ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ бірлесіп, Батыс Қазақстан облысының аумағындағы заңсыз қоқыс аумақтарын анықтау мақсатында әуе кеңістігінен мониторинг жүргізген.

Мониторинг барысында облыс бойынша заңсыз төгілген 62 қоқыс орны анықталған. Олардың 20-сы Орал қаласында, 26-сы Бөрлі ауданында, 16-сы Бәйтерек ауданында. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі бұл туралы ақпаратты аталған министрліктің БҚО бойынша экология департаментіне жолдаған. Кейін аталмыш департамент өкілдері заңсыз төгілген қоқыс орындары анықталғаны туралы Орал қаласының әкімдігі мен Бөрлі және Бәйтерек аудандарының әкімдігіне қызметтік хат жолдап, хабардар қылған. Таяуда әкімдік Зашаған кенті аумағындағы үш қоқыс үйіндісін тазалады. Бүгінге дейін 62 үйіндінің тоғызы тасымалданған. Қоқыстарды тазарту жұмыстары мен заңсыз төгілген қоқыс орындарын анықтау шаралары әлі де жалғасуда. Осы орайда БҚО экология департаменті басшысының орынбасары Сырым Тілегенов белгіленбеген орындарға қоқыс төккен азаматтар заң алдында жауапқа тартылатынын айтып, тұрғындарды тазалық шараларын сақтауға шақырды.
– Бүгінде облыс бойынша тазалықты сақтау шараларына қатысты жұмыстар жүргізілуде. Қала тазалығы осы салаға жауап беретін құзырлы құрылымдардың ғана міндеті емес. Бұл – барша азаматқа ортақ іс. Егер тұрғындар қоғамдық орындарда (саябақ, сквер, т. с. с) тұрмыстық қалдықтарды рұқсат етілмеген жерлерге тастаса, онда олар жауапқа тартылады. Атап айтсақ, заң талабына бағынбаған азаматтарға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-2 бабы бойынша іс қозғалып, 10 АЕК көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Егер бұл қисынсыз әрекеттері қайталанса, айыппұл мөлшері артады. Сондай-ақ ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бар. Яғни қалалар мен елді мекендердің аумақтарында абаттандыру ережелерін бұзу, жасыл желектерді бүлдіру секілді құқықбұзушылықтар айыппұл арқалатады. Қалаға деген қамқорлық, табиғатқа жанашырлық әрбір тұрғынның бойында болуы тиіс! – деді Сырым Тілегенов.
Жаңа полигон жұмысын бастайды
Қала аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) полигоны 1975 жылы салынған. Оның жалпы ауданы 35 мың гектарды құрайды. Пайдалану мерзімі 25 жыл болса да, жарты ғасыр бойы қала қоқысын қабылдап келеді. Оның себебі, 2000 жылы полигон әлі де қоқыс қабылдауға қабілетті деп танылып, оның мерзімі тағы бір ширек ғасырға созылды. Орал қаласының әкімдігі мен «ICM Recycling» ЖШС арасындағы 2017 жылғы 15 қыркүйектегі шартқа сәйкес аталған серіктестікке полигон он жыл мерзімге сенімгерлікке берілді. Қазір қала тұрғындары күніне шамамен 700-1000 шаршы метр тұтынған тұрмыстық қалдықтарды қоқыс жәшіктеріне лақтырады. Қаладағы қоқыс мәселесін шешу үшін жауапты сала басшылары қандай жобаларды қолға алмақ? Жұмысын тоқтататын ескі қоқыс полигоны кейін табиғатқа залал келтірмей ме? Осы сауалдарымызды Орал қаласы әкімдігінің баспасөз қызметкері Данияр Оспанға жолдадық. Қала әкімдігінің баспасөз қызметкері бұл сұрақтарымызды Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және аутомобиль жолдары бөлімінің мамандарына ұсынды. Аталмыш бөлімнен мынадай жауап келді.

– «Уралводпроект» ЖШС-ның деректері бойынша полигонда жиналған қалдықтар көлемі 1,8 миллион текше метрге жеткен. Осыған байланысты «ҚТҚ көму үшін полигонды рекультивациялау» нысаны бойынша жобалық-сметалық құжат әзірленді. Өткен жылдың жартыжылдығында бұл құжаттар арнайы сараптаманың нәтижесінде мақұлданды. Ескі қоқыс полигонын жабу үшін 12 миллиард теңге қаржы қажет. Жабылатын нысанның жобасын арнайы мамандар дайындады. Олар түрлі жайттарды баса назарға алып, жан-жақты қамтыды. Жабылатын ескі қоқыс орны алдағы уақытта өңір экологиясына ешқандай зиян
әкелмеуі тиіс. Мұнда қалған қоқыстар қайта тексеруден өтіп, кәдеге жарайтындары сұрыптауға жөнелтіледі, – деп хабарлайды ТКШ, ЖК және АЖ бөлімі.
Жаңа қоқыс полигоны Бәйтерек ауданына қарасты Белес ауылдық округінің маңында ашылады. Ол үшін арнайы жеті шақырымға жуық жер учаскесі берілген. Бұл – ескі қоқыс полигонынан екі есе үлкен аумақ. «Poligram» ЖШС мердігері құрылыс жұмыстарын атқару үшін ЖСҚ әзірлеуде. Құрылыстың жалпы сомасы 101,8 миллион теңгені құрайды. Жоба бойынша жаңа полигон аумағында сұрыптау кешені қарастырылған.
Материалдарды дайындаған Нұрым Қайырболатұлы,
«Орал өңірі