Пайыздық мөлшері төмен несие, қайтарымсыз грант, бизнес-курстар — осының бәрі ауылда кәсіп бастап, тұрмысын жақсартуға ұмтылатын азаматтарға үлкен көмек. Кәсіпкерлікке ынталы жандарға мемлекет тарапынан берілетін гранттың қайырын көргендер Ақжайық ауданында да бар. Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығынан алған мәліметке сүйенсек, өткен жылы 62 жерлесіміз 68 млн 700 мың теңге көлемінде грант қаржысын алып, бизнесін бастаған.
Биологтың массаж кабинеті
Тайпақ ауылының тұрғыны Әсел Рахымберлиеваның негізгі мамандығы – биолог. Денсаулығына байланысты жұмыстан қол үзген әрі жұбайы да жұмыссыз оған қайтарымсыз қаражат кәсібін бастауға көмектесті. Ол – үй шаруасымен отырған 5 баланың анасы. Тайпаққа аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары келіп, ұлттық жоба бойынша қайтарымсыз грантқа өтініш бере алатынын білгенде, төбесі көкке жетіп қуанды. Уақытын босқа жіберіп алмай, жобаның талаптарына сай кәсіпкерліктің негіздерін арнайы курста оқып, болашақ кәсібінің бизнес-жоспарын жасап, шақырған уақытта комиссия талқысына ұсынды. Көпбалалы ананың бастаған ісін шыр айналдырып кететініне комиссия күмәнданбады.
– Мамандығым биолог болған соң, жоғары білім алғанда адам анатомиясын толық оқыдым. Массаж кабинетін ашу керек деп шешкенім де сондықтан. Ниетіме қарай талабыма нұр жауып, арман болған гранттың қаражаты қолыма тиген соң, бірден кәсібімді жүргізуге қажет құрал-жабдық сатып алдым. Атап айтсам, биоэнергомассажер, «Topre-lax», қолқаның қабынуын емдейтін «Moxi», көз, мұрын ауруларына «Novu-Eye» аппараттарын сатып алдым, – дейді келіншек.
Кәсібін бастауға жайлы орынды жалға алды. Қазір ауылдастарына массаждың сан түрін жасайды. Қуантарлығы, массажистің қолынан шипа тапқан жерлестері бір-біріне Әселдің шеберлігін әп-сәтте жарнамалап тастапты. Тұрғындар алдын ала кезекке тұрып жазылады. Ата-аналары суық тиіп қалған балаларын ертіп келсе, ауыл үлкендері де құрысқан-тұрысқанын жазып берген қолы дәру маманға ризашылығын білдіріп жатады.
– Қазір адам көп қозғалмайды, қимыл аз. Жұмыста ала таңнан кешке дейін компьютерге таңылып отырады. Көпшілігі кеште қолы сәл босай қалса, телефонға үңіледі. Содан, остеохондроз, сколиоз, бел омыртқаларының радикулиті пайда болады. Мұның бәрінен бір массаж алып, құлан-таза айығып кете алмайды, әрине. Десе де кешенді ем аясында уқалау ауру белгілерін жеңілдетіп, жағдайын жақсартуға болады, – дейді Әсел.
Әйелдердің болсыншы бәрі әдемі
Соңғы кезде косметология саласындағы қызметтер ақ жаулықтылардың сұранысына ие бола бастады. Заман жақсарып, мүмкіндіктер де молайған соң, әр әйел өзінің бет-келбетін шырайландырып, жас болып көрінгісі келетіні аян. Чапаевтық қыз-келіншектердің әдемі болсақ деген ұмтылыс-тілектерінің орындалуына өз ісінің шебері Оралсын Құмарова көмектесіп жүр.
Өзі де сұлулыққа құмар, талғамы жоғары жас мемлекеттен бөлінген грант қаражатын қайда жұмсайтынын ешкіммен кеңеспей-ақ өзі шешті. Бизнестің түр-түрін елеп-екшеп, бәсекенің аз тұсын бағамдады.
– Нәзік жандарға әдемілік, сымбаттылық жарасады. Әйелдерді адамзаттың әдемі өкілі деп бекерден-бекер айтпаса керек. Сондықтан көп ойланбай, грантты осы салаға бағыттап, косметология кабинетін аштым, – деді жас косметолог.
Оралсын арманы шындыққа айналуы үшін Атырау қаласындағы білікті мамандардан дәріс алып, солардың орталығында 3 ай бойы тәжірибе жинады. Толассыз клиенттердің көңілінен шыққан ол кабинетін жалға алған пәтерден ашып, жұмысын өткен жылы бастап та кетті. Мұнда ол бет терісінің күтіміне қатысты процедуралар, шығыс медицинасы бойынша хиджама жасайды.
– Адамның терісін жақсартуға бағытталған процедуралар болған соң, құралдардың бәрі стерильді болуы керек. Өзім осыған аса мән беремін. Сонда қабылдауыңа келген клиент сенің қызметіңе риза болып, құрбы-құрдастарына, тамыр-таныстарына айта жүреді. Жұмысқа кіріскеніме, әрине, көп бола қойған жоқ, бірақ осы уақыт аралығында бірде-бір адам шағым айтып көрген жоқ, қайта екі-үш күннен кейін хабарласып, алғысын білдіріп жатады. Кез келген маман үшін ең бастысы – осы, – деді кәсіпкер.
Оралсын кабинетіне арнайы косметологиялық аппарат алып, орнатып қойған. Соның көмегімен ол бет терісін жасарту, безеуден тазарту, пигментацияны (қара дақ) азайту, ультрадыбыстық терапия процедураларын жасайды. Арнайы сәулемен бет терісіне әсер ететін led-маска да осы аппаратпен бірге келген.
Атамекендегі жаңа кафе
Шағын ғана Атамекен ауылында жаңа кафенің ашылуына мұрындық болған – осы ауылдың тұрғыны Ұлболсын Естайқызы. Грант алғанға дейін ауылдастарының тапсырысымен тәтті нан өнімдерін пісіріп, нәпақа тауып отырды. Жас ананы қайсарлық, алған бағытынан таймайтын табандылық ерекшелейтінін шағын ғана уақытта атқарып үлгерген ісінен анық байқауға болады.
– Грант – әлдекім тегін қолыңа ұстата салатын майшелпек емес. Алдымен, мемлекеттің қолдауына лайық екеніңді дәлелдеуің керек. Артынан гранттың бір тиынын да далаға жұмсамай, бизнес-жоспарында көрсетілген құрал-жабдықты сатып алып, бизнесіңді бастауың керек. Оның да есеп-қисабын сауатты жүргізе білуің шарт. Кондитерлік істе 5 жылдық тәжірибем болған соң, кәсібімді одан әрі жетілдіруді мақсат етіп, грант қаражатына цех ашуды көздедім, – дейді грант иегері.
«Қалауын тапса, қар жанар» деген. Талапты жас ауладағы сарайын жөндеп, құрал-саймандарын сатып алды. Бастапқыда тек цех ашамын деп ойлаған ол ауыл жастарының сұранысымен шағын кафе етіп жасақтап, осыдан он күн бұрын жаңа нысанның лентасын қиды. Енді мұнда кондитерлік өнімдер цехымен қатар, 20 кісі тамақтана алады.
Бүгінде Ұлболсын қасына Әдемі Айтжанова есімді ауылдас құрбысын да жұмысқа алып, екеуі бірге атамекендіктерге қызмет көрсетуде.
Әлия СЕРІКҚЫЗЫ,
Ақжайық ауданы