Германияның Денсаулық сақтау министрі Йенс Спан күз және қыс мезгілінде елдегі эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тағы 5 миллион тұрғынға вакцина салдырту қажет деп санайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Неміс БАҚ мәліметінше, Германияда COVID-19 вирусына қарсы вакциналау қарқыны баяулады. Осыған байланысты, Германияның Денсаулық сақтау министрі Й.Спан әлеуметтік желілер арқылы ел тұрғындарына екпе салдыртуға үндеу жолдаған.
Германия азаматтарының 65,7% вакцинаның бір компонентін салдыртқан, екпенің екі дозасын тұрғындардың 61,2% (50,9 млн) алды, деп мәлімдеді денсаулық сақтау органының басшысы.
«Бұл – жақсы көрсеткіш, бірақ күз және қыста қауіпсіздікті сақтау үшін бізге тағы қосымша 5 млн екпе салу қажет», - деді Й.Спан.
Өткен аптада ГФП Ауруларды қадағалау жөніндегі агенттік тәулігіне коронавирусқа шалдығудың 10 835 оқиғасы туралы хабарлады, бұдан бір апта бұрын бұл көрсеткіш 10 303 оқиғаны көрсеткен.
Осылайша, Германияда коронавирус көрсеткіші соңғы апталарда өсіп, 100 мың адамға шаққанда 80,7 оқиғаға жетіп отыр. Бұл ретте министр Й.Спан қазіргі кезде қарқынды терапия бөлімдерінде ем алып жатқан пациенттердің 90% қауіпті вирусқа қарсы екпе салдыртпағанын атап өтті.
Сондай-ақ Й.Спан неміс баспасөзіне берген сұхбатында коронавирусқа қарсы вакциналар мақұлданғанын, олардың қауіпсіз әрі тиімді екенін қайталап өтті.
«Вакцина қорғайды, ол мыңдаған адамның өмірін сақтап қалған», - деді неміс министрі.
inform.kz