қорғау басқармасына бағынды. Экспедиция құрамында 16 аймақтық өсімдіктерді қорғау стансасы, үш зертхана болды. Ауыл шаруашылығы дақылдарының зиянкестері мен ауруларының пайда болуы мен дамуын диагностикалау және болжау (басшысы  Н. Расшивкина), бақылау-токсикологиялық зертханасы жетекшісі О. Назарова), ауданаралық шегірткеге қарсы отряд (басшысы Ж. Қапезов, аға агроном А. Түсіпқалиев) және Колорадо қоңызына қарсы күрес отряды (басшысы Е. Кочетков) жұмыс істеді. 1980 жылы Орал шегіртке-сарышұнаққа қарсы  экспедициясы халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне (ВДНХ) қатысып, 1-дәрежелі дипломымен және қола медальмен марапатталды.

1986 жылдан 1999 жылға дейін Батыс Қазақстан шегіртке-сарышұнаққа қарсы экспедициясының жетекші­сі Владимир Чуриков, бас агроном Жамбыл Қапезов болды. 1999 жылдың сәуір айында экспедиция Батыс Қазақстан өсімдіктерді қорғау басқармасы болып аталып,  қараша айына дейін жұмыс істеді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 24 қыркүйектегі №1451 қаулысы негізінде 1999 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық басқармасы құрылды. Б. Имашев, Л. Хайретдинов басшылық қызме­тін атқарды. ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 2 наурыздағы №164 қаулысы негізінде ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясы болып қайта құрылды. 2011-2017 жылдар аралығында Ғ. Сахипов басшылық қызмет атқарса, қазіргі таңда инспекцияны Лавр Рашидұлы Хайретдинов басқаруда.

3. Инспеция басшысы Л.Р. Хайретдиновтың қатысуымен ШТАБ отырысы (1)

ҚР Үкіметінің 2002 жылғы 3 шілдедегі №331 «Өсімдік қорғау туралы» заңы шығып, ҚР Үкіметінің 2002 жылғы 10 желтоқсандағы №1295 қаулысымен аса қауіпті зиянды ағзалар тізбесі бекітілді. 2002 жылдың желтоқсанында өсімдік қорғау және өсімдік карантині ажыратылып, мемлекеттік инспекциясы болып 2 бөлім құрылды. Жаңадан құрылған өсімдік қорғау бөлімінің басшысы Ф. Тюлегенев болса,  А. Түсіпқалиев, Н. Расшивкина, Д. Базаровтар бас маман болды. Бөлім негізінен ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің аса қауіпті зиянкестерінің, ауруларының және ауыл шаруашылығы егістігі арам-шөптерінің таралуын уақтылы анықтау, өңдеу жұмыстарына фитосанитариялық қадағалау жүргізеді. Өсімдіктерді қорғау жұмыстарына бақылау жүргізу, табиғи ортаны қорғай отырып, аса қауіпті зиянкестерге, ауруларға және арам­шөптерге қарсы уақтылы өңдеу жұмыстарын жүргізуді  ұйымдастырады.

Бүгінгі  күні өсімдіктерді қорғау бөлімінде төрт мемлекеттік инспектор  жұмыс істейді. Бөлім басшысы Е. Құрмашев, бас мамандар Д. Базаров, Т. Темиралиев және жетекші маман Р. Ешкаева жемісті еңбек етіп келеді. Қала мен аудандық аумақтық инспекцияларда өсімдіктерді қорғау жөніндегі инспектор мамандар бар.

Өткен жылдар ішінде Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіп саласында терең өзгерістер болды. ҚР Үкіметінің 2003 жылғы 15 қаң­тардағы №19 қаулысымен және ҚРАШМ-ның 17 наурыздағы №02 бұйрығымен Батыс Қазақстан облысы бойынша «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдардың  әдістемелік орталығы» ММ  құрылды. Филиал директоры болып өсімдіктерді қорғау қызметінің ардагері Жамбыл Қапезов  тағайындалды. Осы мекеменің бастамасына және қарқынды  дамуына облыстық филиалдың ардагерлері: Х. Дәулетов, Қ. Тулеғалиев, С. Закупов, Ж. Бозжигитов, Т. Утешев, Т. Балапанов, А. Мақсотов, К. Ахмадиев, Е. Кочетков, З. Бараева, М. Шаухаров, Н. Исхожина, Б. Галиева, М. Залиев үлестерін қосты. Бүгінгі күні Алтай Алдабергенов басшылық етіп, қарқынды  жұмыс  атқаруда.

Мемлекеттік мекеме қызметінің мақсаты зиянды және аса қауіпті организмдердің дамуы мен таралуын бақылау және мониторинг жүргізу болып табылады. Сонымен қоса 2010 жылдан бастап мекеме қызметінің мақсатына карантиндік нысандардың таралуы мен фенологиялық дамуына  карантинді зерттеу функциясы  қосылды. Өсімдіктер өнімдерін және тағы басқа заттарды шетелден тасымалдау және басқа елдерге шығару өте тез өркендеді. Осы себептен Қазақстан Республикасына тасымалданатын, елден шығарылатын өнімдерді бақылау қажеттігі туындады. Осы мақсатта ауыл шаруашылығы өнімдерін зиянкестерден, аурулардан және арамшөптерден қорғау үшін 2000 жылы «Фитосанитария» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Батыс Қазақстан облыстық мекемесі құрылып, филиалдың басшысы қызметін М. Адаханов, Ғ. Сахипов атқарды.

Заман зырғып, уақыт сырғып, жылдар жылжып өтіп, биыл өсімдіктерді қорғау қызметінің құрылғанына 100 жыл  толды.

Ерлан  Құрмашев,

ҚР АШМ АӨК МИК БҚО аумақтық  инспекциясының   өсімдіктерді қорғау жөніндегі  мемлекеттік  инспекция бөлімінің  басшысы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале