Жылдар жылжып өтіп, уақыт деген керуен көші алға қарай жылжыған сайын аты да, істеген ісі де ел жадында ұмытылмай сақталып, даралығы, тұлғалығы, ерекшелігі алыстаған асқар таудай биіктей түсетін адамдар болады. Сондай даралардың бірі – ұйымдастырушылық және басқарушылық қабілетімен, адамгершілік қасиетімен ел алғысына бөленген қоғам қайраткері Рахметолла Хамитұлы Сүйербаев. Ағамыздың өмірден озғанына бес жыл өтіпті. Бүгін қарапайым мінезімен, игі істерімен есте қалған ел перзентінің өмірі мен өнегелі қызметін, адамдық ұстанымдарын саралап еске алуды жөн көрдік.

Оның өмірбаянына көз жүгіртсек: ұстаздар әулетінен шығып, жоғары педагогикалық білім алып, еңбек жолын мектепте ұстаздық етуден бастап, мансап баспалдақтарынан сатылап өтіп, биіктерді бағындырған тұлғаны көреміз. Өзін ұдайы дамытып, білімін жетілдіру мақсатында Свердловск қаласындағы жоғары партия мектебінде, СОКП Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясында оқиды. Кандидаттық диссертация қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты атанады. Осындай терең білімді, тәжірибесі мол, білікті, талапшыл басшымен жұмыстас болу – әріптестеріне бұйырған өмір сыйы, ал жас кадрлар үшін іскерлік қабілетінің шыңдалу мектебі болғаны сөзсіз.
Өткенді ой елегінен өткізіп отырсам, маған да, сол әріптестерім сияқты, көшбасшы мен басшының қасиеттерін ұштастыра білген талантты басшыдан тәлім алып, шәкірті атану бұйырыпты. Бұл Казталов ауданында қызмет істеп жүрген жылдарым еді.
Ауыл өмірі қалалықтарға, бір қарағанда, тыныш, бір сарынды көрінетін шығар. Алайда, шындығына келсек, таң атқаннан күн байығанша бітпейтін тынымсыз еңбек ауылда еді ғой. Ауыл еңбеккерлерінің өмірі қаһарлы қыс қиыншылығымен басталып мал төлдету, көктемгі егіс, шөп шабу, егін жинау, келер қысқа әзірлік науқандары болып үздіксіз жалғасып жататын. Бесжылдық жоспарлар, жоғарыдан әлсін-әлсін түсетін тапсырмалар, әйтеуір шеті мен шегі жоқ, саябыр таппайтын қайнаған «еңбек қазаны» дерсің.
Осы бағытпен кезекті социалистік жарыстың «көрігін қыздырып» жатқан шақта 1984 жылы Казталов аудандық партия ұйымының бірінші хатшысы лауазымына Рахметолла Хамитұлы сайланып, аудан тізгінін ұстады. Ол кезде халық депутаттары аудандық кеңесінің төрағасы Даниялов Сатқан ағамыз болатын, ал менің әлеуметтік мәселелер жөніндегі төраға орынбасары қызметіне кіріскен кезім. Ауданның басшылық құрамындағы қызметкерлердің ең жасы да, тәжірибесі азы да мен едім.
Аудан басшыларының ауысуы елдегі «қайта құру» деген дүрбелеңнің басталуымен тұспа-тұс келді. Осыған байланысты қоғамдық қатынастарда туындаған өзгерістердің басқару ісіне де жаңа міндеттер жүктегені белгілі. Әр лауазым иесінің ұйымдастырушылық қабілетімен қоса өзіндік ұстанымы, жұмыс стилі, басқару әдістері мен тәсілдері болады. Кез келген саладағы жұмысқа серпін беретін де немесе тұралататын да жеке адамның бойындағы осы қасиеттер. Сол кезде алғырлығы мен іскерлігі, адамгершілігі мен парасаттылығы ұштасқан басшы тізгінін ұстаған Казталов ауданының айы оңынан туды десе болғандай.
