Орал қаласы тұрғындарының есептік кездесуінде облыс әкімі Ғали Есқалиев қаланың даму көрсеткішін саралады. Қала басшысына есептік кездесуде бірқатар тапсырма берді.
– Қайырлы күн, қала тұрғындары! Өткен жылы ауыр індеттің таралғанына қарамастан, өңірімізде көптеген ауқымды жоба іске асты. Оған мемлекеттік бағдарламалардың орындалуының нәтижесінде қол жеткіздік. Облыс жұртшылығының жартысы орталыққа шоғырланған. Жастардың қырық пайызы қалада тұрады.
Бөлшек сауданың 78 пайызы, өңдеу өнеркәсібінің 65 пайызы, құрылыс жұмысының 30 пайызы, инвестиция көлемінің 23 пайызы Орал қаласына тиесілі. Оралдың даму көрсеткіші – тұтас аймақ дамуының айнасы. Қаланың даму динамикасына куә болып отырмыз. Оралға тиесілі оң көрсеткіштер – тынымсыз еңбек нәтижесі. Былтыр инвестиция көлемі 14 пайыз, құрылыс жұмысы 59 пайыз, баспана беру көлемі 6 пайызға өскен. Индикатор бойынша салықтық түсімдер көрсеткіші орындалды. Қала бюджеті 59 миллиардтан 72 миллиард теңгеге артты. Бюджетке 25 миллиардтан 39 миллиардқа дейін кіріс кірді. Республикалық және облыстық бюджет аударымдары 5 миллиард теңгеге ұлғайды. Мұның барлығы облыс орталығын дамытуға бағытталды.
Орал қаласында тұрғындар алаңсыз еңбек етіп, бақуатты ғұмыр кешуі керек екенін айтып жүрміз. Бұл үшін қаламыз тұрмысқа жайлы әрі қауіпсіз болуы тиіс. Осы мақсатта инвестиция қаржысын көбірек тартуымыз керек. Былтыр қаланы дамытуға тартылған инвестиция көлемі 107 миллиард теңге қаржыны құрады. Қала әлеуеті бұдан да жоғары. Алдымен, шағын және орта бизнесті дамытуға, өндіріс орындарын ашуға басымдық беру керек.
Абат Абайұлы, былтыр берген тапсырмама сәйкес, шағын индустриалды аймақтарды көптеп ашуды қолға алыңыз. Егер өндіріс нысандары болса, жалға алу құнының 50 пайызын өтеп беруге болады.
Бүгін қала тұрғындарының бірі бизнес үшін арнайы орынды жалға алу жөнінде сұрады. Тұрғындар үйлері маңында жер учаскелерінде бизнес иелерінің бірінен соң бірі құрылыстарды жүргізіп жатқанын айтып шағымданады. Кей нысандар тұрғын үйлер қасында тығыз орналасып жатады. Облыс орталығынан жер учаскесін беру тәртібін реттеуіміз керек. Тіпті жер рәсімдеу үшін жалған құжат жасағандар туралы да ақпарат тарады. Кейбір жер телімдерінде рұқсатсыз көп қабатты үй салып, пәтер сату да белең алуда. Осыған байланысты бірінші орынбасарым Мұхтар Манкеевке заңсыз құрылыстар мен сәулеттік жобаларды болдырмау үшін жер қатынастары саласын цифрландыруды тапсырамын. Жалған құжаттар кесірінен тұрғындар зардап шегіп жүрмеуі тиіс.
Тағы бір күрделі мәселе, былтыр 52 апатты үйдің жетеуі бұзылу керек болса, шын мәнінде, екі үй ғана сүріліп тасталды. Бұл қарқын көңіл көншітпейді. Бұл бағыттағы барлық кедергіні жойып, кезекте тұрған 60 апатты үй тұрғындарын көшіруіміз керек. 2022 жылы ПИК-тер қызметі тоқтайды. Қала бойынша алты мүлік иелері бірлестігі мен бір ғана жай серіктестік бар. Әлі 106 ПИК-ті тарату немесе қайта құру керек. Басқа облыс орталықтарына қарағанда, осы реформаға байланысты жұмысты ширатып, тұрғындармен бірлесе отырып, жыл соңына дейін осы мәселенің шешімін табуымыз қажет, - деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.
Нұртай Текебай,
zhaikpress.kz