Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы №1060 қаулысымен «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қолға алынғаны мәлім.
Фотосурет: gorodtaraz.kz
Соның шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант беру қағидалары бекітіліп, өтінімдерді іріктеу жөнінде өңірлерде үйлестіруші комиссиялар құрылған-ды. Облыс прокуратурасы жергілікті атқарушы құрылымдардың қатысымен бизнес субъектілеріне бөлінген осынау демеуқаржы мен несиелердің игерілуіне және осы тұрғыдағы заңдылықтардың сақталу барысына арнайы тексеру жүргізді.
Айта кетелік, мемлекеттік грант алуға арналған конкурсқа қатысу үшін аталмыш бағдарлама шеңберінде оқудан өткені туралы сертификаттың болуы міндетті. Адамнан қулық артылған ба?! Тексеру кезінде А. есімді азаматтың өзге адамның атына берілген сертификатты пайдаланып, конкурсқа заңсыз қатысқаны және жеңімпаз деп танылғаны анықталды. Осылайша ол 4 000 000 теңгенің мемлекеттік грантын «ұтып алған» болып шықты. Осы факті бойынша облыс прокуратурасымен ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, қазір іс БҚО бойынша ЭТД-ға тапсырылды. Күдікті өз кінәсін мойындап, келтірілген шығын толық өндірілді. Әрі бұл қылмыстық іс мәні бойынша қаралу үшін Орал қалалық сотына жіберілді.
Әсел Берқалиева,
облыстық прокуратураның ресми өкілі