Жаңа басшы келген кезде ауданның экономикалық әлеуеті өзге аудандармен деңгейлес болғанымен, әлеуметтік жағдайы тұрғындар талабынан әлдеқайда төмен еді. Тұрғын үймен, ауыз сумен қамту істері, әлеуметтік-мәдени сала обьектілерінің материалдық-техникалық әлеуеті жақсартуды талап етті. Ауыл шаруашылығы, құрылыс, жол қатынасы салаларында да шешімін күтіп қордаланған мәселелер жетіп артылатын. Осы өтпелі кезеңде Рахметолла Хамитұлы ауданға «қарбалас жұмыс» алып келгендей болды. Бөлімдер мен салалық құрылымдардың жұмыстары жанданып, тіпті олардың облыстағы басшыларының аудан деңгейіндегі жұмыс барысына көзқарастары өзгергенін байқадық. Әсіресе, маған оның келуімен мекеме, ұйым, шаруашылық басшыларының белсенділігі, еңбек қарқыны арта түскендей көрінді. Рахметолла Хамитұлы аудан жұртшылығымен ұдайы байланыста болуға аса мән берді, өзі алыс ауылдарды жиі аралайтын және ауданның басшы құрамын да осыған үйретті. Бірнеше күндеп, тіпті апталап шаруашылықтарда жүретінбіз. Халықтың талап-тілектерінен туындаған ауқымды мәселелерді ішкі ресурстарды жұмылдыру арқылы, қажетіне қарай өзіне тән ыждағаттылықпен облыс, республика көлемінде көтеріп шешімін тауып жататын.
Кез келген жетістіктің қозғаушы күші – адам. Ауданға алғаш аяқ басқаннан-ақ оның көңіл бөлген басты мәселесі еңбек адамдарының хал-ахуалы, тұрмыс-тіршілігі болды. Әрбір көрсеткіштің артында халықтың еңбегі мен маңдай тері барын жақсы түсінген аудан басшысы далалық жұмыстардағы механизаторлар мен диқандардың жатын орындарының заман талабына сай болуына, малшы-шопандардың тұрмыс мәдениетін көтеруге, олардың балалары оқып-тәрбиеленетін мектептер жанындағы интернаттардың жағдайын жақсарту ісіне жергілікті басшылардың назарын аударды. Тұрғындардың тұрмыстық, рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін аутодүкендер мен үгіт бригадаларының алыс елді мекендерді аралауы реттеліп, шаруашылықтарда жылжымалы моншалар іске қосылды. Сондай-ақ сол кезде ауыл тұрғындарының азық-түлікпен қамтылуына мән беріліп арнайы жер бөлініп, көкөніс, бау-бақша өсіруге бетбұрыс басталғаны есімде. Сексенінші жылдары елімізде жас ұрпаққа кәсіптік бағдар беру ісі басым сипатқа ие болып, колхоз, совхоздар жанынан оқушылардың өндірістік бригадалары құрылғаны белгілі. Хатшының ұсынысымен олардың жұмысы да өңірде кенжелеп қалған картоп, көкөніс өсіруге бағытталды.
Қарапайым еңбек адамдарының жетістіктерін дәріптеу, тәжірибе алмасу шаралары түрлі сипатта жиі өткізілетін. Өндірісте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетіліп, олардың қоғамдық істерге араласуына мүмкіндіктер жасалды. Еңбек озаттары жоғары мемлекеттік наградаларға көптеп ұсынылып марапатталып жатты. Алыс ауылдағы шопан Ш.Қалиевтің көкөніс өсіру мен мал өнімдерін өндіру тәжірибесінің республика көлемінде насихатталуы, оның Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері атануы бірінші басшының еңбек адамына қамқорлығының көрінісі еді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Аудандық деңгейдегі жиындарда ағамыз: «Ең алдымен малшы, диқандардың жағдайын ойлаңдар.
Егер олар болмаса хатшының да, директордың да қажеті жоқ. Мен сендерден соны талап етемін!» – деп үнемі айтатын.
Аудандағы балалар мекемелері мен медицина, мәдениет орындарының материалдық-техникалық базасын нығайту ол назарда ұстаған өзекті мәселелер қатарынан болды. Бұл іспен тікелей айналысатын ауаткомның алдына келелі міндеттер қойды және оның орындалуын өзі қадағалап отырды. Күн тәртібінде маңызды мәселелер қаралған ауатком мәжілістеріне жиі қатынасып, ұсыныстар айтып, тапсырмалар беретін. Сол жылдары ауданда үлгі жобадағы мектептер, мәдениет үйлері, балабақшалар мен аудан орталығында облыста тұңғыш Пионерлер үйінің, базар кешенінің салынғаны белгілі. Аудан орталығын ауыз сумен қамтуда 19,2 км су құбыры тартылды. Тұрғын үй мәселесін шешуге мекеме-кәсіпорындар мен ұйымдар жұмылдырылып, өз ресурстары есебінен құрылыс жүргізді. Жергілікті халық «ПМК» деп атап кеткен шағын аудан сол кезде пайда болды. Тұралап қалған саладағы өзгерістер халықтың бірінші басшыға деген сенімі мен қолдауын арттырды.
Аудан экономикасының не-гізгі саласы ауыл шаруашылығына озық технологияларды, шаруашылық жүргізудің жаңа әдістерін енгізу, шаруашылық есепке негізделген экономикалық қарым-қатынасты қалыптастыру осы кезеңнен бастау алды. Алғашқы фермерлік шаруашылық та біздің ауданда құрылды. Аудандағы идеологиялық, мәдени-көпшілік жұмыстар да оның қолдауы мен қамқорлығынан тыс қалған жоқ. «Кешкі әуен» вокалды аспаптар ансамблі, халық театры мен халық аспаптары оркестрі, «Көңіл ашар» үгіт бригадасы мен «Жадыра» ойын-сауық отауы, «Қарлығаш» би ансамблі халықтың асыға күтетін өнер коллективтеріне айналды. Кейін облыс, республикаға танымал болған актер Тельман Имашев, ақын, әнші Қатимолла Бердіғалиев, биші Слана Имашева т. б. өнерпаздар осы өнер ұжымдарында қалыптасты.
Бірінші басшы ретінде айналасындағыларға уақытты бағалаудың, жинақылықтың, лауазымдық тәртіптің үлгісін көрсетті. Ол кезде ауданда өтетін ресми жиын-жиналыстардың, тіпті мәдени көпшілік шаралардың бірінші басшыны күтіп, мерзімінен кешігіп басталғаны есімде қалмапты. Бұл басшының өзін, өз орнын, халқын сыйлаудың қарапайым көрінісі деп ұғатынмын.
Ол жетекші мамандардан тәртіп пен жауапкершілікті қатаң талап ететін, сонымен қатар оның тарапынан қолдау мен қамқорлықты да сезетінбіз. Қарауындағы қызметкерлерді не жасының үлкендігімен, не лауазымының үстемдігімен жасқамай, тең ұстайтын мәдениетті адам еді. Жұмыс бабымен шақырғанда кабинетіне именіп кіретінбіз, сын мен ұрыс та еститінбіз, дегенмен шаруаны шешуге ақыл-кеңесін тыңдап жігерленіп, өзіңе сенімді күйде шығатынбыз.
Рахаңмен әр кезде жұмыстас болғандар оның жан-жақты сауатты, адамдармен қарым-қатынаста талапшыл, бірақ адамгершілік этика шеңберінен аттап өтпейтін әдепті болғанын, қажет жерінде көңілді сергітетін жеңіл әзілдер айтып, төңірегін жадыратып жіберетінін еске алады.
Мына бір оқиға есіме түсіп отыр. Қыс, ертеңгілік кезең, мекемелерді аралап жүрген хатшы мен ауатком төрағасы мектепке келе қалғаны. Ол кезде көгілдір отын жоқ, үлкен мектептерді көмірмен жылыту оңайға соқпайтын. Мектеп директорлары мектеп ішінен гөрі жылыту қазандықтарын қадағалап, күн, түн демей сол жақта көбірек жүретін. Бұл жолы да ұйқысыз шаршап жүрген директор алдымыздан шықты. Хатшы бастаған «делегацияның» алдына түсіп алып кабинеттерді аралатуға кірісті. Бірақ есіктер әлі ашылмаған, құлыптаулы тұр. Содан директор екінші қабаттағы баспалдақтан төмен қарап: «Әй, Рахметолла, кабинеттерді ашпайсың ба?» – деп айқайламасы бар ма. Шаруашылық басшысы Рахаңмен аттас еді. Бір түрлі ыңғайсызданып қалдық, тым-тырыс тыныштық орнады. Ол да жетті кілттерін шылдырлатып, ентігіп. Сол сәтте хатшымыз: «Кім болсаң да, атың жақсы екен, мықты екен, аш есігіңді», – деп жарқырай әзілдеп, бәрімізді ыңғайсыз сәт пен үнсіздіктен оп-оңай алып шыққаны бар.
Жалпы айтқанда, ол басқарған төрт жыл ауданның экономикалық-әлеуметтік, мәдени жағдайына үлкен өзгерістер әкелді. Аудан әр сала бойынша бірнеше рет социалистік жарыстың жеңімпазы атанды. Әрине, бұл табыстар бірінші басшының аудан дамуындағы осал тұстарды дұрыс зерделеп, проблемалық мәселелерді шешуде ұтыды шараларды жүзеге асырғанының, талап қойғыштығы мен принциптілігінің нәтижесі еді.
Еңбек әділ бағасын алды, Рахметолла Хамитұлы облыс атынан Бүкілодақтық он тоғызыншы партия конференциясына делегат болып қатысты, екі мәрте Қазақстан КП Орталық Комитетіне мүше болып сайланды.
Жерлестері ауданның дамуына қосқан адал еңбегін жоғары бағалап, Казталов ауданының құрметті азаматы атағын берді. Осы салтанатты сәтте ол: «Менің жеткен биігім, халқым, сендердің арқаларың. Мен сендерге басымды иемін», – деп жерлестеріне ризашылық сезімін білдірген еді. Көптің көңілін тауып, қоғамға қажет қызмет атқару кез келген басшылық лауазымдағы адамдар үшін әрі сенім, әрі сын екені белгілі.
Белгілі журналист Темір Құсайын Рахметолла Хамитұлын пассионар тұлғаға балағаны қалың оқырманның есінде шығар. Шынында да, олар қашанда некен-саяқ, ат төбеліндей аз болады. Бірақ жоғарыда айтылған қасиет-сапаларына, ой-санасына байланысты қоғамның қозғаушы күші рөлін атқарады.
Рахметолла Хамитұлы ел тәуелсіздігінің алғашқы өтпелі кезеңінде ҚР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Парламентаризмнің бастапқы кезеңінде еліміздің мемлекеттік
тәуелсіздігінің тұрақтанып, мемлекеттік басқару жүйесінің қалыптасуына белсене араласты.
Ақсақал шағында да жоғары зияткерліктің, тәрбие мен тәлімнің, ізгі істердің биігінен көрінді, бүгінгі элитаның көшбасшысы бола білді. Қазақстанның болашағына сенді, өмірінің соңына дейін қоғамдық істердің бел ортасында жүрді.
Ағайдың жан жары Мария Темірғалиқызымен де жұмыстас болдым. Ол зиялы жандарға тән мәдениеттілігімен, адамдармен қарым-қатынастағы қарапайымдылығымен ерекшеленіп тұратын. Мен апайдан азаматына сыйластығы мол, жұбайының абыройын жоғары қоятын жары ғана емес, оны үнемі қолдап жүретін ақылды серіктесті көретінмін. «Кез келген жоғары жетістікке жеткен ер адамның соңында ақылды әйел тұрады» деген пікір осындай отбасылардың өмірінен алынса керек.
Өмір өтпелі, ағын су сияқты толқынды толқын алмастырады. Бүгін басшы, ұстаз, әріптес болған ағамыздың өнегелі өмірін өткен шақпен еске алып отырмыз. Осы естелікті академик Рысбеков Тұяқбай ағамыздың мынадай ұлағатты сөздерімен қорытындылағанды жөн көрдім: «Күшті ерік-жігер үлкен жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді. Қоғамға өзінің болашағына сенетін адамдар, өз қызметкерлеріне сенетін басшылар қажет. Қоғамға мақсаты айқын, болашақты алдын ала болжай білетін дарынды адамдар керек. Біздің Рахаң, Рахметолла Сүйербаев осындай тұлға, осындай азамат еді».
Гүлзада Ізімова,
еңбек ардагері,
Казталов ауданы